16 Қаңтар, 11:32 619 0 Руханият Túrkistan Gazeti

ОҚЫҒАН АЗАМАТ

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі, ХХ ғасырдың бастапқы жылдары үміт гүлі бүр жарған бір мамыражай кезең еді. Алаш қозғалысы рухани-әлеуметтік, қоғамдық-саяси өмірге сәуле шашқан, әр тараптағы қазақтың басын қосқан, әр кеудедегі жеке ел болсақ деген арманды бір мүддеге тоғыстырған жылдар. Прогреске ілгері қадам басқан ояну дәуірінде өмір сүрген қазақтың бір жақсысы Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Бұл есім жұртқа беймәлім, аты-жөні көпшілік ортаға, әлеуметке бейтаныс.

Бірақ бұл азаматтың өзі көпке таныс болмаса да, тұяғы, асылдың сынығы бола білген біртуар ұлы – Қайым. Бүгінгі оқырманға есімі етене таныс, атақты профессор, түрмелі сүргінді көрген, КарЛаг азабын тартқан, Абай хәкімді зерттегені үшін сотталған, Мұхтардай данаға шәкірт болғаны үшін тақсірет арқалаған Қайым Мұхамедханұлы еді.

Қайымның әкесі Мұхамедхан өз заманының талабына сай оқыған азамат, көзі ашық зиялы, дала білгірі болыпты. Дүниенің тетігін тауып, мал өсіріп, дәу­лет жиған Мұхамедхан байлығын, қар­жысын ұлт жолына бағыштап, Алаш қоз­ғалысының дамуына материалдық қол­дау көрсеткен меценат, жомарт. Сталиндік қуғын-сүргін, жеке басқа табыну аласапыраны келгенде бұл азамат та сол зымиян саясаттың сойылын жеп, ақырында 1937 жылдың 2 желтоқ­са­нында ату жазасына кесілген. Бар жа­зығы сол – Алаш ұранды топтың қол­дау­шысы болғаны және ислам дінін насихаттап, уағыздағаны.

Мұхамедхан Сейітқұлұлы 1870 жылы туған. Әлихан, Барлыбек, Ахмет, Жақып, Ай­дархан сынды арыс­тармен бірге жа­саған, идеялас, мұраттас арыс. Әдебиетке, өнер­ге бала жасынан құмар болған Мұ­хамедхан қазақтың көптеген ауыз әде­биеті үлгілерін жинаған, тарихи-әдеби мұ­раларды хатқа түсірген, ескі жәді­герлерді сақтап, келешекке жеткізген. Ақеділ азаматтың дәулетті де, бай-қуат­ты шағы туралы ұлы Қайым естелік ре­тін­де жазып қалдырған. Естелік жазбаға қара­ғанда, әкесі орыс, татар, араб тілдерін жақсы меңгерген, сол тілдерде басылып шыққан әдеби кітаптарды еркін оқып, оны аударып, айналасындағы жақындарына мазмұнын айтып отыратын кісі болған екен. Кең сарайдай үйі­нің бір бөлмесі үлкен кітапхана болып­ты. Қазыналы әкенің кітапханасында ХІХ, ХХ ғасырдағы кітаптар, журналдар, басылымдар сөре-сөре болып тізіліпті. Бұл үйге заманында хәкім Абай да, оның ұлдары Әбіш пен Мағауия, Ақылбай мен Тұрағұл да қонақ болып келген екен. Тарихи дерекке сүйенсек, бұл үй – Семей шаһарындағы ең көрнекті әрі бай, зәу­лім, көзтартар үй болған. 1915-1920 жыл­дары бұл үй Алаш арыстарының бей­ресми штаб-пәтеріне айналған кездесу үйі болған. Ой-хой, игі жақсылардың ізі қалған бұл үйде кім болмады десеңіз­ші?! Бала Қайым Алаштың айбоз арыс­тарының әңгімелерін тізелерінде отырып тыңдап, құймақұлақ болып өскен-ді. Абай әлеміне деген сүйіспеншілік осы өз үйіндегі игі жақсылардың әңгімелерінен басталған-ды. Мұхтар Әуезов ең алдымен ұстазы ғана емес, әкесінің жақын ара­лас­қан досы болған. Ғұлама Мұхтар бала Қайым­ды шәкірт деп емес, туған баласы, бір құрсақтан шыққан інісіндей көріп, жақын тартқан. Қайым 1921 жылдан бас­тап, дұрысы бала күнінен советтік идеологияның қасіретін тартқан, заманы оны шынықтырып, Алаш мұраты оны үнемі алға жылжытқан. Мұхамедханның тұңғыш баласы Абай шығармаларына текстологиялық талдау жасаған тұңғыш текстолог еді.

Сейітқұлдың Мұхамедханы тек ата­ның ғана емес, адамның баласы бола білген кең азамат болыпты. Семейде ал­ғаш рет бостандық жаршысы болып ба­сылып, оқырманға жол тартқан «Са­рыарқа» газетінің құрылтайшысы ретінде тарих жылнамасына есімі жазылған атым­тай жомарт болатын. 1918 жылы Жүсіп­бек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов «Абай» журналын ашқан да, сол басылымға қаржылай көмек көрсеткен де осы – Мұхамедхан. Бір анығы, Мұха­медхан Сейітқұл – мәдениет жанашыры, руханият қолдаушысы және  өз зама­нындағы игі істерге мұрындық болған тарихи тұлға.

Алаштың нар тұлғасы Совет үкіметі орнаған шақтан бастап жайлы өмір сүр­меген деуге болады. 1921 жылы бірінші рет «алашшыл» ретінде тергеуге алынды. Сосын 1928 жылы дәулетті бай ретінде мал-мүлкінен тегіс тәркіленді. 1932 жы­лы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеден-түрмеге ауыстырылған. Артында қалған жары, бала-шағасы да советтік биліктің зорлық-зомбылығын көрудей-ақ көрген.

Биыл ер Мұхамедханның туғанына 150 жыл. 1937 жылғы 2-желтоқсанның тү­нінде атылған ердің ажал құшқан жері, оны кімнің атқаны, қандай себеппен атылғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйде. Мұхамедхан туралы айтылмаған сөз көп. Тарихи тұлға өз зерттеушісін күтіп-ақ тұр. Біз тұлға алдындағы парызымыз деп білгенімізді ортаға салдық. Енді  өзге де тарихшы, алаштанушыларды осы Мұхамедхан Сейітқұлұлы туралы жазуға, насихаттауға шақырамыз. Мұха­медхан туралы жазбасақ, айтпасақ, ер­теңгі ұрпақ Қайымдай қайраткер ұлдың қандай ортада өскенін, кімнің ұрпағы екенін бағамдай алар ма екен?..

Елдос НҮСІПҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар