22 Қараша, 10:36 321 0 Аймақ Анар ЛЕПЕСОВА

«Болашақ» түлегі басқаратын аудан

Әдетте халықтың әл-ауқатының  артуы көп ретте аймақ басшысына да  байланысты. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген халық  тәмсілі бекер емес. Осы орайда, облыстың аудандарында іскерлігімен көзге түсіп жүрген басшылар аз емес. Мысалы, Ақтөбе облысында Мәртөк атты аудан бар. Тарихты білмеген адамға оның аты да қызықты болып көрінер. Өлкетанушылар бұл атаудың тарихын ерте заманнан бастайды. Мортық – бұл шөптің аты. Аудан осы қасиетті өсімдіктің атымен аталған деседі. Десек те, пікірлер әртүрлі, бірақ әңгіме әкімде.

Мәртөк ауданы Ақтөбенің солтүстік бөлігінде орналасқан. Аудан Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі. Сондай-ақ Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізі де аудан территориясы арқылы өтеді. Ауданда бүгінгі таңда 30-ға жуық диаспора өкілдері тұрады, бұл аумақтағы тұрғындардың саны 29 901 екенін айта кеткен жөн.

Әрине, бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте жақсы. Соңғы 9 айдың көрсеткішіне назар аударар болсақ, барлық сала бойынша жоспар орындалған. Өндіріс өсіп, шағын және орта кәсіп дамып келеді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еңбек өнімділігін арттырып, жаңадан жұмыс орындарын ашуды тапсырғаны белгілі. Осы орайда, ауданда жақсы, жағымды көрсеткіштер бар. Аудан тұрғындарының орташа айлық жалақы-сы – 116 097 теңге. Бір ғана мысал, соңғы 9 айда жаңадан 754 жұмыс орны ашылған.

Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға барлық шара қарастырылуда. 2019 жылдың

1 қазанына дейінгі жағдайды саралайтын болсақ, 6 172 мүшесі бар 1 328 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы кеңес берілді. Оның ішінде 880 отбасы атаулы көмекті алуға өтініш жазды. 603 отбасына 255, 7 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. 277 отбасының табысы белгіленген тиісті мөлшерден жоғары болғандықтан, олардың өтініші кері қайтарылды. Бүгінгі таңда аудан көлемінде жұмыссыздардың саны азайып келеді.

Мәртөк ауданы – табиғаты көркем, ауыл шаруашылығын дамытуға бар жағдай жасалған өңір. Жері құнарлы, мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы аймақ. Сондықтан да кәсіпкерлердің көбі ауыл шаруашылығы саласында өнімді жұмыс істеп келеді. Мал шаруашылығы да дамуда. Барлық салада алға жылжу бар.

Осыдан 5-6 ай бұрын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданына басшы етіп Ермек Кенжеханұлын тағайындағаны белгілі. Бекер емес. Іскер басшы осыған дейін республикалық бірқатар қаржылық өндірістік компанияларды басқарды. Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі басқармасының бастығы, Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы болды. Оның үстіне Ермек Кенжеханұлы «Болашақ» бағдарламасымен Рединг университетін (Ұлыбритания) ауыл шаруашылығындағы бизнесті басқару мамандығы бойынша, «Аджу» (Корея) университетін әкімшілік іскерлік мамандығы бойынша тамамдаған. Ең үлкені әрі негізгісі – халықтың сеніміне ие болу. Ермек Кенжеханұлы соңғы 6 айда іскерлігін де көрсетті. Аудан қарыштап алға дамып келеді. Өйткені мемлекеттік бағдарламалар толыққанды орындалып жатыр. Мысалы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 75 жоба іске қосылды. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген бағдарлама бойынша 17 жоба қаралу үстінде. Қазіргі таңда оның екеуі мақұлданды, үшеуі қаралуда, ал қалғандары дайындалу үстінде.

Мәртөк ауданы Ақтөбе облысындағы ең аграрлы ауданның бірі екенін айта кеткен жөн. Президент тапсырмасына орай, қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан құнарлы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында бақша және дәнді дақылдар егіледі. Картоп, қызанақ, қияр, сәбізден бастап, баклажанға дейін өсіріледі. Сонымен қатар 13 шаруа қожалығы қауын, қарбыз егуге дағдыланған. Қазіргі таңда аудан көлемінде Елек және басқа да су қоймаларының маңайында 600 гектар пайдаланылмаған жер бар. Алдағы уақытта аталған жерлерге бақша өнімдері егілетін болады.

Сондай-ақ Мәртөк ауданында 35 плотина бар. Осы маңайдағы суландыру алқабын молайтып, балық шаруашылығын дамытуға болады. 35 плотинаның қазіргі уақытта тоғызы пайдалануға берілді. Ауданда замана көшінен кейін қалмай ауыл шаруашылығын цифрландыру жаңаша қарқын алды десе де болады.

Мәртөк ауданы тек қана ауыл шаруашылығының арқасында күн көріп отыр десек, қателескен болар едік. Аймақта қазіргі таңда 11 өндіріс орны жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізуде.

Президент әсіресе аймақтарда шағын және орта бизнестің дамуына көп көңіл бөліп отыр. Аудан әкімі Ермек Кенжеханұлын осы саланың дамуына өзі де айрықша көңіл бөлуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жаңа жобалар дүниеге келіп, тиімді жұмыс істеуде. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 75 адам арнайы курста оқытылып, олар тиісті сертификат иеленді. Олардың ішінде 10 адам 32,4 миллион теңге шағын несие алды. Қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 36 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

– Біздің басты мақсатымыз – халыққа жағдай жасау, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік беру, олардың көкірек көзін ашу. Мемлекетке масыл болып, сеніп отыра беруге болмайды. Өз кәсібі мен бизнесі бар адам ғана береке-бақытқа кенеледі. Кәсібін дөңгелеткен адамның тіршілігі түзеледі. Аудан тұрғындары мұны терең түсініп отыр. Бизнесті несиелеу бағыты бойынша біздің Мәртөк ауданы аймақта көш басын бермей тұр. Аудан тұрғындарының бизнес саласындағы белсенділігі артып келеді, – дейді аудан әкімі.

Мәртөк ауданының инвесторларға және инвестиция салуға қолайлы аймақ екенін айттық. Ауданда мал азығын өндіретін зауыт құрылысы басталды. Жобаның құны – 2,5 миллиард теңге. Жоба үстіміздегі жылдың аяғына қарай іске қосылмақ. Дайын өнімдер Ақтөбе, Қазақстан аумағына ғана емес, шетелдерге, атап айтқанда, Еуропа құрлығы, Иран мен Сауд Арабиясы нарығына шығарылмақ.

Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, таяу арада жол бойында сервистік қызметті дамыту көзделіп отыр. Өйткені аудан Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің өн бойында орналасқан. Сондықтан бұл салаға назар аудармаса болмайды.

Сондай-ақ аудан аумағы жер қойнауындағы пайдалы қазбаға бай. Игерілмеген кендердің көзі де баршылық. Ал оған тиімді инвестор іздеу де басты назарда тұр.

Тағы бір инвестиция тартылатын сала – баламалы энергия көздері. Жел қондырғылары арқылы ауданда қуат көздерін өндіруге мол мүмкіндік бар. Оның үстіне қазіргі уақытта мемлекет «жасыл экономиканы» дамытуға көп көңіл бөлуде.

Инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Жобалардың жол картасы» бағдарламасы ашылған. Мұның тиімділігі неде? Жалпы аумағы 96 гектар жерде өндірістік база орналасқан. Мұнда әртүрлі өнім өндіретін және тұрғындарға қызмет көрсететін 8 кәсіпорын жұмыс істейді.

Мәртөк ауданының тұрғындары ауызсумен толыққанды қамтамасыз етілген десе де болады. Қазіргі уақытта аудан халқы орталықтандырылған сумен 94,4 пайызға қамтамасыз етілген. Ал тұрғындардың 77,1 пайызы көгілдір отынды тұтынып отыр. Құрылыс салынып жатыр, жол жөнделуде.

Әкімнің қабылдауына халық та көп келеді. Биылдың өзінде аудан әкімі әртүрлі мәселелермен келген 150 адамды қабылдады. Аудан әкімшілігінің қызметкерлері Facebook, Instagram, Telegram, ВКонтакте, Одноклассники.ру әлеуметтік желісінде тіркелген. Аудан әкімінің өзі Facebook әлеуметтік желісінде тұрғындардың сауалдарына тұрақты жауап беріп отырады.

 

 

Мира Берікболова,

Ақтөбе облысы

 

 

Соңғы жаңалықтар