Жиын-терін қызған шақ

Жиын-терін қызған шақ

Жиын-терін қызған шақ
ашық дереккөзі
Күз мезгілі – жиын-теріннің қызатын шағы. Ауылша­руа­шы­лығы саласын дамытуға қолайлы өңір – Түркістан облысындағы жұрт дәнді-дақыл, жеміс-жидек, мақта теріміне кірісіп кетті. Әр аудан өнім көлемі бойынша жақсы жетістігімен қуантуда. Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев Келес ауданындағы әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұ­мы­сын аралап көрді. Әуелі өңір басшысы Біртілек ауылдық округінде орналасқан «Абзал» және «Береке» шаруа қожа­лық­тарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мұндағы ди­қан­дар көкөніс өнімдері, картоп, қырыққабат, пияз егу­мен айналысады. Шаруалар ал­дыңғы қатарлы технологияны қолдана отырып, бір жылда екі-үш рет өнім алу әдісін мең­герген. Биылдың өзінде аталған тә­жірибе аясында 29 жоба жүзеге асқан. Нәти­же­сінде, ауданның аграрлық әлеуеті көте­рі­луде. Сондай-ақ, жұмыс сапары  Абай ауы­лында жалғасқан облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүр­гізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көр­ді. Республикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылған ауқымды құрылыс жоба­сы­ның аясында 23 көшені толық жөндеу көз­дел­ген. Өмірзақ Естайұлы жолдарды жөнге келтіру жұмыстарының талапқа сай, сапалы жүргізілуін қадағалауды тап­сырды. Сапар барысында облыс басшысы Абай ауылы аумағынан өтетін «Араншы – 1» су арнасын техникалық тазалаудан өткізу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Жеті шақырымға созылған су арнасы бітеліп, ағысы баяулаған. Жылдар бойы жергілікті халықты әбігерге салып келген мәселе шешімін тапқанына ел риза. Көктем-күз айларында су тас­қыны қаупі төнсе, нағыз керек кезінде шаруалар судан тапшылық көретін. Соның салдарынан 380 гектар суармалы жерге су жетпей, игерусіз қалды. Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, суармалы жүйелер іске қосылған соң Қошқарата ауылдық округіндегі егістік жерлердің аумағын 450 гектарға ұлғайту көзделген. Облыс әкімі республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жоспарға сәйкес жоба қазан айының соңына дейін аяқ­талуы тиіс. Сол сияқты биыл мақтааралдық ша­руалар 38 мың гектардан аса жерге мақта ши­тін сепкен.  Ең бірінші болып Ж.Нұр­лыбаев ауылдық округіне қарасты «Нұр­жан» шаруа қожалығы өнімін жинауды бастады. 5,8 гектар жерге «Мақтаарал 47/27» мақта сортын еккен қожалық 27 центнерден өнім алуда. Мақта теріміне жергілікті ауыл тұрғындары қатысып, келісіне 30 теңгеден еңбекақылары берілуде. Биыл мақтааралдық шаруалар 38 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен. Ал былтыр ақ ұлпадан 96 мың тонна өнім жиналған еді. Ауа райы мен зиянкестерге байланысты орташа өнім­ділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Ал, биыл бұл межеден асамыз деген жос­парын «Қазіргі таңда мақта алқаптарында жа­пырақтарды қурату жұмыстары бас­талып кетті. Аудан бойынша 7842 гектар ғана мақталық алқап дефолиацияланған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан ша­руаларға түсіндіру жұмыстарын ба­рын­ша жүргізудеміз. Күні кеше ғана аудан әкімі Бақыт Асановтың баста­ма­сымен дәл осы мәселе бойынша семинар-кеңес өт­кіздік», – деді ауданның ауыл шаруа­шы­лы­ғы бөлімінің басшысы Өсер Мыр­зам­данов. Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабыл­дай­тын 69 бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақ­та­арал ауданына да ат басын бұрды.  «Отан Ана» шаруа қожалығының дала жұмыс­тарымен танысудың барысында  мақта­аралдық шаруалардың 3 рет өнім алуды жоспарлап отырғаны айтылды. Мұндағы диқандар жоңышқа, дәндік жүгері, қарбыз және басқа да көкөністер түрлерін егумен айналысады. Аталған шаруа қожалығы Достық ауылында орналасқан. 73,9 гектар егіс салады. Ша­руалар соңғы жылдары кеңінен қолда­ны­латын тамшылатып суару әдісінің тиім­ді­лігін көруде. Соның арқасында табыс көлемінің де артып отырғанын айтады. Алдағы уақытта диқандар жылына 3 рет өнім жинауды жоспарлауда. «Табыстың ұлғайғаны жақсы. Бірақ, көлемін арттырып алғанға дейін сақ­тайтын жерді де ойластырған жөн. Қойма санын көбейту керек», – деді Өмір­зақ Ес­тайұлы шаруа қожалық­та­рының иелеріне. Биылғы жылдың тамыз айындағы көр­сет­кіш бойынша жалпы Мақтаарал ау­данында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 8028 млн теңгені құраған. Облыс басшысы Мақтаарал ауданын да­мыту мақсатында қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Ауданды көріктендіру мен абаттандыру жұмыс­та­ры да басты назарда. Мырзакент кен­тіндегі Орталық саябақта, Даңқ гүлза­рын­да қайта жаңғырту жұмыстары қызу жү­ріп жатыр. Мәдениет үйі күрделі жөн­деу­ден өтуде. Өмірзақ Естайұлы құрылыс жұмыстары барысында канали­за­ция мен газ құбырын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан кейін өңір басшысы шитті мақ­таны тасымалдауға арналған «2ПТСХ-10-45» модельді трактор тіркемесінің өн­ді­рісінде болды. Өндіріс орны автотұрақ, әкімшілік ғимараты, таразы және қойма, техникалық қызмет көрсету орталығы мен қосалқы бөлшектер қоймасымен жабдықталған.