12 Қыркүйек, 12:14 451 0 Аймақ "Түркістан" газетінің авторлары

Қаратас петроглифтері

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры»  атты тарихи-танымдық мақаласында  түп тамырымызға, ұлттық тарихымызға терең бойлай отырып, оның күрмеулі тұстарын кеңінен тарқатып берді. Ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрі мен өмір сүру кезеңін, мәдени-рухани жауһарларын, табиғатын әсерлі баяндай отырып, Ұлы даланың бүгінгі заңды мұрагеріҚазақ елін айдай әлемге тағы бір мәрте паш етті.

Табиғатында біздің ата-баба­ла­ры­мыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға тұрмыста пайдаланған жануарлар мен аң бейнелерін көркем етіп са­лып қалдырып отырған. Елімізде «аң стилі» өнерінің ежелден дамығанын Ота­нымыздың түкпір-түкпірінен табы­лып жатқан жартастарға салынған бейнелер айқындап отыр.

Жалпы күнделікті өмірде күйбең тір­шілікпен көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсі­ресе, ауылда тұрып, айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін аза­мат­тар қатары бүгінде баршылық. Жам­был облысы, Жуалы ауданындағы Қа­ра­тас ауылына барған сапарымда осыны бай­қа­дық. Ауыл тұрғындарына елеусіз кө­рін­ген кейбір дүние, бізге бағалы, құнды дүние болып көрінді.

Онда біз Жамбыл облысының энци­кло­педиясына енген Теріс петроглифтерін іздеп жолға шыққан болатынбыз. Қасы­мызда журналист-жазушы Мақұлбек Рыс­даулет бар. Бізді осында бастап келген де сол кісі болатын.

Күні бұрын Күреңбел ауылдық окру­гі­нің әкімі Мырзағали Жадыраевпен хабарласып, бізге жол көрсететін жігітті тауып беруді сұраған едік. Жолда Қаратас негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері Думан Қонақбаев пен Нариман Қуанышев көлігімізге отырды. Сөйтіп олар ауыл тарихымен таныстыра бастады.

Қасиетті Қаратас

Жолда ауылдың неге Қаратас атал­­ға­нын сұрадық. Жолбасшы­ла­рымыз Қа­ра­тас­тың өз құпиясы барын айтты. Алдымен соны көрейік деп жолдан сәл ауытқып, ауыл бейітінің қасына келіп тоқтадық. Бейітте жатқан жамағатқа құран бағыш­тап бет сипадық та, жерге шөгіп бара жат­қан қаратасқа таяп келдік.

Айналасын темір торкөз сыммен төрт­бұрышты етіп қоршап қойған. Ішінде қара­таудың қара үш тасы жерге қиға­шы­нан қадалып тұр. Алдыңғысы үлкендеу. Арт­қы екеуі кішірек. Бейне үлкен тастың күзетшісі сияқты.  Бізге дейін біреу келген болуы керек. Қаратасқа ақ орамал жауып қойған. Думан Қонақбаев бұл тастың бала кезінде биік, үстіне шыға алмайтын жақпар тас екенін, қалқасына келіп талай жасырынбақ ойнағанын айтты.

– Қазір ол жыл санап жерге кіріп, шө­гіп бара жатыр дейді. «Қара тастың қашан, қалай пайда болғанын ешкім білмейді. Ауыл тұрғындары бұл тасты әулие тас санайды. Ертеректе осы тастың түбіне Арыстан баб әулие келіп ығына түнепті-мыс. Сәл арыда әулие бастау бар. Оның суын ел ем үшін пайдаланады. Жылда сәуір айының соңында ауыл тұрғындары бастаудың көзін ашып, арнасын таза­лай­ды. Сол кезде су мына қара тастың қасындағы жыраға дейін келеді. Ал жазда суы тасқа сіңіп кетеді, – деді ол.

Думанның айтуынша, Қаратастың кие­лілігі ығына Арыстан баб түнеп кет­кеннен соң, бұлақтың емдік қасиеті бабаның бұлақтан дәм татқанынан кейін артқан. Кейбір кісілер мұнда бәйгеге қосатын тұлпарларын әкеліп, жарыстың алдында Қаратасты айналдыра аластап алатынын, бала көтермеген әйелдердің түнеп, құдайы таратып кететіндігін де ауыл жігіттерінен естідік. Тіпті бастаудан алған су да бұзылмай сол қалпы дәмін айлап сақтап тұрады екен.  Өкінішке қа­рай бұлақтың басына бара алмадық. Бұлақ бұл арадан 400-500 метр жерде, сай қуысында екен. Оның үстіне қазір суы тартылып қалған деді жолбас­шы­ларымыз.

Алып қараағаш

Осы арада бағытымыз аяқасты тағы өзгерді. Ауыл жігіттері сайдың арғы бетінде қалқайып жалғыз тұрған үйдің ауласында адам мүсіні бейнеленген балбал тастың барын айтты. Мақұлбек ағамыз жақын жерде болса бірінші соны көре кетейік деп ұсыныс тастады. Жігіт­тер Теріс өзенінің бойында бастау барын айтты. Сөйтіп Қаратастың қасынан қайта көлікке отырып, өзеннің арғы бетіндегі үйді бетке алып жүріп кеттік.

Теріс өзенінен өтетін жайдақ өткелге таяғанда бастаудан су ішуге тоқтадық. Ол арадан екі бастау шығып жатыр. Бірін ұйық басқан. Екіншісінен ел су алатын болса керек, қыш құбырды сыналай қағып, бастаудың көзін ашып қойыпты. Содан су сылдырап ағып жатыр. Шөліміз қанғанша іштік. Шөлімді қандырып, ай­на­лама көз жіберсем таяқ тастам жерде, жолдың арғы бетінде алып қараағаш тұр. Жақындап барып қарасам, діні жуан. Адымдап айналып шықтым, сегіз-тоғыз қадам. Міне, керемет. Шеңберінің өзі кемі алты метрді құрайды.

Алып бәйтеректің бұтақтары да төрт құбылаға тең түсіп, төрт тарапқа бөлініп жатыр. Қазақ төрт құбылаң түгел болсын дегендей мына қараағаштың кереметін қара! Тамыры да төрт тарапқа жайылып, жерге қазықтай қадалған.

Балбал тас

Ол үйге де жеттік. Жүргізушіміз Мұрат Әзімханов есіктің алдына барып бірақ тоқтатты көлігін. Оңаша төбеге қонған үйдің ауласында қоршау аты­мен жоқ. Есік алды толған күр­ке­та­уық, қырғауыл, үйрек пен тауықтың бала­пан­дары. Ортасында екі ит жатыр. Ал, аула­сында бетон плитаға орналас­ты­рыл­ған адам бейнесі бейне­лен­ген тас мүсін тұр. Аздап тозған. Адам бей­не­сі аздап кө­мес­­кілене бастапты. Бейне қо­лын кеу­де­сіне жинап алған әйел мүсіні сияқты. Бал­бал тастың айналасы қаша­л­ғаны, си­рек кездесетін тас екені көрініп-ақ тұр.

Есік алдына біреулердің келгенін естіп үй егесі де сыртқа шықты. Шыққан бойда Мақұлбек Рысдаулетті танып, «Бақатерек» кітабын оқығанын айтып, үйге шақырды. Алпыстың екісіне шыққан үй егесінің есімі Нілдебай Байғонысов. Нілдебай аға­дан балбал тасты қайдан тапқанын сұра­дық. Ол үйінің қасындағы егіс алқабын көр­сетіп, «Осыдан  25 жыл бұрын көк­тем­де егін егейін деп жер аудардым. Соқаны тереңірек салып айдасаң мол өнім алады екенсің деген біреулердің сөзін тыңдап, жер жыртып жатқам. Кенет шынжыр та­бан­ды тракторымның соқасы бірнәр­се­ге ілінді де сөніп қалды.  Түсіп, соқа жақты қарасам бір ұзын жіңішке келген тас жатыр. Бетінде лайы баттасып тұр. Жәй тас қой дедім де былайырақ шығарып тас­тадым. Далада жатып, жаңбырмен жуыл­ған  тасты біраз уақыт өткен соң барып қа­ра­сам, адамның бейнесін көрдім.  Біреу­дің басына қойылған құлыптас екенін түсініп үйге әкелдім. Әкем осында қой деген соң астына цемент құйып, есік алдына орнатып қойдым», –  деді үй егесі.

«Енді оны өлкетану музейіне бер. Ау­данда өлкетану музейі ашылған. Мынау де­ген керемет дүние. Мұндай дүние Жуа­лы­да бұрын-соңды табылған емес. Та­рих­шы­л­ардың қызығушылығын туды­ра­ды. Оның үстіне музейде тұрса ел кө­ре­ді. Ха­лыққа қызмет етеді», –  деді Ма­құл­бек аға.

Нілдебай талай адамның, тарих­шы­лар­дың сат деп келгенін, ешкімге бермей әкесінің айтуымен осында орнатып қойғанын айтты. «Осында тұрады, бі­реу­дің басына қойылған құлыптасты сат­пай­мын да, бермеймін. Табылған жерінде тұра берсін. Көретін адам болса келіп көре берсін» – деді.

Қаратас петроглифтері

Ауыл тұнған тарих. Соның бір куәсі бал­бал тасқа қашалған адам мү­сіні. Осы мүсін ауданда жаңа ашылған өлкетану музейінде тұрса ғой шіркін, тарихшылардың Жуалыға деген қызы­ғу­шылығын арттырар ма еді деген үмітпен аттандық. Біздің қатарымызға Нілдебай да қосылды. Жолда бағанағы қа­ра­ағаш­тың қасына тағы тоқтап, бұлақ­тың дәмді суынан тағы іштік. Қараағашқа қайта жа­қындадық. Жүргізушіміз Мұрат аға бағана онша мән бермесе керек. Енді құлашымен ағашты құлаштай өлшеп, айналып шықты да, «шеңберінің өзі алты метрден асады. Қанша жыл болды екен бұл ағашқа?» деп төбесіне қарады. Жоғарыда үзілген әңгіменің түйінін Нілдебай тарқатты.

– Әкем айтып отыратын. Ең алғаш осы жерге Ресейден бір орыс келіп, осы ара­дан дирмен салыпты. Ол келген жылдар 1880 жылдардың іші болса керек. Бұл ағаш сол кезде егілген. Содан бері жа­сап келеді. Ешкімге кескізбей, бүлдірт­кіз­бей үй жақ­тан қарайлап отырмын. Мұн­дай ағаш қазір жоқ. Бұл үш ғасырдың жү­зін көрген ағаш. Жүз жылдан аса өмір сү­ріп тұр», – деп көкейдегі сұрақтың түйінін шешіп берді.

Сонымен қаратас петроглифтерін кө­ру үшін жотаға көтеріліп, Қауынбай сайға келдік. Бір төбені тұтас алып жат­қан жартас Қаратастан көнеден келе жатқан су­реттерді іздедік. Таптық.  Аң аулап жақ­қан барыс, түйе, тау ешкілер тағы басқа су­реттерді кездестірдік. Оның ішінде таң­ба­лар бар. Келесі қыраттарда да суреттерді ұшырастырдық. Бірақ тасқа қашалып салынған көп суреттер көмес­кі­леніп өшу­ге айналыпты. Оның үстіне жартас тас­тың көп жері құлаған. Қаратас петро­глиф­тері орналасқан тө­бе­нің өзі желдің өтінде орналасқан екен. Қазіргі жартас­тың жай күйіне қарап, екі мың жылдық тарихы бар суреттерді алда сақтап қалу мүмкін болмайтын сияқты. Соны жүзіміз­ден оқығандай-ақ, жолбас­шы­мыз Нари­ман «Тағы болса мына жер­ден тас алу қиын. Әйтпесе баяғыда-ақ ауыл тұрғын­дары тасын құлатып, тасып әкетер еді» деді. Оның да көнеден жеткен мұраның осылай жоғалып бара жатқаны қынжылт­қандай.

Асхат Райқұл

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар