Жылқы – қазақтың жаны  

Жылқы – қазақтың жаны  

Жылқы – қазақтың жаны   
ашық дереккөзі
Қазақ халқының айрықша қадір тұтатын жануарының бірі де бірегейі – жылқы. Оны ең алғаш қолға үйреткен де қазақ. Кейінгі жылдары Ботай қонысын зерттеуші ғалымдар осындай тұжырым жасады. Жеті қазынамыздың біріне баланған жануардың жұрт біле бермейтін қасиеттеріне үңіліп, қазақтың тұрмыс-салтында кездескен оқиғаларын саралап өткенді жөн көрдік.   Жылқының басты қасиеті сол – туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайды. Көзі күндіз-түні бірдей көретіндіктен, түнде айналасын жұлдызға қарап барлап жүреді, әрі айналасын 360 градусқа түгелдей бақылай алады. Бойында 45 литр қан болады. Күретамырлары жуан болғандықтан қаны айналысқа тез түсіп, денесі қыза түседі. Суыққа шыдамайтын бір ғана жері – қара сирағы (тізесінен төмен). Түздегі жылқыға биіктігі жарты метрдей шөп өсіп тұрса, онда қара сирағын шөп арасында ұстап, суықты елемеген күйі құйрық жағын желге тосып, жайыла береді. Діңкесі құрып, шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті ағын судың өзін кешіп жүріп, тұмсығын суға батырып барып, тұнық жерінен таңдап ішеді. Сондықтан да болар, оның еті ерекше дәмге ие. Ғалымдар жылқының етінің 17 түрлі ауруға ем болатынын дәлелдеген. Мәселен, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы жасушаларды жаңартып, адамның есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар, оның еті жүрек-қан тамыры ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырамауы­на өте пайдалы. Ал оның сүті туралы «Сауын саусаң бие сау, бозқырау түспей суалмас» деген сөз бар. Аты айтып тұрғандай, биені сиырдан ұзағырақ саууға болады. Бие сүтінің пайдасы ана сүтіне жуықтау. Қымыз құрамы: кальций тотығы – 3,4%, фосфордың бес тотығы – 21,3%, хлор – 7,5%, лактоза – 6,7%, майлылығы – 1,3-2,2%, белок – 1,8-2,2%. Бұған қоса 1 литр қымызда 1,60 мг мыс болатыны дәлелденген. Осындайда бабаларымыздың сәбилерді қымыз сүтімен өсірген көрегендігіне таң қалмасыңа шараң қалмайды. Қазақ халқы балаларын бес жастан бастап атқа мінуді үйрете бастағаны белгілі. Сол сәттен бастап ат үстіндегі бала ерекше шабыттанып, есейіп, ер жете бастайды. Әкесіне қолғанат екенін түйсінеді. Алайда, жылқыға қатысты «айдаса – жаудікі, ысқырса – елдікі» деген сөз тіркесін естігендер аз шығар. Ерте кездегі жаугершілік заманда да, одан берідегі барымташыл кезде де, қазіргі уақытта да құнын жоймаған сөз. Яғни, жылқы бағу – мықтылардың, тәуекелшіл адамдардың ғана қолынан келеді дегенді анық аңғаруға болады. Сондықтан да ата-бабаларымыз турашыл, басынан сөз асырмайтын, жүректі, еркін, шалт қимылдайтын адамды «жылқы мінезді» деп атаған. Бабаларымыз «жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» – деп бекер айт­паған. Жылқының еркегі «айғыр» – өз үйірін бастап, оны қорғай алуы шарт. Се­­бебі, егесінің аманатын арқалаған жануар үйірі үшін басын бәйгеге тігеді. Ере­к­­­ше айта кететін жәйт, егер үйіріне буаз байтал қосылып, ол босанар болса, онда айғыр құлынды өлтіріп тастаудан танбайды. Мұндай қадамға ол жауыздығынан емес, керісінше иелігіндегі үйірдің өзі­нің ұрығымен көбейгенін, тәрбие алар ұрпағының өз қанынан тарағанын қалайтындығынан барады. Мұндайда үйірінің қамын жеген айғырдың ақылдылығына еріксіз қайран қаласың. Кереметі сол, ай­ғыр құлынның туылған сәттегі кісінеген үнін ешқашан ұмытпайды. Сәйкесінше осындай қасиет құлынына да дариды. Жаңа туған құлын сағат сайын емгендіктен бойына қуат бітіп, отқа ерте ден қояды. Осы жерде жылқы жасына ден қойған жөн секілді. Атап айтар болсақ, жылқының жас төлін – «құлын», құлынның алты айдан асқан шағын – «жабағы», ал бір жастан асқанын – «тай», екі жастан асқанын – «құнан», үш жастағысын – «дөнен», төрт жастан асқанын – «бес­ті» дейді. Ал ұр­ғашылары тайға дейін бірге аталады да, одан кейін өзгеше айтыла бастайды. Мәселен, екі жасарды – «құнажын», үш жасарын – «дөнежін», үштен асқанды – «дөнежүн байтал», төрттен асқанды – «бесті бие», жеті-сегізге келгенін – «қасабалды бие», он бір-он төрт жастағыны – «кәрімтас бие», жиырмадан асқанды – «жасаған бие» деп атайды. Жалпы жылқы жануары 25-30 жыл өмір сүреді. Қазіргі уақытта медицина мамандары атқа мінгенді адам денсаулығы үшін өте пайдалы екенін айтып жүр. Ал оны бабаларымыз әу баста біліп, жастайынан ат үстінен түспеген. Ұлттық ойындарымыздың дені де осы атпен тікелей байланысты. Мәселен, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, тай жарыстар бір жағы спорттық шара болса, екінші жағынан тосын оқиғаларға қарсы жаттығу алаңы іспетті. Тағы бір қызық дерек. Жайылып жүрген екі үйір бір жерге тоқайласып қалды дейік. Сол жерде екі үйірдің айғырлары біріне-бірі жақындап келіп, тастаған тезектерін йіскеу арқылы қайсысының мықты екенін анықтайды. Неткен сезімталдық десеңші! Осалдау шыққан айғыр үйірін алып жөніне кетеді. «Сөзден сөз шығады» демекші жылқының тезегі де пайдалы. Мамандардың айтуынша, асма ауруына шалдыққан адамды, жылқы тезегін иіскету арқылы жазуға да болады екен. Жылқыны қадірлеген ұлтымыз баласын – «Құлыным» деп еркелеткен. Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасуда. Қаратай, Құнанбай, Дөнентай, Дөненбай, Жылқыбай, Жылқыайдар секілді кісі есімдері де халқымыздың жыл­қыны құрмет тұтқанының нақты дәлелі болса керек. Қарақасқа, Кер­құла, Байшұбар, Тайбурыл, Құлагер секілді жануарлар да өткен күннің тарихынан сыр шертіп, адамның жан серіктеріне айналды. Тіпті, жылқы есімі қазақтың ше­жі­ресіне еніп, ру атауына ұласты. Ше­жіре тарихын жыр жолына айналдырған Молдахмет Дабылұлының: «Болған соң атамыздың  жүзі сұсты, Әркімдер айбатынан іштей пысты. Келменбет деп атауға именгеннен, Сарқасқа аттың аты тілге түсті. Ауылдың айбатының өзі сесті, Сөз тапқыш, келіндері болған есті. Алыстан жүргінші кеп сұрағанда: «Сарқасқа аттың елі осы», – десті. Бір аты тәңірінің – халық деген, Халық айтса, қалып айтпайды, оған сенем. Осыдан Келменбеттің аты аталмай, Сарқасқа руы болып содан келем», – деген шумағы сөзіміздің растығын айғақтай түседі.   Жасұлан Наурызәлі