2 Маусым, 17:10 403 0 Аймақ Арайлым Бимендиева

Түркістанда жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылды

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі егістік жұмыстары толығымен аяқталғанын хабарлады. Егістікті әртараптандыру мақсатында енді дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынады.

Аталған салада еңбек өнімділігін арттыру үшін жан-жақты талдап, нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытты дамыту көзделіп отыр. Ең алдымен, агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологиялар енгізілген. Бұл бағытта Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, нәтижесінде сусыз қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастады.

«Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Білекті сыбанып осыған кірісу керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық  жасап, не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім  үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандар бар, бос жатқан, не тал жоқ, не егіс жоқ. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмау керек», – деді аппарат мәжілісінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Өңірде 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беріп отыр. Жобаның тиімділігі – 1 га жерден жылына 6-7 млн. теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік береді. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл тәсіл – әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен қолданылады.

Соңғы жаңалықтар