Коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жастағы адамдар

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жасы туралы мәлімет берді.

ҚазАқпарат ұсынған ақпарда қала әкімдігінде өткен онлайн брифингте басқарма басшысы: «Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясына қатысты 25 жағдай тіркелген. Оның ішінде 17 жағдай немесе науқастардың 68 пайызы – 30 бен 49 жас аралығында, 4 оқиға – 50-59 жас, 3 оқиға – 18-29 жас аралығында және бір оқиға 14 жастағы жасөспірімде кездесті», – деп атап өтті.

Сәуле Қисықованың айтуынша, қазіргі уақытта барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, еш шағымы жоқ және дене қызуы шекті нормадан аспаған.

Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір 49 коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелген.

«20 наурыз сағат 08:30-дағы жағдай бойынша Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Нұр-Сұлтанда 25 адам тіркелген. Республика аумағында барлығы 49 науқас тіркеліп отыр. Олардың ешқайсысы қайтыс болған жоқ» , – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Back to top button