251
Нұр-Сұлтан мен Алматыда 600-ден аса әуе рейстері тоқтатылады
Нұр-Сұлтан мен Алматыда 600-ден аса әуе рейстері тоқтатылады
Карантин жариялануына байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматыда алты жүзден астам рейс тоқтатылады. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Комитет мәліметінше, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімдерін орындау үшін 2020 жылғы 22 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап халықаралық және жүк рейстерін қоспағанда, барлық қазақстандық әуе компаниялардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан тұрақты және тұрақты емес (чартерлік) жолаушылар рейстері тоқтатылады.
Хабарламада төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1 хаттамасына сәйкес, әуе компаниялары төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде әуе билеттерін айыппұлсыз және толық көлемде қайтаруды рәсімдеуі қажет екендігі де айтылды.
Азаматтық авиация комитеті адамдардың шоғырлануын болдырмау үшін жолаушыларға 2020 жылғы 22 наурыз күнгі сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына бармауды сұрады.