407
Ғалым, қайраткер, азамат
Ғалым, қайраткер, азамат
Саналы ғұмырында ғылымға, тарихи білім беру ісіне қызмет еткен, Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Кеңес Нұрпейісұлы көрнекті тарихшы-ғалым ғана емес, белсенді қоғам қайраткері де болған еді. Оның қоғамдық жұмысының маңызды бір саласы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамындағы қызметі болатын. «Әділет», көпшілік білетіндей, тәуелсіздіктен бұрын, 1989 жылғы сәуірде шаңырақ көтерді. Бұл республикалық қоғамдық ұйым Қазақстанда ХХ ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық ақиқатын ашуды, тоталитарлық режим құрбандарын мәңгі есте қалдыруды, тоталитарлық билік жасаған әділетсіздіктерді әшкерелеп, жазықсыз жазаланғандарды толық мәнінде реабилитациялауға жәрдемдесуді, тапталған адам құқығын қалпына келтіруді және сол кезеңдер жайындағы тарихи білім жетістіктерін кеңінен насихаттауды мақсат еткен болатын.
Құрылтайшы конференцияда Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы Рамазан Бимашұлы Сүлейменов «Әлеуметтік әділеттілікті және сталиндік репрессия құрбандарының аяққа тапталған ар-намысын қалпына келтірейік» тақырыбымен баяндама жасады. Баяндаманы конференцияда сөйлеген делегаттар (сталиндік лагерьлер азабын басынан өткергендер, ардагерлер, тарихшылар, журналистер, жазушылар, партия қызметкерлері) әр қырынан тереңдете келіп, құрылғалы тұрған ұйымның алға қоятын мақсаты – КСРО халықтарының тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, социализм идеялары бұрмаланған кезеңде біздің республикада зардап шеккендердің адал есімдерін қалпына келтіру, демократия мен жариялылықты одан әрі орнықтыруға жұртшылықтың күш-жігерін жұмылдыруы тиіс екенін атап көрсетті. Ел тарихында жол берілген деформациялар ашық айтылды. Сол кездегі үлкен мінберлерден жария етілген жаңаша ойлаудың болашағына деген сеніммен, өткендегі бұрмалауларды түзеу билеуші партияға тек абырой әпереді делінді.
Құрылтайшы жиналыста «Әділеттің» төрағасы болып тікелей дауыс беру жолымен Санжар Жандосов, басқарма мүшелерінің бірі болып Кеңес Нұрпейісұлы сайланған еді. Содан бері Кеңес Нұрпейісұлы «Әділет» Жарғысында көзделген мақсат-міндеттерді орындауға белсене атсалысып жүрді. Кеңес аға тарих институтының өзге де ғалымдарымен бірге, әсіресе академик Манаш Қозыбаев қоғам төрағасы болған жылдары, қилы конференциялар, дөңгелек үстелдер, тыңдаулар, семинарлар, кездесулер жұмыстарына мүдделілікпен қатысты. Ал «Әділет» қоғамы өзінің тарихи-ағартушылық сипатына сәйкес, сталинизм қылмыстары жөніндегі, отызыншы жылдарғы алапат ашаршылық жайындағы тарихи шындықты ашып, қалпына келтіруді мақсат еткен, тоталитарлық режим құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыру, оларды толық мәнінде ақтау, ақталғандар мен олардың отбасы мүшелерінің мүдделерін барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қорғау істеріне жан-жақты жәрдемдесуді міндеті деп білген. Заңсыздықтар белең алған қорқынышты жылдары Қазақстан концентрациялық лагерьлер шоғырланған елге, депортацияланған халықтардың жер аударылу орнына айналғаны мәлім. Республикамыздың аумағында: АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері деп аталатын 11 концлагерь құрылды. Солардың шындығын ашу, олардан басқа да көптеген «ақтаңдақтар»: индустрияландыру, көшпенділерді зорлықпен отырықшыландыру, дәулетті қожалықтарды тәркілеу, ұжымдастыру сынды советтік реформаларға байланысты оқиғалар, сол шаралар барысында бұрқ еткен көтерілістер, алапат ашаршылықтар шындықтарын зерттеу керек-тін. Сталиндік-голощекиндік билік душар еткен жөнсіздіктер мен зұлымдықтар салдарынан сан мыңдаған жекелеген адамдар орынсыз қиыншылықтарды, тауқыметтерді бастан кешті. Тоталитаризм рухани өмірге де орасан зор залалын тигізді. Билеуші партия қалың халыққа шынайы тарихын білгізбей, «Елдігіміз Октябрь революциясынан бастау алды», «Алашордашылар – жексұрын ұлтшылдар» деген жалған ұғымдарға жұрттың санасын жаулатты. Көрнекті қайраткерлер, көптеген интеллигенция өкілдері, халық шаруашылығындағы, халыққа қызмет көрсету салаларындағы мамандар мен қызметкерлер қатаң қуғынға ұшырады, небір бетке ұстар азаматтар физикалық тұрғыда жойып жіберілді. Осылардың бәрін зерттеуге алып, жаңа танымды, тарихи әділеттілікті қалыптастыру ісін мұрат еткен «Әділет» қоғамының жұмысын ұйымдастырудың бел ортасында Кеңес аға жүрген еді.
Қоғамның бастамашылық көрсетуімен Жоғарғы кеңес төралқасы тәуелсіздіктің алғашқы жылы-ақ құрамына Кеңес Нұрпейісұлы да кірген республиканың белгілі ғалымдарын тарта отырып, қасіретті кезең шындығын зерттейтін комиссия құрды. Әр жылғы 31 мамырды Ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алатын күн ретінде белгіледі. Ал Алматы қаласының атқарушы билігі (қалатком) бұрынғы НКВД ғимараты жанындағы саябақ ішінен болашақ ескерткіш салынатын орынды белгілеп, естелік тас орнатты. Комиссия ұжымдастыру кезеңіндегі ашаршылықты зерттей келе, қазақ халқына геноцид жасалғанын тұжырымдады. Жоғарғы кеңес төралқасының шешімімен Комиссия жұмысының қорытындысы 1992 жылдың аяғына қарай республиканың «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» атты екі белді газетінде жарияланды. Бірақ сол кездегі парламент құрған Комиссия қорытындысына байланысты қандай да бір атқарылуға тиіс іс-шаралар кешені белгіленген жоқ. Тиісінше ашаршылық құрбандарын еске алу күні де 1997 жылға дейін ұмыттырылғандай болды, ресми атала қоймады. 1997 жылы Президент пәрменімен 31 мамыр жаңаша мазмұнда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қайта тағайындалды.
«Алаш һәм Алашорда» атты іргелі монографиялық зерттеу еңбегінде Кеңес Нұрпейісов кітабын «Әкімшілдік-әміршілдік жүйе ұйымдастырған саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған әкем Нұрпейістің рухына бағыштаймын» деп арнау жазған-тын. Ол жастайынан жетім қалып, интернатта тәрбиеленген, өзінің «халық жауының» баласы болғандықтан, әрбір шалыс басқан қадамы қадағалауда екенін есейген сайын түсініп те, сезініп те жүрді. Сондықтан қайта құру саясатын айрықша сергек қабылдап, жабық тақырып болып келген Алаш қозғалысының, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге ден қойды. Қазақ тарихындағы осы аса маңызды құбылысты қарастыратын ғылыми мектептің негізін салу-шылардың бірі ретінде танылды. Тарихтағы «ақтаңдақтарды» кетіруге белсене атсалысты. «Әділет» қоғамына мүшелер қатарында өздерімен тағдырлас үлкен ғалымның болуы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын разы еткен, олар Кеңес Нұрпейісұлын ерекше қадірледі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматы әкімдігінде, қалалық музейде өтіп тұрған кездесулерге Кеңес ағамен бірге қатысып, оның қызметіне әрдайым сенім білдіре әрі ризашылықпен қарады.
Қазіргі таңда Кеңес Нұрпейісұлының халыққа риясыз қызмет ететін екінші ғұмыры жалғасын тауып келеді. Осы мерекелі күндері Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған кабинетке есімі берілді. Үлкен ғалым, қажырлы қайраткердің бейнесімен, ғылымдағы тағылымды жолымен, кітаптарымен бүгінде «Жаңалық» кешеніндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне келушілер де танысып жүр. Кеңес Нұрпейісұлының рухани өмірі жыл өткен сайын жаңа қырынан ашылып, жандана түсеріне күмән жоқ.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының
орынбасары,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты