АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 9 мың адамнан асты

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны тоғыз мыңнан асып кетті. Бұл туралы Джонс Хопкинс университеті мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

Университет өкілдерінің дерегіне сүйенсек, бүгінде АҚШ-та 9345 коронавирус дерегі тіркеліп, 150 адам инфекциядан қаза тапты. Вирус жұқтырып алғандар мен көз жұмғандардың саны соңғы екі күнде екі есеге артып отыр.

Айта кетейік, бүгінде коронавирус әлемнің 167 мемлекетіне тарады. Індет жұқтырған 82,8 мың адам сауығып кетсе, 8010 адам вирустан туындаған аурулардан немесе асқынулардан көз жұмды.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус 37 адамнан анықталды.

Бұған дейін Алматыға келген Ресей азаматы індет жұқтырғанын хабарлағанбыз.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше,  1979 жылы азамат 15 наурызда Мәскеу-Алматы рейсімен ұшып келген. Қазір ол карантинде стационарда жатыр.

Back to top button