548
«Рух» – қазақ тарихы туралы спектакль-лекция
«Рух» – қазақ тарихы туралы спектакль-лекция
Алматыда алғаш рет «Рух» атты камералық, эксперименталды спектакль-лекция қойылды. Жас драматург Әннәс Бағдаттың пьесасын Қазақстандағы неміс театры Қазақ хандығының 550 жылдығына орай инновациялық жаңаша формада ұсынған. Қойылымның режиссері Есләм Нұртазин.
Спектакльдің премьерасы Құдыс Қожамьяров атындағы мемлекеттiк ұйғыр театрында өтті. «Тарихты қалай қызықты көрсетуге болады деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Өйткені біз талай тарихшы ғалымдардың лекцияларын тыңдадық. Бірақ, тарихымыздың маңызды оқиғаларын есте қалатындай, тыңдарман қанағаттанатындай ауызша баяндаумен жеткізе алмайсың. Сондықтан, жаңаша формада қазақ тарихын сахна тілімен сөйлетуге қадам жасадық» – , дейді режиссер Есләм Нұртазин. Сондай-ақ, режиссер спекталь-лекцияның орыс тілді өзге ұлт өкілдеріне арналғандығын да ескертті.
Қойылым қазақтың арғы сақ, ғұн кезеңінен бастау алып, Шыңғыс хан дәуірі, Алтын Орда мемлекеті, 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығы тарихына дейін, XVII-XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретін бастан өткерген драматикалық тағдырын баяндайды. «Ұлы Дала елінің тарихы 550 жыл бұрын ғана басталған жоқ. Үш мың жылдың көлемін алып көрсеткіміз келді. Әрине, оңайға түскен жоқ. Сол үшін өте ықшам әрі маңызды оқиғаларды іріктеп, кезеңдерге бөліп, жеті бөліктен тұратын пьеса жаздық. Ескертетін жайт, бұл спектакль-лекция және орыс тілді аудиторияға дайындалды», дейді драматург Әннәс Бағдат.
Спектакльде еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Әшімова, Александр Дар, Тимур Бонданк бастаған он шақты актер ойнайды. Бір сағаттық қойылымда оқиғалар желісі мәтін түрінде баяндалып, тарихи кезеңдердің сипаты хореография арқылы бейнеленді. Қойылымның режиссер-хореографы Әсел Абакаева. Сондай-ақ, қойылымның сценографиясы да өте қарапайым. Соған қарамастан, жаңа форматтағы спекталь алдағы уақытта Алматыдағы неміс театрының репертуарынан үзбей көрсетілмек.
Жәнібек ҒАЛЫМ