393
Коронавирус: қаперге алмаған қатерге ұрынар
Коронавирус: қаперге алмаған қатерге ұрынар
Жаһанды жайлаған кесірлі кесел біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Аурудың алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынса да, коронавирус Қазақстан аумағына жетті. 13 наурыз күні алғашқы науқас тіркелсе, күні кеше індет жұқтырғандар саны 37-ге жетті. Науқастардың 19-ы – Алматыда, 18-і Нұр-Сұлтанда анықталды. Індеттің өзге өңірлерге таралуына жол бермеу үшін бүгіннен бастап (19. 03) екі қала карантинге жабылды: шаһарларға кіру-шығу шектелді, қалааралық автобустардың қозғалысы тоқтатылды. Бәлкім, газеттің бұл саны оқырман қолына жеткенде елімізде вирус жұқтырғандар саны көбейе түсуі мүмкін. Өйткені әлемді сынға алған кеселдің таралу жылдамдығына көз ілесер емес. Дүниежүзінде коронавирус жұқтырғандар саны 200 мыңға жетеғабыл.
Қазақстанда коронавирус жұқтыру деректері тіркелмей тұрып-ақ шекараларда бақылау күшейтіліп, шетелден келгендер қатаң тексерілді. Коронавирус бойынша қауіпті елдер санатына жататын мемлекеттерден келген азаматтар бірден карантинге жатқызылып, бақылауға алынды. Мемлекет басшысы елде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салды. Наурыз мейрамына арналған шараларды, Жеңістің 75 жылдығына орай жоспарланған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылданды. Мектеп оқушылары уақытынан бұрын демалысқа жіберіліп, университеттер мен колледж студент- тері қашықтықтан оқу жүйесіне көшті.
Десе де, әлемнің барлық түкпірін шарпыған індет Қазақстан аумағына да енбей қоймады. 13 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. 16 наурыздан бастап күшіне енген Жарлық бойынша ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылды. Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, сондай-ақ той-томалақтарды өткізуге тыйым салынды. Ел азаматтарына шетелге шығуға, шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынды. Қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінде саяхаттап жүрген қазақстандық туристерді елге жеткізу мәселесі шешілуде. Ресми мәлімет бойынша бүгінде шет мемлекеттерде 4500-ден астам Қазақстан азаматы бар. Олар Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Үндістан және Мальдив аралдарында саяхаттап жүр.
16 наурызда халыққа телеарналар арқылы жолдаған үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады. «Әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Дүниежүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр. Бұл індет күннен-күнге ушығып барады. Өкінішке қарай, бұл індет біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі Жарлығыммен бүгін сағат сегізден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көп азаматтар алдағы мереке күндеріне орай жоспар құрған болар. Дегенмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ел тұрғындары азық-түліктен тарықпайтынына сендірді. Сондай-ақ төтенше жағдайды пайдаланып, қара бастың қамын күйттейтіндерге ескерту жасады.
«Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты, қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аудартқым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Несиесі барларға жеңілдік жасалады
Төтенше жағдай режиміне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелерді осы режимге ауысуға міндеттеді. Ведомство басшысы Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қашықтықтан жұмыс істейтіндерге еңбекақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жерде азаматтың өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленетін болады. Ал өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер қызметкерлеріне ең төменгі жалақыдан кем болмайтын еңбекақы төлеуі тиіс. «Төтенше жағдайға байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер Еңбек кодексінің 112-бабына бағынады. Бұл мәжбүрлі жұмыс тоқтату деп аталады. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарапынан жұмысшыларға кемінде елімізде бекітілген ең төменгі жалақыдан кем емес көлемде еңбекақы төленуі тиіс», – деді министр. Еліміздегі ең төменгі жалақы мөл-шері – 42500 теңге. Десе де, Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Еңбек шартында немесе Ұжымдық шартта осындай мәжбүрлі тоқтату жағдайына төменгі жалақыдан жоғары жалақы қарастырылған болса, онда жоғары жалақы төленеді. Бұл шекті сома ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. Төтенше жағдай режиміне байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғандарды алаңдатқан басты мәселе – несие төлеу жайы. Уақытша табыссыз қалғандар несиемізді қалай жабамыз деп сары уайымға салынды. Ел тұрғындарын бұл тығырықтан шығару үшін Үкімет несие бойынша жеңілдік жасау туралы шешім қабылдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазақстандықтардың несие тарихын түзеуге мүмкіндік беріледі. «Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін қарыз алушы үшін 12 ай ішінде мерзімі өткен берешектің 50 пайыздан астамын өтеген және кейіннен міндеттемелерді орындаған жағдайда теріс кредиттік тарихты түзету мүмкіндігі қарастырылады», – деді М.Әбілқасымова. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің несие бойынша төлемдері 90 күнге кейінге шегерілді. «2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың белгілі бір салаларына қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты халықтың және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қажет», – деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында. Агенттік басшысы төтенше жағдай режимі кезінде жеке және заңды тұлғалардың қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кешіктірген кезде айыппұлдар мен өсімақылар есептелмеуі тиіс екенін түсіндірді. «Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға банктер ғана емес, сонымен қатар, ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерді қоса алғанда, барлық әлемдік қаржы ұйымдары, сондай-ақ қарыз беретін өзге де кредиторлар берген қарыздарға қолданылады», – деді Мәдина Әбілқасымова.Адамзат тарихындағы пандемиялар
Күллі әлемді қыспаққа алған коронавирус мемлекеттердің медицинасын, экономикасын, қорғаныс жүйесінің қуатын ғана емес, тұрғындарының адамгершілігі мен жауапкершілігін де сынға алуға бекінгендей. Қытай ғалымдарының індет әлем халқының 70 пайызын шарпуы мүм- кін деген болжамы ақиқатқа айналып келеді. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялады. Пандемия – жаңа дерттің әлемдік деңгейде таралуы. ДДСҰ-ның 2010 жылы H1N1 тұмауы өршіген уақытта жарияланған құжатында осындай анықтама берілген. Коронавирустың Антарктидадан басқа барлық құрлықты шарпығанын ескерсек, оның пандемия деп аталуы негізді. АҚШ-тың CNN басылымы «пандемия» терминін ДДСҰ-дан екі күн бұрын қолдана бастады. 9 наурызда басылым өзінің басты медициналық тілшісі – белгілі дәрігер Санджай Гуптаның мақаласын жариялап, аталған терминді қолдану себебін түсіндірді. Гуптаның айтуынша, пандемия өлшемшарттарының қатып қалған тізімі жоқ, десе де жалпыға мәлім үш өлшемшарты бар: — вирус ауру тудыруы және өлімге себепші болуы мүмкін; — вирус адамнан-адамға тұрақты түрде жұғады; — вирустың әлем бойынша таралғанына дәлел бар. 9 наурыздағы жағдай бойынша коронавирус дәрігер атаған үш өлшемшартқа да сай болды. Коронавирус адамзат тарихындағы алғашқы пандемия емес. Әлемде ең алғаш тіркелген пандемия – Юстиниан обасы. Қатерлі індет византиялық император Юстиниан І басқарған кездегі өркениетті елдердің барлығына тарап, екі ғасырға (шамамен 541-750 жылдары) созылды. Тарихи деректерге сүйенсек, Юстиниан обасының тарау ошағы – Эфиопия мен Мысыр. Артынша ауру сауда-саттық арқылы Константинопольге, одан әрі солтүстік, оңтүстік және шығыс Византияға жеткен. Мұнымен тоқтамай, Солтүстік Африка, бүкіл Еуропа елдері, Орталық және Оңтүстік Азия, Араб елдерін де шарпыған. Пандемияның тез тарағаны соншалық, Константинопольдің өзінде бір күнде 5 мың адамнан қайтыс болған. Болжам бойынша, оба бубон және септикалық түрде тараған. Аурудың көзге түсе қоятын айрықша белгілері де болмаған көрінеді. Кейбір науқастар ешбір ауру белгілерінсіз көз жұмған. Шығыс елдерінде Юстиниан обасынан шамамен 66 миллион адам, Еуропа елдерінде 25 миллион адам қайтыс болған. Бұл пандемияның қасіреттілігі сондай, бір кездері бүкіл әлемге билік жүргізіп отырған Византияның құлауына тікелей әсерін тигізді. 2013 жылы зерттеушілер індеттің қоздырғышы бүргелер мен кеміргіштерде жиі кездесетін оба таяқшасы деген ұйғарым жасады. Адамзат тарихындағы екінші пандемия «Қара өлім» деген атпен қатталды. Уикипедия мәліметтеріне сүйенсек, 1346-1353 жылдары тараған дерт Еуропа халқының 30-60 пайызын жойып жіберген. Індет Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан басталып, Еуропа мен Солтүстік Африканы жайлаған. Обаның бұл түрін жұқтырып, қайтыс болған адамдардың денесі қарайып кететіндіктен пандемия тарихқа «Қара өлім» деген атаумен енді. Әлемді қыспаққа алған үшінші пандемия – испан тұмауы. Бұл індетті 1918-1919 жылдары бүкіл әлемде 550 миллионға жуық адам жұқтырып, ғаламшардың 2,7-5,3 пайыз халқы (50-100 миллион адам) қайтыс болған. Ауру Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларында басталған. Болжам бойынша, індеттің тарауына соғыстың салдары – санитарлық талаптардың орындалмауы, дұрыс тамақтанбау, әскерилер мен босқындардың лагерлерінде адамдардың тығыз орналасуы себеп болған. Пандемия испан тұмауы деп аталғанымен, Испания – тұмау тараған алғашқы мемлекет емес. Аурудың ошағын анықтау мүмкін болмаған. Кей деректерде испан тұмауы алғаш 1918 жылы АҚШ-та тіркелгені айтылса, келесі бір мәліметтер індет Қытайдан басталып, АҚШ-қа қытайлық жұмысшылар арқылы тараған дегенді меңзейді. Десе де, Испания – бұл дерттен көз жұмғандар саны (8 млн адам) жөнінен өзге мемлекеттерден алда тұрғандықтан, індет «испан тұмауы» деп аталып кеткен. XIX ғасырдың басынан бері әлем тырысқақтың жеті пандемиясын бастан өткерді. Соңғысы 1961 жылы Индонезияда басталып, 1966 жылы КСРО-ға жетті. Ауру таралуының шарықтау шегі 1970 жылға тап келді. Ғалымдар бұл пандемия әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр дегенді алға тартады. 1992 жылы Бангладеште тырысқақ вибрионының жаңа түрі анықталды. Кейінгі жылдары инфекцияның жаңа штамдары Азия мен Африканың кейбір бөліктерінде тіркелген. XXI ғасырда тырысқақ әлемнің 53 еліне тарады. Індетті жұқтырудың соңғы деректерінің бірі 2018 жылы Зимбабве астанасы Харареде анықталды. 2009-2010 жылдары «шошқа тұмауы» деген атпен белгілі болған H1N1 вирусының пандемиясы белең алды. Жұқпалы кесел ең алғаш 2009 жылдың наурызында Мехикода тіркелді. Сол жылдың 11 маусымында ДДСҰ пандемия қауіптілігінің ең жоғарғы алтыншы деңгейін жариялады. 2010 жылдың тамызында ұйым індет таралуы тоқтағанын мәлімдеді. 1,5 жылда шошқа тұмауын 222 мың адам жұқтырған, 1 906 науқас көз жұмды. Коронавирус және тырысқақ пандемияларынан бөлек, қазіргі таңда ЖИТС пандемиясы да жалғасып келеді. ДДСҰ дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың соңында әлем бойынша бұл кеселді жұқтырғандар саны 37,9 млн адамға жетіп жығылған.«Қорыққанға қос көрінеді»
Әлемде коронавирус жұқтыру деректері жөнінен алда тұрған мемлекеттердің тәжірибесінен ұққанымыз, вирустың өзі қандай қауіпті болса, оның айналасындағы дүрбелең мен салғырттық та соншалықты қатерлі. Әуелі дүрбелеңге тоқталайық. Коронавирустың таралу ауқымы ұлғайған сайын әлеуметтік желілерде әлемнің әр бұрышындағы дүкендерде түсірілген бос сөрелердің суреті тарап кетті. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сауда орындарынан да азық-түлік толтырылған себеттерімен касса кезегінде тұрған қарақұрым халықты көрдік. Денсаулық сақтау министрлігінің кесірлі кеселдің елімізге келу қаупі жоғарылағаны жайлы мәлімдемесінен кейін жалма-жан дүкендерге жүгіріп, қап-қап ұн, қарақұмық пен қант ала бастаған тұрғындардың әрекеті ел ішін дүрбелеңге салып, бейғам жұрттың үрейін үдетті. Коронавирустан қорғанудың негізгі жолы – адам көп шоғырланатын жерлерден бойды аулақ ұстау десек, үрейлі жұрттың дүкендерге үсті-үстіне кіріп, сағаттап кезекте тұруы дерт жұқтыру қаупін арттырмаса, кемітпесі анық. Францияда да коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген алғашқы күндері ірі маркеттердің сөресі бос қалған. Дүкендерде жармалар, консервілер, ұн, тұз секілді күнделікті тұтынатын тауарлар жетіспеушілігі байқалған. Тұрғындардың дүрлігуі басылмаған соң Францияның солтүстігіндегі Ваттрело комуннасындағы Leclerc супермаркетінің есігіне мынадай мәтіндегі хабарландыру ілініпті: «Құрметті, клиенттер! Сіздерді өркениетті түрде сауда жасауға, кассирлер мен өзге сатып алушыларға құрметпен қарауға шақырамыз. Қазіргі жағдайда елдегі қарттарды көбірек ойлауымыз қажет, оларға да күнделікті тұтынатын тауарлар қажет. Тауарларды бей-берекет сатып алмауларыңызды өтінеміз». Мәтін соңында дүкен әкімшілігі азық-түліктің барлық түрі тұрақты түрде жеткізіліп тұратындығын айтқан. Десе де, тұрғындардың негізсіз дүрбелеңге салынып, керекті-керексіз тауарларды ірі көлемде сатып алуға ұмтылысы ең қажетті тауарлардың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін екенін ескерткен. АҚШ-та коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелгендігі жарияланғаннан соң Вашингтон дүкендерінің сөрелері де санаулы сағатта босап қалды. Америкалықтар ауызсу, өсімдік майы мен макарон өнімдеріне тарпа бас салып, залалсыздандыру құралдарына таласқан. Дәл осындай жағдай Украина астанасы Киевте де болды. Коронавирустың таралуына байланысты қалада карантин жариялануы тұрғындардың үрейін ұшырып, ас-сусыз қалуға қорыққан киевтіктер супермаркеттерге құстай ұшқан. Бос қалған дүкен сөрелері мен ондаған метрге дейін кезекке тұрған украиналықтардың суретін желіден көрдік. Ал соңғы күндері Австралия мен Жапонияда дәретхана қағаздарының жетіспеушілігі байқалады. Өйткені дәріханалардан медициналық бетперде таппаған австралиялықтар маска орнына үш қабатталған дәретхана қағаздарын пайдалануда. Тауардың жетіспеушілігіне алаңдаған жергілікті дүкендер бүгінде бір адамға төрт данадан сатудан бас тарқан. Ал жапониялықтар дүкеннен табылмаған дәретхана қағаздарын қоғамдық дәретханалардан ұрлауға көшіпті. Белгілі ресейлік ғалым, психология ғылымдарының докторы Мария Киселеваның айтуынша, адамның миы оның өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатер жайлы ақпаратты қабылдағанда, өзін-өзі қорғау түйсігі іске қосылады. «Адамдар кез келген жағымсыз хабарламаны бірнеше қайтара оқиды да, соның мазмұнына көбірек көңіл бөледі. Нәтижесінде, қорғаныс механизмі қосылады. Адамды үрей билеп, өз әрекетін бақылай алмайтын күйге жетуі мүмкін. Сондықтан дүкенге жүгіргендердің ісін сөгудің қажеті жоқ», – дейді маман.Салғырттықтың салдары ауыр
Коронавирустың таралуын үдеткен факторлар таразысының бір басында дүрбелең тұрса, екінші басында бейғамдық пен салғырттық тұр. Дертке шалдыққандардың өз ауруын жасырып қана қоймай, айналасындағылармен байланысты үзбеуі, ел тұрғындарының мемлекет қабылдаған шектеу шаралары мен ескертулеріне құлақ аспауы, халықтың қарапайым гигиена талаптарын орындамауы үлкен қатерге әкеп соғуы мүмкін. Сөзімізге Италиядағы жағдай дәлел бола алады. Мемлекет салған тыйымдарға бағынбаудың, дерттің алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарамаудың салдарынан бұл ел коронавирустың таралуы жөнінен Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты. Бүгінде Италияда індет жұқтырғандардың саны 23 мың адамнан асты. Ал дерт құрбандарының саны 2,5 мыңға жетеғабыл. Кеселдің таралуын тоқтату мүмкін болмаған соң ел билігі тұтас мемлекет аумағын карантинге жапты. Қазіргі таңда Италияның 60 млн тұрғыны үйлерінен шыға алмай отыр. Дүкенге немесе дәріханаға баратындар, шұғыл жұмысы барлар ғана сыртқа шығуға құқылы. Немістің Deutsche Welle басылымына сұхбат берген римдік журналист Ирина Кащейдің айтуынша, үйден шықпас бұрын италиялықтар қағазға өз аты-жөнін, төлқұжат деректерін жазып, сыртқа шығу себебін көрсетуі тиіс. Ал шағын дүкендерге екі адамнан артық кіруге тыйым салынған. Азық-түлік алу үшін жергілікті тұрғындар дүкенге өзінен бұрын кірген азаматтардың шығуын күтуі қажет. Сыртқа себепсіз шыққандарға айыппұл салынады. Тәртіпке бағынбағаны үшін түрмеге қамалғандар да бар. Италиядағы жағдай бүкіл әлемге, оның ішінде қазақстандықтарға да сабақ болуы тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығында, үкіметтің қаулыларында көрсетілген нұсқаулар мен тыйымдарға құлақ асып, сақтық шараларын мұқият орындау өзге үшін емес, ең әуелі өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін қажет екенін ескергеніміз абзал. Өйткені кесірлі кесел ешкімді аямайтынына көзіміз жетіп отыр. Осы орайда, Төтенше жағдай режиміне байланысты енгізілген тыйымдарға бағынбағандар, медицина мамандарының жұмысына кедергі келтіргендер жауапқа тартылатынын айта кеткен жөн. Мәселен, өткен аптаның соңында коронавирус жұқтырған алматылық жазаланды. Б. есімді азаматша санитарлық қызметтердің жұмысына кедергі келтіріп, вирус жұқтырғаннан кейін онымен байланысқан азаматтардың мәліметтерін беруден қасақана бас тартқан. Әйел Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Карантин тәртібін бұзғандарды, індетпен күрес жұмыстарына кедергі келтіргендерді жазалау шаралары өзге мемлекеттерде де қолға алынған. Мәселен, Қытайда карантиннен қашқандар 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесіледі. Италияда карантин талаптарын бұзғандар 3 айға дейін түрмеге қамалса, Оңтүстік Кореяда мұндай азаматтар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және 10 млн вон көлемінде айыппұл арқалайды. Коронавирус пандемиясы жағдайында Израиль билігі енгізген тыйымдарға бағынбағандар 3 жылдан 5 жылға дейін түрмеге жабылса, Өзбекстанда 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал біздің елімізде карантин тәртібін бұзғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздегі жаза айтарлықтай жеңіл, әрине. Десе де, ел азаматтары төтенше жағдай режимі аясында қолға алынған шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, ар мен заң шеңберінен шықпаса, мемлекет қатаң шараларға бара қоймасы анық. Заң демекші, ел тұрғындарын дүрліктіріп, жалған ақпарат таратушылар да жауапқа тартылады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде айтты. «Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Солай боларына сенейік. Сақтанайық. Салғырттық өз денсаулығымызға ғана емес, ұлт саулығына да қатер төндіретінін ұмытпайық.