Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

Азық-түлік қоры 1,2 миллион тоннадан асады – министр

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстандағы азық-түлік қоры 5-6 айға жететінін айтты.

Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес, арнайы жедел штаб құрылған. Штаб елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мониторинг жасайды.

«Бүгінгі ақпарат бойынша елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры – 1,2 миллион тоннадан астам. Бұл елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету 5-6 айға толығымен жетеді. Қазіргі таңда өнімдер күнде өндіріліп жатыр. Мысалы, ұн, қант, ет, сүт өнімдері. Өндіріс тоқтап жатқан жоқ», – деді министр.

Сапархан Омаров халықты сабырға шақырды.

«Сондықтан шу көтеруге негіз жоқ. Барлық азық-түлік тауарының жылдық өндірісі сұранысты толықтай қамтамасыз етеді. Кейбір тауарлар артығымен өндіріледі», – деді.

Бұған дейін Президент халықты дүрлікпеуге, сақтық шаралары жан-жақты қолға алынатынын айтқан болатын.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button