Қызғаныш болмаған жерде сезім жоқ...

Қызғаныш болмаған жерде сезім жоқ...

Қызғаныш болмаған жерде сезім жоқ...
ашық дереккөзі
Биылғы қысты жайбарақат шығарып салған әсем қаламызды көктемнің әдемі бір са­малы тербеп тұрғандай. Қарлы Алатауды бетке алып, Сәтбаев көшесімен жоғары өр­леп келіп, уәделескен жерге тоқтадық. Қа­зақ­тың маңдайына біткен мықты суретшісі Ә.Қастеев атамыздың мұражайы алдындағы ск­верге жақындағанымызда, алдымыздан жы­лымық жылы желмен басындағы ақ ора­малының шашағы аппақ жүзін жартылай  жа­сыр­ған кейіпкеріміз де бізге бет алды. Елу алты жыл қаламгердің адал да сенімді жары, балаларының анасы, немере-шөбе­ре­нің аппақ әжесі атанған, белгілі жазушы, «Құр­мет» орденінің, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Бексұлтан аға Нұржекеұлының еркелете ата­ған Айзашы кең құшағына алып, маң­дайым­нан сүйді. Ананың мейірімі, ананың ма­хаб­баты, ананың аппақ төсінің жұпар иісі та­науы­мызды қытықтап, ерекше күйге түстік. Көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту мей­рамына аман-есен жеткенімізге  шүкіршілік жа­сап, келе жатқан Аналар мерекесімен бір-бірімізді құттықтап алған соң, әдеттегі әңгі­мемізге көштік. – Қаламгердің шығармаларын жиі ақ­тарасыз ба? – болды алғашқы сұра­ғы­мыз. – Әрине! Сенің мына сұрағың  сонау ал­пысыншы жылдардың бел ортасында бол­ған мына бір жәйтті есіме салды ғой, – деді сәл-кем ойланып қалған Айзагүл Тел­ғарақызы ыңғайлана отырып. –  Уа­қыттың соншалықты жылдам, тез өтіп жатқаны, ал сол зымыран уақыттың әрбір сәтіндегі жылы оқиғалар санаңда жылдар өткен сайын жаңарып, жасарып отыратыны да заң­дылық болуы керек. Әу бастан осындай сұхбаттарға, жалпы көп әңгімеге әуестігім жоқ еді. Бірақ кешелі бері, сенің өтінішіңнен кейін алыста қалған көп оқиғаларды ойша шарлап шықтым десем де болады. Көңіліңді көкке көтерген, кейде өкпе-назға толы жыл­дарым көз алдымнан тізбектеліп өт­кендей. Алғаш ағаларыңмен Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында таныстым. Құрбым екеу­міз бір орыс кемпірдің үйінде пәтерде тұ­рып, медучилищеде оқимыз. Бір күні ауылға екі аптаға демалыста болып келсем, пәтерімізде бақандай бес жігіт жүр. Оларды көріп, көзім шығып кетсе керек, кемпір: «Сендер менің бөлмеме жатасыңдар, қорықпаңдар, студенттер екен, тәжірибеден өту­ге келіпті, Алматыдан, үш ай болады», – деді  жұбатқандай. Жолдан келгеннен кейін, киімімізді ауыстырып, асүйге кірсем, бір жігіт атып тұрып амандасты. Бас изедім де өтіп кеттім. Таныстық осылай басталды. Олар бес жігіт, біз екеуміз, бір үйде тұрып жаттық. Күнделікті сабағымызға барамыз, сабақтан бос уақытта қожайын кемпірмен әңгімелесеміз. Біз жоқта алғаш амандасқан жігіттің туған күні болғанын, қыздар кел­генін, әлгі жігіттің қызы болуы керек, бір қыз киім-кешегін жуып бергенін айтып берді. Туған күні болған – Бекіс екен. Онша мән бермейміз, тіпті ол жігіттер жайлы ойлауға сабақтан босамаймыз. Оның үстіне үлкен жігіттер сияқты, олар бесінші курста, ал біз екінші курстамыз. Бірақ араласа бастадық, қала аралаймыз, киноға барамыз. Одан қала берсе, тығылмақ ойнаймыз. Жақын араласа бастадық. Сөйтіп жүргенде, үш айдың қалай бітіп қалғанын да білмей қа­лыппыз. Олар Алматыға қайтатын болды. Сол кезде ғана өзінің ұнатып қалғанын, кез­десіп тұрайық дегендей сыр айта бастады. Аз уақыттың ішінде не шеше қоясың, қа­былдай алмадым. Сене қоймадым. «Бе-сінші курсқа дейін қызы болмады дейсің бе?» деген ойда жүрдім. Бірінші мамырда Ал­матыға шақырды, келдім. Қонақ болып қайт­тым. Жаздай сөйлесіп тұрдық. Күзге са­лым анам қатты сыр­қаттанып, сабаққа бара алмадым. Бірде анам жарықтық,  жып-жылы алақанымен қол­дарымды сипап оты­рып: «Сөз салып жүр­ген жігітің болса, ша­қыр, көзім тірісінде кө­рейін, батамды берейін» деді.  Алақандай ауылға қалай шақыра­мын, кім деп айтамын деп жүріп, ойланып-толғанып шақыруға бел байладым. Бірақ ол денсаулығына байланысты, ота жасатып келе алмады. Анама су­ретін көрсеттім. «Мы­науың­ның қабағы қалың екен, ашуы да қатты ғой» деді де суретті төсегінің бас жа­ғына қойды. Қыздардың кенжесі болып, менің соңым­нан ұл бала ерген соң ба, өте ерке бол­дым. Әрине, ақылды еркелік қой. Анам тө­сек тартып ұзақ жатты. Бір күні қасына ша­қырып алып: «Мен осы аурудан жазылмаймын, бой жеттің, аға-жеңгеге, артыңа алаңдама, егер шынымен ұнатып жүрген жігіт болса, жылатпайтын шығар, батамды бердім. Бірақ мынау соңыңнан ерген бауырың саған аманат» деді. Бауырым тоғызыншы сыныпта оқитын. Мектеп қабырғасында, бала ғой әлі. Көз жасыма ерік бердім.  Көп ұзамай көз жұмды. Қырық күн толып, қырқын өткізген соң, қалаға оқуыма жиналып жатқанда, телеграмма алдым. Ол кезде қалта телефон жоқ, пош­таға ғана барып сөйлесеміз. «Бүгін пойызға отырамын, ертеңгісін келемін, күт» болды әңгімесі. Ертеңінде кездесіп, анама көңіл айтып, бір дәмханадан ас іштік. Ұзақ сөй­лестік. Мен тыңдаушы, үнсізбін. Соңын­да алып кетуге келгенін айтты. Ойланып қал­дым. Анамның өсиеті тағы бар. Бауырым тағы бар. Қимаймын. Ойланып-толғанып, құ­жаттарымды алдым да, ердім... Алматыда баяғы бірге оқыған жігіттері кү­тіп алды. Жамағайын туысының үйіне әке­ліп, түсірді. Бір ай тұрдық та, пәтерге шы­ғып кеттік. Қолымызда сол жылы ме­д­институтқа түскен қайным Сұлтанбек бар. Отбасылық өмір осылай  басталды. Бекіс соңғы курста, екі студент оқуға кетеді, мен үйде жалғызбын. Ерке болып өскен соң, не үй жинау, не ас-су әзірлеу дегеннің иісі сезілмейді. Үй тірлігін, әсіресе, тамақ дайындауды Сұлтаннан үйрендім.  Кешке дейін ойлайтыным, елде қалған бауырым. Соны көп уайымдаймын. Арасында жұмыс іздеп келемін, үйге таяу мекемелерден еден жуушы болса да, жұмысқа шыққым келеді. Ешкім жолатпайды. Пәтерге төлейміз, одан қалса үйдің асын аңсап  студенттер келеді. Жаспыз, қалтамызда қалған соңғы  тиынға тамақ іздемей, киноға барамыз. Бірінші Алматыда әлі күнге дейін бар, «Шұғыла» деген кинотеатр, соған жаяу барып, жаяу қайтамыз. Жазда білінбейді, қыстың күн­дері дірдектеп тоңып жүріп, кинодан қал­маймыз. Оның үстіне, аяғым ауыр.  Өнерге деген құмарлығымыз шексіз. Келесі жылы университетті бітірген соң, елге тарттық. Қасымда жазғы демалыс болған соң бауырымды ертіп алғанбыз. Түлкібастың жеміс-жидегін жеп өскен маған Жаркент жаққа сіңіп кету де оңай болмады. Ұйғыр деген халықты бірінші рет көруім, ауылдың ең шетіндегі бір ұйғырдың  үйінен көкөніс сатып аламыз. Үшарал деген жердегі мектепке Бекіс велосипедпен қатынап жұмыс істейді. Қаржымыз бар ма, жоқ па, ашпыз ба, тоқпыз ба, ойламаймыз. Тірлігімізге мәзбіз. Сол жерде екі қызымыз өмірге келді. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүргенде аудандық комсомол комитетіне қызметке ауысты. Бірақ есіл-дерті – Алматы! Шығармашылық ортаны айтады да отырады. Өзінің жазу-сызуға бейімі бар, қа­білеті жетеді. «Менің жазушы болуым ке­рек, қалаға кетуіміз керек» дегенді жиі ес­тимін. Ішімнен, әрине, мен де қуанамын. Бір жылдан соң жолдастарының шақы­руы­мен Алматыға келіп, екі-үш ай теледидарда қызмет істеді де, Орталық комсомол комитетіне ауысып кетті. Мені, бізді де көшіріп алды. Абай мен Алтынсарин көшесінің қиы­­лысындағы комсомолдың жатақ­ха­насынан бір бөлмелі пәтер берілді. Екін­ші жылы Көк базардың қасынан екі бөлмелі үй, одан кейін Орталық комитеттен осы пәтерімізді алдық. Сонымен жетпісінші жылдан бері осындамыз. 1966 жылы ел жаққа, төркіндетіп апарып келе жатқанда, Алматыда бірер күн тоқ­тап, Жазушылар одағына баратын бол­дық.  Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа жазғандарын көрсетемін деп, мені де ертіп алған. Мына шығармашылық орта жұмыс уақытына қарамайтын болуы керек, сағат тілі тоғызды көрсетсе де, әлі ешкім көрін­бейді, ұзақ күттік. Бір кезде салмақты бір аяқ дыбысы естілді де, артынша зор денелі, ірі кісі бізге жақындады. Ақынды бірден таныдым.  Жылы амандықтан соң, жұмыс кабинетіне кірдік. Бекістің жазғандарын мұқият қарап шықты да, маған қарап: «Сен мынаның  жазғандарын оқисың ба?» деп сұрады. Сасқалақтап қалған мен төмен қарап отырдым да: «Иә, оқимын», – дедім. «Жөндеп оқы, бұл үлкен жазушы болады, ал ол саған байланысты», – деп сәл езу тартқандай болды. Кісі бетіне тіке қар­а­маймыз, дегенмен даусынан, үнінен бір жылылық байқалды. Ол жылылықпен айтылған сөз маған өмірбақи жауапкершілік жүктегендей болып қоштастық. Тағдырыма, өміріме ризамын. Тірлігіме де еш өкпем жоқ. Екеуміз елу алты жыл бір-біріміздің қабағымызды бағып, әсіресе, өз басым ер-азаматына қандай қыз­мет жа­сау керек болса, сол күтімді ағаларыңнан ая­мадым. Ол  да мүм­кіндігінше, мені құр­метт­еп келеді. – Қазақ әдебиетінде, қазақ проза­сын­да әйел тағдырынсыз бірде-бір шы­ғарма жоқ де­сек те, Бексұлтан аға­мыздың та­қырыбы мүлдем бөлек. Әйел тағ­дыры, ер мен әйел арасын­дағы ма­хаббат сезімінен басқа, төсек қаты­на­сы жайлы да ашық жазылған шы­ғар­малары жеткілікті. Қызғанбадыңыз ба? – Алғаш үйленген жылдары қолы бо­сай қал­са, қағаз-қалам қолынан түс­пей­тін. Түн ортасы ма, уақыт та талғап жат­пайтын-ды. Қалың-қалың дәптерлер, жазуы да маржандай. Бірақ неге екенін қайдам, оқуға батылым бармайды.  Сонда не жазатыны, кімдер туралы жазатынын өзінен сұрайтынмын. Ол өзіміз, бізді қоршаған ортамыз, жалпы адамдар тағ­дыры, әсіресе, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік, қарым-қа­ты­настың жұмбақ иірімдері, құпиялылығы жайлы жазып қоямын дейтін. Өзінің сүйік­ті ісімен айналысып отырғанда көңіл күйін бұзбау ке­рек­тігін алғаш осылай ұғын­дыр­ған болуы керек, сондықтан болар, жаз­ған­дарын оқы­ғаным болмаса, ешқашан «мы­науың кім, қаншалықты жақсы білесің, не болмаса мына оқиға өз басыңнан өтті ме?» деген сынды сұрақтарды артық санап келдім. Алғаш «Кінәлі махаббат» әңгімесін оқы­ғанымда, әрине, ішімді қызғаныш де­геннің тырналағаны,  ағыл-тегіл жы­ла­ға­нымды әлде көрді, әлде көрмеді. Көрсе де мән бермеді. Өйткені оның жаратылысы қат­ты, қайсар, қырсықтығын біліп қал­ған­мын. Бірбеткей. Өжет. Әкесі қырқынан шық­қан соң, әскерге кетіп, одан ары соғыс бас­та­лып, елге оралмай, ата-әжесінің қо­лын­да өскен бала ғой. Әкесінің жалғыз қа­рындасы да жесір қалған соң, әке-ше­шесін бағып, кемпір-шалдың қолында бол­ған. Әжесі мен әпкесінің, яғни екі ше­шесінің тәлім-тәрбиесін көрген. Атасы ауыл-елге аты мәлім жылқышы болған, бес жа­сынан ат үстінде өскен бала,  тау, су, өзен жа­ғалап қыс қыстауда, жаз жайлауда дала баласы болып өскендіктен болар, өзімшіл. Туған анасы әйел біткеннің көріктісі, сұлу да кербез болған екен. Небәрі жиырма төрт жасында жесір қалып, соңынан жесір әйел­дің, оның үстіне сұлу әйелдің соңынан ере­тін әбестікке ілеспейін деген болуы ке­рек, тұрмысқа шығып кетіп, бала сол екі же­сірдің қолында өседі. Кейде ойлаймын, со­ғыс жылдарындағы жап-жас жесір қал­ған келіншектердің тағдыры, боздақтардың ор­нын бозөкпелер басқан тар кезеңнің қиындығы  қолына қалам ұстауына әсер еткен болар, сірә?! Көзі ашық, көкірегі ояу атамыз бала Бексұлтанға үнемі кітап оқыт­қызып қояды екен. Отбасылық әңгіме ара­сында ата-әжесін аузынан тастамайды. «Мек­тептен алған сабағымызды үйде қай­талап дайындалып отырып, ата-әже­ле­рімізді біз оқытатынбыз», – деп риза болады. «Ең алғаш қолыма түскен кітабым – Сә­бит Мұқановтың кейін «Өмір мектебі» деген атпен шыққан «Менің мектептерім» болды, атама дауыстап оқып беретінмін» деп әлі күнге еске алып отырады. Атам бер­тін келе «Жалын», «Жұлдыз»,  «Қазақстан пио­нері» сияқты газет-журналдарды үйге жаз­дырып алатын болыпты. Б.Соқ­пақбаевтың, Қ.Жармағамбетовтің шы­ғар­маларын осы аталған басылымдардан оқиды екен. Көп кітап оқуының да әсері бол­ған болар, осы қаламгерлік жолға түс­кені де содан болар. Осы жылдар ішінде «Күй толғақ», «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір өкі­ніш, бір үміт», «Бейтаныс әйелдің құ­пиясы» сынды шыққан  көлемді дүниелері өз оқырмандарына өте таныс. Сол шығармалардың кейіпкерлерімен бетпе-бет кездескен сәттерім де болды. Тіпті, біразын танимын да. Әр дүниенің жа­рыққа шыққанына қаншалықты қуан­сам, ішімде соншалықты қызғаныш оты тұтанғанын несіне жасырамын?! Қызғаныш болмаған жерде сезім де жоқ! Ал сезім бол­маған жерде тірлік те тоқтайды емес пе?!  Сезімді тәрбиелеуге болмайды, ал тежеуге бо­лар,  жүрекке әмір жүрмейтіні анық. Қыз­ғанбадым демеймін, қызғанған шақ­та­рым да болды, талай мазасыз-ұйқысыз түн­дер де болды. Тіпті, үйге іздеп келген, те­ле­фон шалған келіншектер де болған.  «Тәте, ағаны жіберіңізші, қызығын бір кісідей-ақ көрдіңіз, сіз бақытты әйелсіз, біз де қызық көргіміз келеді» деп хабарласқан жағдайлар да болған. «Мен неге басыбайлы беруім керек, бүкіл жұптасқан ғұмыры­мыз­дың ащы-тұщысын, қиындығы мен жоқшылығын бірге көріп, енді ғана ес жиып, етек-жеңіміз  ұзарып,  көре бастаған қы­зығымды неге сенімен бөлісуім керек? ал ағаңсыз тұра алмаймын, екіншісі боламын дейтін болсаң, кел, үйден орын табылады са­ған», – деп едім, жылап тұтқаны тастай сал­ды. Әйел тақырыбын жазу үшін  кез келген кейіпкерлерімен тығыз байланыста болмаса, қарым-қатынас болмаса, ол шығарма шынайы шықпайтынын түсінген сайын, әрине, қызғанбасқа да болмас. Бірақ өзіңді ұстайсың, төзесің. Төзбеске амалың да жоқ, әу бастағы Мұқағали ақынның айт­қаны, одан кейінгі жылдарда, шығарма­шы­л­ыққа таза бет бұрған жылдары Бекістің де: «Мен мықты жазу үшін сенің мықты сенімің керек» дегені бар, сондықтан жазушының бабын тауып, мүмкіндік жасау бірінші парызым болды.  Ал жазушының жары болу, ақынның жары болу, жалпы өнер адамына жар болу оңай емес дейтіні де сондықтан болар. Қайбір жылы шетел жазушыларымен шығармашылық байланыс жасау үшін  жолсапарлап барып келді де, бір жазушының жазу тәсілін мысалға кел­тіріп отырып, маған да сондай бостан­дық керек  деді. Аптаның бір күні  мүлдем босатуым, қайда, кіммен деп сұрамауым керек екен. Сөйтіп, жұманы таңдады. Келіс­тім. Жұма күні жұмыстан соң кетеді, жексенбі күні түс ауа үйде. – Қызық екен, бірден келісе сал­дыңыз ба? – Әрине, келісу керек. Кергісең де тың­дайтын түрі жоқ. Өйткені ол ешқашан өзін кінәлімін, кешіктім, кешір дегенді айтып көрген пенде емес. – Сонымен... – Содан бала-шағаны демалыс күндері жуындырып-шайындырып, сабағын бақылап, ас-су дайындап, үй тірлігімен жү­ріп екі күннің қалай өте шыққанын да бай­қамайсың. Жексенбі де келіп жетті, бі­рақ ол жоқ. Кеш батты, қараңғылық қою­ла­на түсті, Бекісімнің қарасы да көрін­бей­ді. Енді не істеймін, сонда қайда, кіммен де­ген сұрақ емес, ертеңгі жұмысын ойлап, жа­ным шығып барады. Ол кезде Шера­ғаңның, Шерхан Мұртазаның қарамағында қыз­метте. Басқосуларда, әріптестер кездескен кездері түлкібастық деген соң бүйрегі бұра ма, жақсы көріп тұрушы еді. Амал жоқ, телефондауға тура келді. Телефонның ар жағынан Шерағаңның гүр еткен даусы шықты да, жағдайымды айта бастап едім, та­ныды да  үні жұмсара қалды. «Бексұлтан ініңіз ауырып, жұмысқа бара алмай қалды» дедім тұншығып, өтірік айта алмайтын бейшара басым. Ар жақтан гүр еткен дауыс қайта шықты, «Ол кісіңіз жұмыста, дәл ме­нің жанымда отыр» демесі бар ма?!. Ұят­тан өртеніп кете жаздадым. Кейінгі кездесулерде Шерағаң иығымнан қағып, өті­рігімді «ризашылықпен» қабылдағанын біл­діріп жүрді. –  Сіз білетін кейіпкерлері жайлы қы­зығып отырмыз... – Мектеп қабырғасында жүрген кез кел­ген оқушы бойжетіп, ержете бастаған керемет бір кезеңді басынан өткеретіні сын­ды, қаламгер де оқушы кезінде бір қыз­ға ғашық болады. Қыз да кетәрі емес. Ба­ла махаббат, аты айтып тұрғандай, бала­лық­тың қайталанбайтын әдемі бір шағы. Екеуі мектеп бітіріп, екі жаққа кетеді де, қайта қауышпайды. Үйленеміз деген уәделері де болған. Бірақ үйдегілер қарсы болған сыңды, оны кейін қайнымнан естідім. Ара­да талай жылдар өтіп, әлгі келіншек, күйеуден ажырасып, тағдыр тәлкегіне түс­кен алғашқы махаббат, алғашқы ғашығы қалаға келмей ме? Жұмыстан келген соң, дастарқан басындағы өзара әңгіме арасында: «Үйге келгісі келеді, сенімен танысқысы келеді, шақырсақ қалай қарайсың?» дегені, мен не деймін, әрине, келісім бердім. Жақ­сылап ас мәзірін дайындап күтіп алдым. Тағдыр қиындығын тартса да,  әлі әйели болмысы бұзыла қоймаған сымбатты-ақ. Ол қандай күйде болғанын, түнімен не ой­лап, не қойғанын қайдам, өз басым ұйық­тай алмадым. Адам жанының шы­дам­дылығы, қайсарлығы, әсіресе, әйелдің ішкі сезімін тыю дегеннің қандай қиын екені жүрегімді ауыртты. Бір кездері араларында ғашықтық сезімі болған азаматтың, басқа бір әйелді құшақтап жатқанын сезіну былай тұрсын, дәл қасында, таяқ тастам жер­де  жату дегеннің азабын сонда сезіндім. Ал Бекіс алаңсыз, қалың ұйқыда. Әйелдің ақылдылығы, сұлулығы, ұстам­дылығы көп ретте іште кек болып қатып қалуы да әбден мүмкін. Жүрекке түскен дү­ние оңайлықпен өше қоймайды, ұмы­тылмайды да. Жүрек қартаймайды. Ұмыт­тым деген күнде де естен кетпейтін сыр­лар әр пендеңіздің жүрегінде болады. Сыртқа білдіргісі келмесе де, ол да ет пен сүйектен жаралған ғой, қанша жыл өтіп кетсе де, ішін­де бәрібір бір сезім тұншығып жататыны ақиқат. Ол әйелді шығарып салған соң осы ойымды Бекіске айтып едім: «Ой, отыз-қырық жыл өтіп кеткен нәрсе ғой» де­ді жай ғана. – Жазушының тарихи романдарымен де таныспыз. Дегенмен әйел та­қы­рыбы, әсіресе ерлі-зайыптылар ара­сын­дағы сезімсіз шығарма кемде-кем. – Бұл тақырып өмір бар жерде еш­қа­шан бітпейтін, құпиясы да қоюлана түсетін тақырып. Әйелдің тағдыры, ерлі-зайып­тылардың арасындағы қатынас, ол біздің кезімізде жабық тақырып болғаны жасырын емес. Анда-мұнда көркем шығар­ма­лар­дан, оның өзінде де үлкендерден жасырынып оқушы едік. – Жасырын демекші, қаламгердің төрт қыз, бір ұлы бар екенінен хабар­дар­­мыз, әке шығармаларына көзқа­рас­тары қалай екен?.. – Иә, Бекіс екеуміз – төрт қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, жарық дүние сыйладық. Ба­лалардың бәрі қазақ мектебін үздік бітірген, дипломдары бар мамандар. Бір-бір шаңырақтың иесі. Қыздар бойжетіп әке­лерінің шығармаларын оқи бастаған кез­дері: «Мама, сіз қалай қызғанбадыңыз, мы­на дүниені алғаш оқығанда не істедіңіз, біз ес білгелі екеуіңіздің дауыс көтеріп, не бол­маса ұрыс-керіс болғанын да естімеппіз», – деп таңғалатын. «Айналайын-ау, әкең жазушы, ал көркем дүниелердің бәрі өз басынан ғана өткен оқиға емес, әдеби өң­деу, әсірелеу, шығарманың шынайы шығуы үшін әртүрлі тағдырлардың қо­сындысы, типтік образ ғой», – деп түсін­дір­гендей болдым. Одан кейін ешқайсысы тіс жарған емес. Тағы бірде өжеттігі әкесіне ұқ­саған Жанар деген қызымыз түскі астан кейін: «Әке, жүріңізші, екеуміз еркекше сөй­лесейік», – деп төрге бөлмеге ертіп кетті. Аңырап отырып қалдым. «Құдай-ау, қызы не сыр жасырып жүр, әкесіне не айтпақшы, тұр­мысқа шығатын болса, бірінші маған айт­пай ма», – деп ойланып қалдым. Біраздан соң әкелі-қызы ештеме болмағандай кү­ліп шықты. Не әңгіме болғаны жайлы не Бе­кіс, не Жанар осы уақытқа дейін айтқан емес... – Бәлкім, «еркекше» сөйлесейік дегеніне қа­ра­ғанда, бір әңгімесі жайлы болар... – Мүмкін... Ол да мүмкін. – Жазушының жас кезіндегі мінезі өзгерді ме? – Өзгерді, қаталдығы бүгінде мейірім­ділік­ке ауысқан. Дегенмен жалғыз өскен­дік­тен, шал мен кемпірдің, әкесінің жалғыз қарындасының да тәлімін көрген, барын аузына тосқан, айтқаны екі болмаған өжеттігі, қаталдығы сол қалпы, өзімшілдік ба­сым. Бетің бар, жүзің бар демейді, ойын ашық айтып, пікірін ашық білдіретін сол мінезі кейде алдынан шығып та жатады. Бірақ ешуақытта өзінікін бұрыс, дұрыс емес болды-ау деген емес. Қазақ «Туа біткен мінез сүйекпен кетеді» демей ме?.. Қария­лы­лыққа бет бұрды, өз балаларының өзі ата-әже, ене. Сондықтан болар, көзге көрін­ген немерелеріне өте мейірімді, айтқан­дарын екі етпейді. Амандық болса, шөбере көретін кез де алыс емес. Қазақтың  әдебиеті мен мәдениетіне қо­мақты үлес қосқан, әлі де жазғанынан жа­зары көп жазушы Бексұлтан Нұржеке­ұлы­ның жарына бүкпесіз әңгімесі үшін ал­­ғы­сымызды айтып, қоштастық.  «Аға­ларың­­ның тағы екі әйелі бар, бүгін соның біреуіне кетті» деп жазушының хатшысына кет­кенін жеткізген  әдемі қалжыңы ойы­мызға түсіп, риясыз күліп алдық. Қайран, қа­зақ әйелі арды ойлаған!.. Радиоқа­был­дағыштан дәстүрлі әнші Нұржан Жан­пейі­совтің орындауындағы Бексұлтан ағаның:  «Әй, дүние-ай, шіркін, Өтерсің бір күн Өтеріңді еске сап жүр, дүркін-дүркін», – деген әні көңіл күйімізді одан сайын желпігендей күй кешіп келеміз...  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ, Алматы