Ұлыбританияға Еуроодақ көлемінде ерекше мәртебе беріледі

Ұлыбританияға Еуроодақ көлемінде ерекше мәртебе беріледі

Ұлыбританияға Еуроодақ көлемінде ерекше мәртебе беріледі
ашық дереккөзі
614

         Брюссельде өтіп жатқан саммитте Еуроодақ мүшелері Ұлыбританияға ерекше мәртебе беру туралы тоқтамға келді. Бүгін түнде Еуроодақ мемлекеттері саммиттің қорытынды құжатты мақұлдады, деп хабарлайды 24.kz.

         Ақпарат көзінің хабарлауынша, Брюссель мен Лондон арасындағы бірнеше сағатқа созылған келіссөздер түн жарымға дейін жалғасқан. Оның қорытындысы жайлы Британия Премьер-министрі бірден әлеуметтік желіде жария етті.     "Соңғы біреше сағат бойы мен келіссөздер жүргіздім. Соның арқасында Еуроодақ ішінде Ұлыбританияға арнайы мәртебе беретін келісімге қол жеткіздік. Лондонға ұшып келе салысымен министрлердің басын қосатын боламын. Ұлыбритания тығыз қарым-қатынасты көздемейді. Британия ешқашан Еуропаның астам державасының бір бөлігі бола алмайды", – деді Дэвид Кэмерон.

         Брюссельмен қарым-қатынасы оңала бастаған Лондон кейінгі уақытта Еуроодаққа ары қарай мүшелік етуге қарсы еместігін білдіріп жүр. Бірақ Дэвид Кэмерон Ұлыбритания қоятын шарттарды айтып, одақ көлемінде реформалар жүргізілуін талап еткен болатын. Премьер-министр еуро аймағындағы мультивалюталық одақ бәсекеге қабілеттілікті күшейту, ұлттық парламент өкілеттігін арттыру және көші-қон заңнамасын қатаңдату мәселелерін көтерді. "Ұлыбритания ешқашанда еуроға қосылмайды. Біз өзіміздің экономикамызды қорғап қалу үшін күрделі шараларды қабылдадық. Бірыңғай нарықтағы еркін сауда ережелеріне толық сәйкес болу үшін де аз тер төккен жоқпыз", – деді Ұлыбритания үкіметінің басшысы.

         Саммиттің қорытынды құжаты бойынша бұдан былай Ұлыбритания Еуроодақтың еңбек мигранттарына әлеуметтік жәрдемақы төлеуді 4 жыл мен 7 жыл аралығында жүзеге асыра алады. Брюссельдің Лондонға жасаған басты жеңілдігі осы. Ұлыбританиядан сондай-ақ терең интеграция талап етілмейді. Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер: "Ұлыбритания әуелден-ақ Еуроодақта ерекше мәртебеге ие болып келді. Және бұл жайт құрамына 28 ел кіретін қауымдастыққа кесірін тигізіп көрмеген", – деп саммит шешіміне қарсылық білдірген сарапшыларды сабасына түсірді.

         Ал Еурокеңес төрағасы Дональд Туск "Ұлыбритания мен Еуропа бір-біріне тәуелді. Бұл байланысты үзу біздің мүддемізге қайшы келеді. Аталған қарым-қатынас ажырамас үшін барымызды салдық. Дегенмен соңғы шешімді британ халқы қабылдауы тиіс" деді. Қазіргі таңда Ұлыбританияның Еуроодаққа мүшелігін сақтап қалу жөніндегі келісімнің соңғы мәтіні қазір техникалық мамандар деңгейінде талқылануда.

Серіктес жаңалықтары