Флобердің сиқырлы әлемі

Флобердің сиқырлы әлемі

Флобердің сиқырлы әлемі
ашық дереккөзі
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі,  сахна көркемдеудің үздік шебері Флобер Темірғалиұлына арналған «Театр сахнасындағы сиқырлы әлем» атты көрме өтті.   «Театр сахнасындағы сиқырлы әлем» көрмесіне гобелен суретшісі,  Флобер Мұқановтың ұлы Малик Мұқанов пен жары, режиссер-мультипликатор Тамара Мұқанова, достары суретші, кескіндемеші Светлана Шкляева мен Мелдехан Қасымбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретші-сценографы Мұрат Сапаров қатысты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген  өнер қайраткері,  Қазақстандағы анимациялық киноның негізін салушылардың бірі, сахна көркемдеудің үздік шебері, суретші – Флобер Мұқанов 1939 жылы 14 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге  келген. 1960 жылы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 1978 жылы Мәскеудегі МХАТ студиясының қоюшы-суретшілік бөлімін бітірген. Сол жылдан бастап М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына суретші болып жұмысқа қабылданады. Флобер Темірғалиұлы «Майра» (Ә.Тәжібаев), «Шыңғысхан» (Иран-Ғайып), «Абай»  ( М.Әуезов), «Қозы Көрпеш–Баян сұлу, «Ақан сері–Ақтоқты» (Ғ.Мүсірепов), т.б. спектакльдерінің декорациясын жасады. Ол Қазақстанның  өзге де театрларында жұмыс жасап, көптеген халықаралық деңгейдегі көрмелердің  қоюшы-суретшісі болды. Сонымен қатар ол пейзаж жанрында өзіндік қолтаңбасы бар суретші ретінде де танымал. Қазақ сценография өнерінің дамуына мол үлес қосқан Флобер Мұқановтың  графика, акварель, темпера техникасында салған шығармалары мемлекеттік және жеке қорларда сақтаулы. Сценограф-суретшілер сахнаның сұлулығын, эстетикасын, оның тұтастай атмосферасын түзуші мамандар. Театр суретшісінің жұмысы сахнаны әрлендіру және қойылыммен үндестігіне қарап бағалайды. Көрменің мақсаты – бір қарағанда қарапайымдау көрінетін жұмыстың астарында қаншама сыр мен ой жатқанын жас ұрпаққа, өнерсүйер көпшілікке, театр тарихына қызығатын ізденушілерге насихаттау, сонымен қатар театр әлемі тек режиссермен немесе актерлермен  шектелмейтінін көрсету. Көрме барысында суретші Ф.Мұқановтың еңбектері  экспозицияда кезең-кезеңмен көрсетілді. Өнер қайраткерінің ұмыт бола бастаған бейнесі көрермен жадында қайта жаңғырды.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ