– Суреттеріңізді әлеуметтік желіде жариялап отыру туралы ой қалай келді?
– Желіге кіргенде сурет саламын деп ойлаған жоқпын. Мен көп көргенмін, көп білем, көп оқыдым, соны жазып отырам деп ойласам, желіде менен көп білетін білімді азаматтар отырады екен. Солардың жазғанын көріп аузым ашылып қалды. Менің білетінім түкке де тұрмайды екен. Шежіре туралы бірдеңе жазып едім, қып-қызыл дау болды да қалды. Содан жазғанымды өшіріп, тұра қаштым.
Таныс достың бірі «Болат, сен жақсы суретшісің. Неге суретіңді салып отырмайсың?» деді. Осы сөз көкейіме қона кетті. 8 қап суретті 4 жыл отырып сканер деген аппаратпен компьютерге электронды нұсқасын аударып алдым. Аударып жатып арасында бірер суретті желіге жылт еткізем, бәрі шу ете қалады. Байқаймын, суретіме жұрттың ықыласы бөлек.
Осыған дейін қанша сурет жариялағанымды есептемеппін. Мен тек ешкім көрмеген, ешқайда жарияланбаған суреттерімді салып жатырмын. Менің түсіргендерімнің көбі кезінде газет талабына келмеген суреттер. Газет жұмысымен жүргенде осындай шығармашылық суреттердің бейнелері кездеседі. Ондай сәтті қалт жібермей түсіріп аламын. Осыдан 49 жыл бұрын түсірген Арал теңізі толып тұрған кездегі суретімді де енді жариялап отырмын.
– Сіз фотоларыңыз арқылы адамның өзіне беймәлім қырларын ашатын секілдісіз. Өзіңіз объективті қолға алғанда түсіретін адамға қарап, бірінші не туралы ойланасыз?
– Рақмет, мен түсірген адамның беймәлім қырын сезіп жатсаңыз қуанамын. Бірінші суретке түсіретін кейіпкеріме қарап бұл кісінің болмысын қалай жеткізе аламын деп ойланамын. Сосын түсіре бастағаннан-ақ миға ой келе бастайды. Қызылорда облысында соғыста 2 баласы хабарсыз кеткен жасы 100-ге келген Қалампыр әжейді екі күн бойы суретке түсірдім. Алғашында әжей суретке түсуге көнбеген соң амалсыздан «Әже, ұлдарыңыз тірі, хат жазыпты, онда апамның суретін салсын депті» деп алдадым. Әжейді алдағаныма әлі өкінемін. Екі күнгі түсірілім барысында 100 кадр түсірдім. Бірақ соның 99-ы жарамады, тек біреу кадр ғана жарады. Осыдан-ақ шығармашылық фотосуретшілердің еңбегін біле берсең болады.
– Бүгінде қолына сапалы фотоаппарат ұстаған жастар көп. Бірақ селт еткізер ерекше суреттер аз...
– Бүгінгі фотосуретшілерге жетіспейтіні – білім. Жастар кітап оқымайды, кітап түгіл өлең оқымайды. Смартфон шұқылап отырғандары. Қарапайым адамнан тұлғаларды ажырата алмайды. Жақсы суретші ақын сияқты сезімтал болу керек. Қайбір жылдары «Соғыс жесірлері» деген сериялы суреттерді үш жыл түсірдім. Жесірлер жоқтау айтып жылағанда қосыла жылаған күндерім болды.
– Сіз жайында «Қоғалыкөлдің «Құлагері» деген кітап жазылып жатқанын естідік.
– Жазушы, телевизия саласының ардагері Тілеген Бекарыстанов мен туралы кітап жазып жатыр. Бұл – көркем шығарма түрінде жазылған дүние. Тілеген екеуіміз кітапты осы көктемге дейін шығарамыз ба деп жүрміз. Екеумізде кітап шығаратын ақша, не демеуші жоқ. Алғашында аз ғана данамен шығарып көрейік, кейін сұранысқа қарай шығара береміз деп отырмыз.
Кітаптің ішінде 150-дей шығармашылық суреттер бар. Бұл жай суреттер емес, бүкіл Сыр бойының тарихы, қазақтың бүкіл ірі тұлғаларының қимыл-қозғалыс үстіндегі суреттері. Бірақ менің өнерімнің қазаққа керегі жоқ қой деймін. Әйтпесе осындай кітапқа Қызылорда облысының әкімі демеуші бола алады ғой. Өкінішке қарай, әкім менің кім екенімді білмейді, білсе де білгісі келмейді.
Кезінде Мәскеудің үш жерінде, Украинаның Армавир қаласында және Польшада көрмелерім өтті. Бірақ туған жерім Қызылордада бір көрмемнің өтпеуі қынжылтады.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ