 – Әр дәуірдің музыкасында өз кезінің сарыны мен екпіні болады. Сіз өткен ғасырдың 80-жылдарында өте танымал композитор болдыңыз. Шығармаларыңыз халықаралық фестивалдарда орындалып, жүлделі орындарға ие болып жатты. Сіз жазған музыкаларда жасампаздық құдіретті сездіретін екпін болды. Халық музыкасының нәрін шеберлікпен өз шығармашылығыңызға сіңіріп, оны жаңашылдықпен ұштастырдыңыз. Міне осыны байқаған кей кісілер сіздің шығармашылығыңыздың негізінде Сыр бойының әуендері жатыр деп те жатады. Жалпы, өз шығармашылығыңыздың бастаулары жөнінде не дер едіңіз?
– Өткен ғасырдың 70-жылдарында қазақ музыкасына бір топ жаңашыл жас композиторлар келді. Бәрі де менің қатарластарым, өнердегі біздің буынның өкілдері. Бәрі білімді кәсіби композиторлар. Олардың бәрі қазақ эстрадасына өз жаңалықтарын әкелді. Солардың қатарында мен де бармын.
Осы бір білімді де талантты қазақтар әлемдік эстраданың жетістіктері мен ұлттық әндеріміз бен күйлеріміздегі екпін мен сарынды ұштастырғанда музыкамызда бұрын болмаған бір жаңалық өмірге келді. Бұл бағытта әрқайсымыздың өзіндік ізденістеріміз болды.
Мен Сыр бойында туып-өскен адаммын. Жастайымнан сол өлкенің жыр-термелерін, күйлерін құлағыма сіңіріп өстім. Кейін музыкадан жеткілікті дәрежеде білім алып, көзім ашылғанда ғана мен туған өлкенің музыкасы қазақ елінің өзге аймақтарымен салыстыра қарағанда мүлде бөлек болмысты дүние екеніне көзім жетті. Бізде ұлттық музыканың зерттелу жағдайына көз салғанда Арқа мен Батыстың музыкалық мұралары көп зерттеліп, Сыр бойы мен Жетісу өлкесінің назардан тыс қалғанын көресің. Оған әрине Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков секілді әншілердің әсері болды. Кішкене кезімнен әкемнің алдында отырып, жыраулардан терме, хисса, жыр-дастандарды тыңдап, құлағыма құйып өстім. Кейін композитор атанып, әндер шығара бастағанымда «Дүйсекеев қазақ әндерін жазбай, мүлде бөлек әуендердің жетегінде жүр» дегендер де болды. Оның бәрі көпшіліктің Сыр өлкесінің музыкалық мұраларынан бейхабарлығынан еді. Өзге жұртты былай қойғанда қазақтың өзі толық танып-білмеген Сырдың әуендері жаңа дәуірдің музыкасына негіз болғанда осындай тосырқаушылық болған. Бірақ жалпы халық жақсы қабылдап, мен жазған әндердің түп-тамырында қандай саздың жатқанына көзі жеткен соң сыншылардың көзқарасы өзгерді.
– Әрбір ізденістің бір нәтижесі болары анық. Сізге Сыр бойы әуендерін стилизациялау не берді, ол бағытта шығарған әндеріңіз арқылы қандай жаңалық әкелдіңіз?
– Бұл жайында айтар болсам, менің «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада» деген екі әнімді ерекшелеп айтар едім. «Сәлем саған туған елге» келетін болсақ, біздің Сыр елінде терменің одалық сипаттағы мақтау-мадақтау деген түрі бар. Сол термелердің интонациялық байлықтарын пайдаланып, оны заманауи эстраданың жетістіктеріне ұштастыра отырып, жаңа туынды жасау талпынысынан «Сәлем саған туған ел» әні шықты. Ал «Домбыра туралы балладаға» күйдің екпіні мен сарыны пайдаланылды. Осылайша екі ән өзінің дара табиғатымен бөлекше өнер туындысы болып шықты. Мен олардың дараланып тұрғанын қалап, бұл бағыттағы ізденістерге тереңдеп бармадым. Сол жаңалығымды стилдік ерекшелік қылып алып, әрі қарай жалғастыра бергенімде бір тектес тағы бірнеше ән дүниеге келер еді, алайда жаңағы екі әнді көмескілеп тастауы да мүмкін еді. Мен ұзақ ойлана келе одан саналы түрде бас тарттым.
– Кәсіби композитор ретінде классикалық бағытта қандай шығармалар жаздыңыз және ол елімізден тысқары жерлерде орындалып жүр ме?
– Классикалық бағытта концерт-симфония, симфониялық көріністер, кантаталар жазылды. Хорға, фортепианоға, симфониялық, камералық оркестрге де арнап жазылды. Олардың ішінде елімізден тысқары жерлерде де орындалып жатқандары бар. Мысалы, симфониямды кезінде Мәскеуде Светланов Евгений Фёдорович деген атақты дирижер оркестрде орындатты. Ол кісі 1965–2000 жылдар аралығында бұрынғы КСРО мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры болған адам.
Фортепианоға арнап «Ноктюрн» деген шығарма жазғам. Сол кейін бір кітапқа еніп, баспадан шығып, консерваторияның бір мұғалімі орындап жүрген екен. Сол жігіт бір музыкалық оқу орнының шақыруымен Англияға барыпты. Не себеп болғанын білмеймін, аталған оқу орнының ректоры бір ыңғайы келгенде қонақтарына: «Сендер жан-жақтан келген музыка маманысыңдар. Сондықтан әрқайсың бір-бір шығармадан орындап, концерт беріңдер», – деп өтініш жасапты. Оны бәрі қабыл алып, Қазақстаннан барған жігіт менің жаңағы «Ноктюрнімді» орындаған ғой. Ректор, өзі сексенге келіп қалған кісі екен, алдыңғы қатарда көзін жұмып, бұйығып отырып тыңдапты да, шығарма орындалып біткенде сахнаға шығып, біздің жігітке рахметін айтып: «Бұл шығарма мені өмір сүруге қайта құлшындырғандай әсер етті, осының нотасын беріп кетіңіз», – деп өтініш жасапты. Ініміз: «Мен бұны жатқа орындап отырмын, нотасы Алматыда қалды, барғасын салып жіберейін», – деп уәде беріп, елге оралғасын «Ноктюрнның» нотасын әлгі кісіге жеткізіп берген көрінеді.
Бізде Қымбат Нұралиева деген дирижер-хоровед бар. Қазір Ақтауда «Ер Төстік» деген балалар хорын басқарады. Сол кісі Еуропаның көптеген мемлекеттерінде өткен конкурстарға барып, менің «О, туған жер!» деген хорға арналған акапеллалық шығармам орындалғанда тыңдармандардың жылы қабылдағанын айтады. Бұл жағдайлар әрине шығарма авторына қуаныш сыйлайтын және мен жазған классикалық жанрдағы шығармалардың шетелдерде орындалып жүргенінің бір дәлелі.
Жұрттың көбі «Кеңес Дүйсекеев тек ән жазатын композитор» деп ойлауы мүмкін, жоқ, керісінше мен негізінен кәсіби композитор ретінде классикалық жанрда үлкен шығармалар жазамын. Әндер – солардың ара-арасында жазылады.
– Кеңес Дүйсекеұлы, музыка саласында әлем қазақтан кімді біледі және қалай бағалайды? Осы жөнінде ойыңызды айтсаңыз.
– Әлем қазақ композиторларынан кімді білуі мүмкін? Ахмет Жұбановты, Евгений Брусиловскийді білетін шығар. Сол сияқты Еркеғали Рахмадиевті, Ғазиза Жұбанованы, Нұрғиса Тілендиевті біледі. Кәсіби композиторлар ретінде. Сол сияқты халық композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерейдей данышпандар бар. Олардың жаратылысы бөлек музыкаларына әлем таң қалады ғой. Шығармаларын сүйсіне тыңдайды.
Осы арада айта кететін нәрсе – бізде кәсіби композиторлардың насихаты аз. Дәріптеу жөнінде де кемшіліктер бар. Сондықтан осындай тұлғаларымыздың еңбектерін дүниежүзіне танытуға ел болып, мемлекет болып атсалысуымыз керек.
Мен телевидениеге келгенде «Жасөспірімдерге арналған музыкалық кеш» дегенді бастағанбыз. Гайдн, Моцарттан бастап камералық оркестрде ойнап, Жолан Дәстенов деген композитор қазақша жүргізіп, бәрін қазақша түсіндіретін. Сөйтіп халықтың білімін көтеруге талпыныс жасағанбыз. Кейін сол жақсы дәстүр тоқтап қалды ғой. Жақсы идеялар жалғасын таппағаннан жаман нәрсе жоқ қой.
Телевидениеде жүргенімізде ашылған «Тамаша», «Шабыт», «Халық –талант қайнары», «Терме», «Айтыс» деген хабарлар болды. Солардың көбісінің ашылуына себепші болғанның бірі менмін.
Сол жерде жүріп ұлттық музыкамыздың майталмандарын сыртқа танытуға ұмтылыс жасаған да кезіміз бар. Мысалы, қырық минуттық «Нұрғисаның домбырасы» деген хабар жасап, соңынан оны орысшаға аудартып, Мәскеуде орталық телевидениеден көрсетуге қол жеткіздік. Әрине, сол жердегі кейбір кісілермен байланыс жасап, несін жасырайық, тойдыратынын тойдырып, ойымызды жүзеге асырдық. Қалай болғанда да мақсатқа ұмтылып, қазақ музыкасының танылуына қолғабыс жасадық. Сөйтіп бір жұмысты бітіріп келгенде телевидение басшылығы өзіміз жасаған хабарды орталықтан көрсете алғанымызға таң қалған. Өйткені оған дейін біздің телевидениеміз тарапынан жасалған бір де бір хабар орталық телевидениенің сүзгісінен өтпеген екен. Жасыратыны жоқ, сол тұста Нұрғиса ағамыз музыкадан шеттеп, өзіне етене ортадан бойын аулақтау салып жүрген. Әлгі хабар оған шынымен шабыт берді. Қайтадан қанатын қомдап, шабыттанып, өзін қолға алды. Әйгілі «Отырар сазын» құрды. Былайша айтқанда, әлгі хабарды орталықтан көрсетуіміз – ағамыздың екінші тынысын ашып жібергендей болды. Оны өзі де айтқан бір кездескенімізде. Менің кәсіби композиторлардың еңбектерін насихаттап, талантын дәріптеу керек деп отырғанымның мәнісі осы. Қанша талантты болса да, еңбегі еленбеген өнер иесі мұқалып тынады. Ондай жағдайға түсіп қалған дарынды кісілердің оңалуы да қиын болады.
Кешегі өтпелі кезеңде нан табу үшін қаншама талантты жастар базар жағалап кетті. Солардың талайы баяғы деңгейіне жете алмай, өнерден біржола қол үзіп кеткені ащы да болса шындық.
– Қазақ музыкасының болашағы бәрімізді мазалайды. Күй жанрын қалайша үлкен музыка деңгейінде дамытуға болады?
– Күй жанрын дамытып, үлкен деңгейге көтеру үшін бәрін өзімізден бастауымыз керек дер едім. Оның қолданыс аясын ұлғайту қажет. Қолдан келсе көптеген салаларға пайдалану керек. Сондай өзгеше ұлттық өнеріміздің бар екенін бәрі білуі керек.
Кезінде Алматының көптеген мектептеріне қоңырау даусының орнына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет секілді ұлы халық композиторларының күйлерін пайдалану туралы ұсыныс жасағанмын. Соны қазір біраз гимназия, колледждер жасап жүр екен. Соның бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Миразова болды. Ол кісі менің ұсынысымды жұрттан бұрын түсініп, қатты қолдады.
Міне, осындай кішкене талпыныстардың өзі ұлттық музыкамызды дүниежүзілік деңгейде танымал болуына бастама болуы мүмкін. Әлемге танытамыз десек оған лайықты тұлғаларымыз аз емес. Мысалы, Нұрғиса Тілендиев ағамыздың шығармашылығы оған толық жауап береді. Қазақтың күйлерін біз музыка өнерінің шедеврі деп түсінуіміз керек.
– Кейбір кісілер қазақтың күй өнерін классикалық туындылармен салыстырғанда өте шағын, сондықтан оны оркестрлер сағатқа жуық орындайтын симфония дәрежесіне көтеру керек деген пікірді айтып қалады...
– Жоқ, ол жаңсақ пікір. Мәселе музыкалық шығарманың орындалу уақытының аз-көптігіне тіреліп тұрған жоқ. Шығарманың көлемі оның сапасын анықтайды деп сауаты бар, түсінігі дұрыс адам айтпайды. Егер біздің күйші композиторларымыз жиырма, жиырма бес минутқа созбай үш-төрт минут қана орындалатын күй арқылы шедевр туынды жасай алса – ол тек ұлылықтың белгісі. Ұлы таланттың қолынан келетін іс. Демек, жаңағыдай пікірге құлақ қоюға ешқандай негіз жоқ. Үш-төрт минутқа қана созылатын қазақ күйлерінің әрбірін бір симфония деуге болады. Оларда қаншама терең философия жатыр! Симфония дегеніміздің өзі философия емес пе?
– Әрине, кейбір классикалық музыка тыңдайтын кейбір адамдар «Моцарт, Бетховен, Бах секілді әлемге әйгілі композиторлар жазған симфонияда барлығы бар, ондағының бәрін көлемі шағын күймен жеткізу қиын» деп жатады...
– Мысалы, атақты композиторымыз Еркеғали Рахмадиевті алайық. Ол кісі симфониялық оркестрге лайықтап Дайрабайдың күйі – «Дайрабайды», Дәулеткерейдің күйі «Құдаша-думанды» жасады. Осылардың бәрі күй емес пе? Бізде оны бастаған Е.Г.Брусиловский. Ол өзінің 6-симфониясына басынан аяғына дейін Құрманғазының «Балбырауын» атты күйін пайдаланған. Осының насихаты, дәріптеуі болмағаннан кейін қазақ халқы оны қайдан білсін. Демек күйді симфонияға айналдыру – бізде әлдеқашан жасалған дүние. Тек соны дамыту керек. Ал біздің оған мойнымыз жар бермейді. Оның орнына талғамды құртатын той әндерінің ізіне еріп кеттік.
– Сонда талғамды көтеретін музыкалардың дамуын қалпына келтіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Кезінде қалыптасқан жақсы дәстүрлер болды, мәселен, көркемдік кеңес деген. Соларға қайта оралу керек. Осы жайлы мен де, басқалар да талай рет айтып, БАҚ беттерінде қайта-қайта қақсай бергендіктен болар, Қазақ радиосында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жоғалып кеткен көркемдік кеңес қайта оралып, 2009 жылдың 28 қаңтарында аталған кеңестің бірінші отырысы өткен болатын. Оған менен басқа Жүрсін Ерман, Исраил Сапарбаев, Сара Тыныштығұлова, Мұрат Құсайынов, Роза Рымбаева, Шахмардан Әбілов, Медеу Арынбаев секілді қазақ әніне қатысы бар бірталай адам қатысты. Сонда күніне бірнеше сағат радиоға түскен әндерді тыңдап, «мынау жарайды, мынау жарамайды» деп бөліп отырдық. Қазақ радиосының «Алтын қорына» кіретін әндерді іріктедік. Оны әрине ақы-пұлсыз атқардық, қазақ өнеріне жанымыз ашығаннан кейін. Сол жақсы басталған істің қазір нәтижесі жоққа айналып барады. «Алтын қорға» кіргізілген әндер берілмейді. Оның орнын дарынсыз жазылған көрбай-жербай әндер басқан. Бәрі былығып, қайтадан баяғы қалпына түскен. Неге олай болғанын түсіндіретін бір адам жоқ.
– Бізде әлемдік дәрежеде өнер көрсете алатын дирижерлар бар ма, сол сияқты біздің елде оркестрге арнап жазылған музыкалардың партитуралары шетелдерде пайдаланылған жағдайлары бар ма?
– Әрине, бізде жазылған партитуралардың насихаты болса неге пайдаланбасын, пайдаланады ғой. Сол сияқты бізде сен айтып отырған дәрежедегі дирижерлар да бар. Мәселен Ерболат Ахмедияров, атақты Қаршыға Ахмедияровтың ұлы. Өте талантты дирижер. Өз дәрежесінде өнер көрсетейін десе оған жол бермей отыр. Оны қолдайтын, демеу болатын адам тағы жоқ. Әкесі де марқұм боп кетті. Тіпті әкесі тірі кезінде де ештеңе істей алмады. Ондай талантты жастар жетеді бізде. Талантты музыкалар да бар, кез келген шетелдік концерттерде ұялмай ойнап көрсете алатындай. Кез келген шетелдік жоғары дәрежедегі оркестрлердің репертуарына кіргізуге болатындай. Бірақ соған басын ауыртып отырған кім бар?
– Осы бір-екі жылдықта Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне бас дирижер іздеп жатқанын естіп едік...
– Іздесе, айтып отырмын ғой, кез келген оркестрге бас дирижер бола алатын талантты жастар бар деп.
Кезінде Құрманғазы оркестріне бас дирижер табылмай, сол орынға марқұм Төлепберген Әбдірашевті шақырған. Сол тұста ол кісі симфониялық оркестрді басқаратын. Сөйтіп екі оркестрдің де бас дирижеры болғаны бар. Ол әрине дұрыс емес, әр оркестрдің өз қожайыны болуы тиіс. Өйткені дирижер өзі басқарып жатқан оркестріне толық көңіл бөлуіне мүмкіндігі жетпесе, оның жұмысы ілгері баспайды.
Дирижерлік демекші, қайтыс боларынан бір жыл бұрын көшеде Нұрғиса Тілендиев ағамызбен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол кісі мені өзі құрған «Отырар сазы» оркестріне дирижерлікке шақырған. «Менің қасыма екінші дирижер болып кел, жағдайың жасалады, атақ-даңқтан да құр қалмайсың», – деді. Ағамның шын ниетімен айтып тұрғанын сезсем де, ілтипатына алғысымды білдіріп, ұсынысынан бас тарттым.
Өзім де Қазақ телерадиосының эстрада-симфониялық оркестріне көркемдік жетекші және бас дирижер болып жиырма жылдай еңбек еткем. Сол оркестрмен талай әншілерді сүйемелдеп, дауыстарын грампластинкаға түсіргенбіз. Тіпті Нұрғиса ағаның өзі келіп, киноға қажет музыкаларды жаздырып алып кетіп жүретін.
– Қазір қандай жанрларда шығарма жазып жүрсіз?
– Өткен жазда трубамен орындауға арналған концертті бітірдім. Сосын Құрманғазының «Ақсақ киік» деген күйінің әуендік интонациясын пайдалана отырып хорға арналған шығарма жаздым. Камералық шығармалар да жазылып жатыр. Арасында әндер де бар. Шығармашылық тоқтамайды ғой. Қалыптасқан дүние солай жалғаса береді.
– Қазіргі кезде елімізде кімдерді кәсіби композиторлар деп атай аламыз? Ондай толыққанды өнер иелері бар ма бізде?
– Әрине, жоқ емес. Қуат Шілдебаев, Жоламан Тұрсынбаев деген кәсіби деңгейі жоғары композиторлар бар, олардың өзі алпысқа келіп қалды. Жастардың арасында таланттылары бар. Тек соны көбіміз біле бермейміз...
Жалпы деңгейі биік кәсіби композиторлар не болса соны жазып, жылтыңдап елдің көзіне жиі түсе бермейді. Менің досым бар, белорус композиторы. Эдуард Ханок деген. Кезінде оның әндерін КСРО-ның белді әншілерінің бәрі айтқан. Сол: «Әр композитор – өзіне өзі прокурор да, сот та болуы тиіс. Мен жылына қанша ән жазатынымды санамаймын, соның ішінен өз деңгейімде бір, не екі ән болса соны жарыққа шығарам. Есесіне бүкіл ел болып сол әнді шырқап жүреді» дейтін. Сол айтқандай композитор өз деңгейін қадағалап отырмаса ұсақталып кетеді. Толыққанды өнер иесі болу үшін бір ғана талант күші аздық етеді, талантты ұштау үшін білім мен ізденіс керек, тынбай еңбектену керек. Сонда ғана кәсібилікке қол жеткізесің. Бұл қағида барлық салаға ортақ.
– Қазақ музыкасын дамыту жөнінде қандай ұсыныс-пікірлеріңіз, ойларыңыз бар?
– Қандай ұсыныс болсын, жоғарыда ол туралы ішінара айтып кеттім ғой деймін. Дегенмен пікірімді түйіндейтін болсам, музыка – ұлттың асқақ рухының тілі екенін бәріміз білуге тиістіміз. Көптеген халықтардың музыкасын тыңдап отырып, қай ұлтқа тиесілі екенін бірден білесің. Демек, олар ұлт ретінде сақталып отыр деген сөз. Сол сияқты қазақ музыкасы да әлі өзінің түп негізін жоғалтқан жоқ. Бірақ ұлттық музыкамызға төніп тұрған қауіп жоқ деп айта алмаймын. Жастардың шетелдік музыканы тыңдауға бейім тұратыны, сазгерлердің ақша табу үшін жеңіл ырғақты музыкаға тым әуестеніп бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Бойына өз ұлтының музыкалық байлығын сіңірмеген жас ұрпақтың өзгенің жетегінде кетіп бара жатқаны өтірік емес. Демек, біз өнер тазалығын, қазақтың ұлттық музыкасын сақтауға күш салмасақ болмайды. Ол үшін шынайы таланттарды, кәсіби деңгейі биік композиторлар мен музыканттарды, әншілер мен күйшілерді мемлекет өз қамқорлығына алуы тиіс. Әйтпесе өнер өркендемейді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ