666
Қырғызстан Ресеймен арадағы келісімді тоқтатты. Неге?
Қырғызстан Ресеймен арадағы келісімді тоқтатты. Неге?
Қырғызстан мен Ресей арасындағы Қамбарата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-ін салу туралы үкіметаралық келісімнің бұзылатыны туралы болжамдар өткен жылдың күзінен бері басылым беттерінде бірнеше рет қылаң берген еді. Себеп – экономикалық дағдарыс салдарынан жоба инвесторы – Ресейдің келісім аясында берген уәделерін орындай алмауы. Екі бірдей СЭС-тің құрылысы тұралап қалғаннан кейін Бішкектің келісімді бұзғаннан басқа амалы қалмады. Қырғызстан парламенті қабылдаған келісімді бұзу туралы заңға 22 қаңтарда мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев қол қойды. Алатау бөктеріндегі ағайындар ғасыр құрылысы деп бағаланған екі су электр станциясының жобасына жаңа инвесторлар іздеуге кірісті.
«Тоқтағұлдың» тозығы жетті
Қырғызстанда СЭС салу туралы келісімге 2012 жылы Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанға іссапармен келгенде қол қойылған. «Интер РАО» Қамбар-Ата-1 нысанына жалпы қуаты 1860 мегаватт (МВт) СЭС салу үшін 3 миллиард АҚШ долларын, ал «РусГидро» жалпы қуаты 237,7 МВт болатын төрт шағын СЭС салу үшін 727 миллион доллар бөлуі керек-тін. 2013 жылдың басында «Интер РАО» Қамбар-Ата-1 құрылысына қажетті қаржысы жоқ екенін мәлімдеді. Бірақ Қырғызстанды қатты қынжылтқаны СЭС салу мерзімнің тым ұзаққа созылып кеткені емес. Желтоқсанның соңында қырғыз шенеуніктері Ресеймен келісімді бұзу туралы ойланып жатқанда «Тоқтағұл» су қоймасындағы төрт турбинаның бірі істен шықты. Қырғызстандағы ең ірі электр станциясы – «Тоқтағұл» 1200 МВт қуат өндіріп, елдегі тұрғындардың электр энергиясына сұранысының 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған. Желтоқсанның 22-сі күні бірінші турбина жұмысын тоқтатқан соң қалған екі турбина да істен шықты. Елдің премьер-министрі Темір Сариев «Тоқтағұлға» шұғыл барып, жағдайды көзімен көрді. Гидроэнергетика нысанын жөндеу мен жаңартуды кейінге ысыруға болмайтынын түсінді. «Оны 15 жыл бұрын жөндеу керек еді. Кабельдер 25 жыл пайдалануға арналған, ал біз 40 жылдан астам қолдандық», – деді Қырғыз үкіметінің басшысы.«Ресей дәрменсіздігі ұзаққа созылар түрі бар»
Алыстан орағытпай, мәселені төтесінен шешу үшін қырғыз тарапы бірден Ресейге жол тартты. Сол кездегі Қырғызстан экономика министрінің орынбасары Айбек Қалиев желтоқсанның 21-і күні Мәскеуде ресейлік ресми өкілдермен екіжақты кездесу өткізген соң: «Ресейдегі қолайсыз экономикалық жағдайға» байланысты «Интер РАО» және «РусГидро» компаниялары СЭС салу жобасын жүзеге асыра алмайды», – деп мәлімдеді. Ал 2015 жылдың 24 желтоқсанында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін Алмазбек Атамбаев: «Ресей экономикасының өсімі тежеліп тұр әрі мұнай бағасы кері кетіп барады. Өкінішке қарай, серіктесіміз бұл жобаларды іске асыра алмайын деп тұр және бұл дәрменсіздік ұзаққа созылатын түрі бар» – деді. Қырғыз президентінің бұл мәлімдемесінен соң Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қаржы мәселесінде қиындық бар екенін растағанымен, Ресей бұл жобалардан бас тартады деген тұжырым асығыс жасалғанын айтты. Әйтсе де, мемлекеттік маңызы бар құрылыстардың тағдырына жайбарақат қарап отыра алмаған Қырғызстанның министрлер кабинеті желтоқсанның 31-і күні келісімнің күшін жоюды мақұлдады, бірнеше күннен соң премьер-министр Темір Сариев келісімді бұзуға қажетті шараны тез қабылдауға шақырды. Бекітілген тәртіп бойынша келісімді бұзу туралы заң екінші тарапқа хабарланған уақыттан бастап 15 күннен кейін күшіне енуі тиіс болатын. Бішкек тәртіптен аттаған жоқ. Шешім қаңтардың 20-сы күнгі парламент отырысында қабылданса да, Қырғызстан үкіметі уағдаластықты бұзатыны жөнінде 2015 жылдың 31 желтоқсанында Ресейге ресми түрде мәлімдеп қойған. Бұған дейін Қырғызстан ұлттық энергетикалық холдингінің басшысы Айбек Қалиев Қамбарата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-ін салатын инвестор келісім күші жойылғаннан кейін алты ай ішінде табылатынын хабарлаған болатын. Яғни шіліңгір шілде түспей тұрып қырғыздар құны 3,2 миллиард долларға бағаланған екі жобаны қаржыландыратын серіктес тауып, құрылысқа кірісіп кетуі керек.Инвестор болуға кім ниетті?
Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариев желтоқсанда энергетикалық жобалардың болашағы туралы жасаған мәлімдемесінде: «Басқа инвесторлар тартуды ойлап отырмыз. Ниеттілер баршылық», – деген болатын. Сариевтің нық сеніммен айтқан мұндай уәжіне қарамастан, инвестордың қайдан келетіні, кім екені әзірге белгісіз. Бірқатар сарапшылар басты үміткер ретінде Қытайды атады, бірақ Орталық Азия жөніндегі маман Кейси Мишель жуырда жазған мақаласында: «Пекин жобаларды қаржыландыру жағынан жуық арада Мәскеуді ығыстыра қоюы екіталай» деп жазды. Қытай соңғы он жылда Орталық Азияның инфрақұрылым жобаларына айтарлықтай қаржы салғаны рас, бірақ бұл жобалардың бәрі энергетикалық ресурс, тауар мен материалдарды Қытайға экспорттау мақсатында салынған. Сондықтан мамандар Қырғызстанға СЭС салып беру Қытай инвестициясы үшін тиімді жоба саналмайтынын алға тартуда. Мәскеу мен Бішкек арасындағы келісімнің бұзылуына ресейлік тараптың құрылыс жұмыстарын қымбаттатылған тарифтермен жүргізіп қана қоймай, бекітілген кестеден кешіктіргені, кейіннен тіпті қаржы тапшылығын сылтауратып, мүлдем тоқтатып қойғаны себеп болғанымен, қырғыздар Ресейге Қамбар-Ата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-іне жұмсаған 37 миллион доллар қарызын қайтаруға тиіс. Қырғыз үкіметі бұл ақшаны болашақ инвестордың есебінен қайтаруды көздеп отырған сияқты. Энергетикалық тәуелділіктен шаршаған Қырғызстан соңғы жылдары Өзбекстан газына кіріптарлықтан құтқаратын энергия көздерін іздестіріп әлек. Қырғыздар көгілдір отынның қарызын уақтылы төлемеген соң Ташкент газ тасымалын бірнеше рет тоқтатып тастады. Сондықтан Бішкек энергияның негізгі бөлігін Қазақстан мен Тәжікстаннан таси бастады. Соңғы жылдары Қырғызстан көмірмен жылитын жылу электр станцияларын қолдануды көбейтті, бірақ сұранысты толық өтеу үшін мемлекет көмірді импорттауға мәжбүр. Яғни энергияның бұл көзі елді шетелге жалынышты болудан арылта алмады. Ресеймен арадағы келісімнің бұзылуы қырғыздардың энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу арманын тіпті алыстатып жіберді. Қырғызстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жылдан жылға артып келе жатқанын ескерсек, Қамбар-Ата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-ін салудың маңызы еселенбесе, кеміген жоқ. Сондықтан қырғыздар жаһандық дағдарыстың салқынына қарамастан, жоба құрылысын соңына дейін жеткізуге мүмкіндігі бар инвесторды күтіп отыр. «Энергия тапшылығы тау-кен өндірісін тұралатты» Желтоқсанның соңынан бері Қырғызстан энергетикасының болашағын қызу талқыға салған халықаралық сарапшылар Бішкек пен Мәскеу қарым-қатынасына қатысты түрлі болжам айтты. Қырғыз еліндегі екі СЭС-тің құрылысына қатысу ықтималдығы жоғары мемлекеттердің тізімін жасап қойғандар да бар. Болжалды инвестор ретіне Қазақстанның аты да бірнеше рет аталды. Мәселенің байыбына жету үшін, ең әуелі, істің жай-жапсарын тереңірек білетін қырғызстандық мамандардың пікіріне сүйенгенді жөн көрдік. Қырғызстан мен Ресей арасындағы түсініспеушілік, елдегі су электр станциялары құрылысының келешегін жергілікті сарапшылар қалай әдіптеуде? Белгілі экономист, Қырғызстанның бұрынғы ауылшаруашылығы және су шаруашылығы министі Жұмақадыр Акенеевтің айтуынша, Қамбар-Ата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-ін салу туралы үкіметаралық келісімді бұзу туралы бастаманы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев көтерген. Маман бұл мәселенің Ресей Федерациясының жоғарғы басшылығымен келісілгенін, сондықтан екі елдің ара қатынасы суып кетуі мүмкін деген долбарлар негізсіз екенін айтты. «Қазіргі таңда Қырғызстанда электр энергиясы генерациясын арттыру күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. «Өйткені мемлекет сағатына 300 млн. киловатт энергияны көрші елдер – Қазақстан мен Тәжікстаннан өте қымбат бағаға, нақтырақ айтсақ, ішкі нарықтағы құнынан 8 есе қымбатқа сатып алып отыр. Қыс кезінде импорт көлемін ұлғайтуға тура келетіндіктен, тарифтер тіпті 3 есе көтеріліп кетеді. Бұл өз кезегінде ел тұрғындарының қалтасына қатты салмақ түсіріп, кәсіпорындардың әлеуетін әлсіретуде. Өнімдердің өзіндік құны күрт көтерілгендіктен елдегі инфляция көрсеткіші шарықтап кетті. Электр энергетикасының тапшылығы салдарынан Қырғызстанның жылына 20 тонна алтын өндіруге қауқары бар 4 тау-кен компаниясының жұмысы тежеліп тұр», – дейді экономист. Қырғыздарды қатты қынжылтатыны – құрылысына 70 млн. доллар жұмсалған, ферроқорытпалар өндірісмен айналысатын Таш-Құмыр комбинаты ісінің ілгерілемей тұрғаны. Бұл түйткілді шешу үшін Қырғызстан алдағы жылдары электр энергиясы өндірісін 2-3 киловатт-сағатқа арттыруы тиіс. Жұмақадыр Акенеев бұл мақсатқа қол жеткізудің тетіктерін де атап берді: «Ең әуелі, Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-ін іске қосып, Бішкек ЖЭО-ны модернизациялау керек. Сондай-ақ, Қара-Кечи көмір кенішіндегі жылу электр орталығының құрылысын қолға алған жөн. Ал Қамбар-Ата-1 СЭС-іне келер болсақ, бұл ұзақмерзімді жоба. Оны іске қосу нәтижесіне электр энергиясын өндіру көлемі 4 млрд. киловатт-сағатқа артады және электр энергиясымен өз елімізді толық қамтып қана қоймай, өзге мемлекеттерге экспорттауға да мүмкіндік туады. Ресей компанияларының орнын басатын инвесторлар көп ұзамай табылатыны анық. Өйткені өндірілетін энергияның өзіндік құнының төмендігі және ішкі және сыртқы нарықта оған деген сұраныстың жоғары болуы арқасында су электр станциясының құрылысына жұмсалатын қаржы еселеніп қайтады», – дейді экс-министр.«Мәскеу мен Бішкектің арасы суымайды»
Ал «Полис-Азия» сараптамалық орталығының жетекшісі Эльмира Ноғойбаеваның айтуынша, «Тоқтағұл» СЭС-інен ақау шыққанша елдегі гидроэнергетикалық қауіпсіздік назардан тыс қалып келген. Сарапшы тек саяси және геосаяси көкжиекті кеңейтуге басымдық беріп, мемлекеттің экономикалық мүдделерін кейінге ысыру мүмкін емес деп есептейді. Десе де, Ноғойбаева Қырғызстан мен Ресейдің ұзақ жылдардан бергі ынтамақтастығына сызат түседі деуден аулақ. Оның пікірінше, бұдан былай екі тарап та қарымақылық саясатқа көшуі мүмкін. «Гидроэнергетикалық ресурстар Қырғызстан үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі болып есептеледі. Өзі онсыз да күрделі экономикалық жағдайды бастан кешіп отырған Ресейден үміт күтіп отыра берсек, су электр станцияларының құрылысы жақын арада алға баспас еді. Сондықтан келісімді бұзуға тура келді. Бірақ екі елдің арасы алшақтамайды, қырғыз билігі посткеңестік кеңістіктегі Ресейді ең сенімді серіктесі», – дейді Эльмира Ноғойбаева. Қырғызстандағы шетелдік инвесторлар ассоциациясының өкілі Искендер Шаршеевтің сөзіне сүйенсек, салынуы тиіс су электр станциясының нобайы ертеректе, КСРО ыдырамай тұрған кезде жобаланған. «Қырғызстандық инженерлер әлі күнге дейін аталған СЭС-ті жобалауды тоқтатқан жоқ. Олардың көздегені – деривациялық каналды бұрып жіберу, суды құлау бұрышына қарай өрлету. Яғни өзендер арнасынан асып, сай-сала, шұңғымалар суға толып қалады деген сөз. Қазіргі таңда бөген салмай-ақ, аумақтарды су тасқынының астында қалдырмай-ақ каскадты СЭС-тер салуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар жетерлік. Бірақ олардың қуаттылығы төмен. Шамасы, қырғыз тарапы қойған кейбір күрделі талаптарды орындауға ресейлік компаниялар шешіле қоймаған сияқты. Егер СЭС құрылысы ең алғаш жоспарланған жоба бойынша салынар болса, қоршаған ортаға тигізер экологиялық залалы орасан болар еді», – дейді Шаршеев. Оның пікірінше, экологиялық қауіпсіз су электр станцияларын салу ел экономикасының қарқынды дамуына серпін болмақ. Өйткені олар жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болып қана қоймай, өндіріс ошақтары мен ел тұрғындарының арзан электр қуатын тұтынуына, сондай-ақ, көрші елдерге энергия көзін экспорттауға мүмкіндік бермек. «Қара алтын құнының құлдырауына байланысты туындаған жаһандық қиындықтар тұсында қырғызстандық жобаларды қаржыландырудан бас тартқаны үшін Ресейді айыптау орынсыз. Қырғызстан жаңа инвесторлармен келіссөздер жүргізуге дайын. Егер қаржыландыруға ниетті тұлғалар Қазақстаннан табылса, тіпті жақсы болар еді. Инвесторлар салынған инвестиция 10 жылдың айналасында толық өтелетініне және жобаның 3 пайыздан 22 пайызға дейінгі рентабельділігіне күмән келтірмей-ақ қойса болады. Су электр станцияларының қуаттылыға артып, экспортқа байланысты жоспарлар жемісті болса, рентабельділік көрсеткіші бұдан да жоғары болуы мүмкін. Пәкістан, Ауғанстан мен Қытайға энергия тасымалына иек артар болсақ, бұл екі тарапқа да тиімді бизнес болмақ. Бірақ бұл мақсатқа қол жеткізу үшін көліктік инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлу керек», – дейді Қырғызстандағы шетелдік инвесторлар ассоциациясының өкілі.Қазақ елінің көмегінен дәмелі
Қырғыздар бауырлас ел – Қазақстанмен гидроэнергетика саласында ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Осы орайда, қырғыздардың ұсынысына қазақстандық компаниялар ықылас таныта ма деген сауал туындайды? Smart business solutions Central Asia компаниясы директорының орынбасары Марат Мұсырәлиевтің айтуынша, Қырғызстан әлі ұзақ уақыт Қазақстаннан электр энергиясын тасымалдайды. Қырғыз Республикасы 2014 жылдан бері электр қуатын нетто-импорттаушы елдер қатарына енді. Ел ішінде энергияның бұл түрін тұтыну көрсеткіші тұрақты, алайда түрленген жаңа қуаттылықтың енгізілуі түйткілдердің тууына себепші болды. Тарифтердің төмен деңгейде қалуы инвесторларды тартпайды. Қытайдан қарыз алудың арқасында қолға алынған Бішкек ЖЭО-сын реконструкциялау сияқты жергілікті жобалар күннен күнге артып келе жатқан электр энергиясы тапшылығын жоюға қауқарсыз. «CASA жобасы қаншалықты нәтижелі болады деген сауал туады. Өзі басқа мемлекеттерге кіріптар болып, электр энергиясының үлкен көлемін сырттан тасымалдауға мәжбүр болып отырғанда Қырғызстан Ауғанстан мен Пәкістанға қуат көзін экспорттай ала ма? Электр энергиясын Худжаннан ары қарай қалай тасымалдамақ, Ауғанстан аумағындағы тасымал арналарының қауіпсіздігін қайтіп қамтамасыз етпек? Осының бәрін ескерсек, Қырғызстандағы СЭС құрылысы жобасында Астана Мәскеуді алмастыра қоюы екіталай. Қазір Қазақстанның өз түйткілдері де жетерлік. Мұнай бағасының құлдырауы жағдайында мемлекеттік бюджет кірістерінің азаюы және экспорттың өзге бағыттары бойынша қиындықтардың туындауы қазақстандық компаниялардың өзге мемлекетке инвестиция салуына мүмкіндік бермеуі мүмкін. Қырғызстан енді екі бірдей жобаны қаржыландыра алады деген мемлекеттердің барлығымен келіссөз жүргізе бастайды, бірақ бұл мәселенің сәтті шешілеріне күмәнім бар», – дейді Марат Мұсырғалиев. Ресей Ұлттық стратегиялар институтының директоры Юрий Солобозов та Қырғызстандағы электр энергетикасының болашағы туралы болжамдарымен бөлісті. Оның пікірінше, қырғыз тарапы ұсынған гидроэнергетикалық жобалардың келешегі күмәнді. Олар экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі ел ішінде қордаланып қалған энергетикалық түйткілдерді шеше алмайды. Оның үстіне, Қамбарата-1 СЭС-і мен Жоғарғы Нарын сарқырамасы СЭС-і біріккен жобаларының құны тым қымбаттаған. Солозобовтың пайымынша, әкімшілік түсініспеушіліктер мен Қырғызстандағы бизнесті жүргізудің көлеңкелі әдістері құрылысты тым шығынды етті әрі ұзаққа созып жіберді. «Қырғыздың алыс тауларында темір бетон монументтер тұрғызу бүгінде Мәскеу үшін көкжиегі кең іс емес. Бұл жобада Ресейді Қытай алмастыруы мүмкін деген болжам да қисынсыз. Қытайдың соңғы жылдары Орталық Азиядағы бірқатар жобаларды қаржыландырғаны рас. Бірақ олардың барлығы дерлік Пекиннің өзіне қажетті энергия ресурстарын импорттау және төл тауарларын сол аймаққа экспорттауға байланысты стратегиялық мақсаттарымен астасып жатыр. Тек ішкі қажеттіліктерді өтеуге бағытталған СЭС құрылысы ҚХР үшін инвестиция салуға тұрарлық жоба емес. Ресейге ұқсас экономикалық жағдайды бастан кешіріп отырған Қазақстан үшін де гидроэнергетикалық нысандар құрылысына қатысу сау басқа сақина тілегенмен бірдей. Астана көршілеріне электр энергиясын сатудан аз пайда тауып отырған жоқ. Табыс табуға мүмкіндік туып тұрғанда, басы артық шығын шығарудың не қажеті бар? Одан гөрі Қазақстан үкіметі бұл қаржыны елді индустриализациялауға бағытталған жобаларға жұмсауды құп көрері анық. Өйткені мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығы, қазақстандықтардың бақуатты тұрмысы осы саланың дамуына тікелей тәуелді. Қайтарымсыз несиелерді оңды-солды үлестіретін уақыт келмеске кеткен. ЕАЭО көшбасшылары – Ресей мен Қазақстанның бұл жағдайға барынша салқынқанды қарап, өзін-өзі ақтайтын, өзгенің емес, ең әуелі өз азаматтарының мүдделерін қанағаттандыратын жобаларды жүзеге асыруға көшкені дұрыс», – дейді Юрий Солозобов. Сарапшы сөзінің жаны бар. Қайырымдылық жасау қайырлы іс, бірақ ел билігі үшін өз халқының мүддесін қанағаттандырудан биік мұрат болмауы тиіс.Анар ЛЕПЕСОВА