Жетісу облыстық ТЖД-ға Талдықорған қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан монша кешенінің шатыры өртенгені туралы хабар түсті.
Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Өрт сөндірушілер келгенге дейін ғимараттан 22 адам, оның ішінде 15 келуші өздігінен эвакуацияланған.
- Өрт сөндіру бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның жақын орналасқан ғимараттарға таралуына жол берілген жоқ. Жалпы 600 шаршы метр аумақтағы өрт толық сөндірілді, - делінген ақпаратта.
Зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау және төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.