291
Қысқы мектеп – 2016: Көштен тысқары қалу мүмкін емес
Қысқы мектеп – 2016: Көштен тысқары қалу мүмкін емес
Алматы облысы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы «Тау-Тұран» Білім беру-сауықтыру кешеніңде бүкіләлемдік радио күніне арналған «Симбиоз» шешім: Интернет және сандық атты ІІІ Халықаралық журналистика және коммуникацияның Қысқы мектебі өз жұмысын сәтті аяқтады.
Биылғы мектептің өзгешелігі сол, ұйымдастырушылар қатарында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Медиасфера» гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп, үш күндік семинар-тренингтер жүргізді. Бұл шараның серіктестері – БҰҰ ҚР Ақпараттық Бюросы, Басқармасы, БҰҰ Кавказ, Орталық Азия және Украина елдері бойынша Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру Басқармасы, «Инвесторлар Альянсы» Республикалық қоғамдық бірлестігі, «Серпін» Білім беру ұйымдарының Ұлттық қауымдастығы, «Тұран» университеті, «Қазақ университеті» баспа үйі, «Сұңқар» студенттік кәсіподақ комитеті.
Қысқы мектеп дәрістері аясында кейстердің шешімдерін табу жолдары қарастырылып, жеке және топтық тәжірибелік сабақтар өткізілді. Тренингке қатысушылар өзара пікірталас өрбітіп, медиа саласындағы жаңа трендтермен танысып, тәжірибе алмасты.
Мінберден сөз алған Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы коммуникация және ақпарат мәселелері жөніндегі маманы Сергей Карпов: Алматыдағы ЮНЕСКО Бюросының Коммуникация және Ақпараттық Кластерлік Бағдарламасы Орта Азиядағы медиалық және ақпараттық сауаттылық мәселелеріне 2002 жылдан бастап қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.
ЮНЕСКО – жастардың ақпаратқа еркін қол жеткізуіне және ақпараттық сауаттылығын арттыруды, құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді, медиалық және ақпараттық сауаттылық (МАС) бағдарламасына ерекше көңіл бөлуде. Әсіресе, жастар ұйымдарымен бірлесіп іске асыруды басты бағыты санайды. Яғни, ЮНЕСКО Бюросы медиалық және ақпараттық сауаттылық (МАС) бағдарламасы аясында жинақталған тәжірибені ары қарай дамыту мақсатында Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті әсіресе, қыз-келіншектер мен жастардың ақпаратқа қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін Қызылорда облысындағы он онлайн-орталығына біліктілікті жетілдіру курсына материалдар дайындағанын айта кету керек.
Оқу құралы ЮНЕСКО-ның оқытушыларға арналған оқыту бағдарламасын, ұйымның басқа материалдарын пайдалана отырып, медиалық және ақпараттық сауаттылық (МАС) негізін танымал визуалды пішінде ұсынып отырған кітап.
Бұл оқу құралы БҰҰ мен ҚР Үкіметінің «Қызылорда облысының өмірі мен тұрмыстық деңгейін көтеру мақсатында жергілікті халыққа экономикалық, әлеуметтік және экологиялық көмек көрсетуде инновациялық қолдауды енгізуге бағытталған» бағдарламасы аясында дайындалып, ҚР Үкіметі және ҚР БҰҰ агенттіктері: ЮНЕСКО, БҰҰДаму бағдарламасы, ЮНФПА, Әйелдер БҰҰ, ХДҰ ЮНИСЕФ 2016 жылдың желтоқсан айына дейін жүзеге асырылатынын жеткізді.
Келесіде сөз алған «Серпін-2050» Білім беру ұйымдарының Ұлттық қауымдастығы төрағасы Мұрат Әбенов мырза бүгінде ақпараттық сауттылықтың өзекті мәселе екендігіне тоқтала келе, журналистік шеберлікті қоса меңгерудің ақтықшылығын да қадап айтты. «Қазір әрбір ұялы телефонның иесі азаматтық журналистке айналған. Яғни, ақпарат легі секунд сайын өзгеріп отырған уақытта көштен тысқары қалып қою мүмкін емес», –деді ол.
Журналист, публицист, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов: «Әрбір дәуірдің өз сандығы бар. Өткен ғасырда әжелеріміз құда-жекжатына арнап бір нәрселерін сары майдай сақтап жүретін болса, бүгінгі күні біздің сандығымыз сандық технологияға айналып отырған интернет, ақпарат алмасу айдыны», – деді.
Болашақ журналистерге кәсіби мамандардың берер тәлімі мол. Қысқы мектепке ақпараттық қолдау көрсеткендер – «Қазмедиаорталығы» Басқарушы компаниясы» ЖШС; «Казконтент» АҚ; «Бас редакторлар клубы» ҚБ; «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» ҚҚ; әл-Фараби атыyдағы ҚазУҰ ТРК; Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ЖОО студенттері мен магистранттарына, PhD докторанттары, оқытушылар, республикалық және аймақтық БАҚ журналистеріне алғыс айтамыз.
Алмагүл Құрманбаева,
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент