15 Ақпан, 11:04 395 0 Мәдениет Анар ЛЕПЕСОВА

Қазақстанның үздік театрлары анықталды

2020 жылғы 13 ақпан күні «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» – «International Union of Theatre Critics» тұсаукесері өтті. Халықаралық бірлестіктің құрылтайшылары – театр сыншылары Анар Еркебай, Лаша Чхартишвили және Эльчин Джафаров.

Анар Еркебай

Бірлестіктің қазақстандың жетекшісі, өнертану кандидаты, театр сыншысы Анар Еркебай: «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мақсаты – театртанушылар мен қазақстан театрларының байланысын нығайту, қоянқолтық жұмыс істеу. Шетелдерде театртанушылардың дәрежесі жоғары бағаланып, олар өз театрларын өзгелерге таныстыруға ықпал етеді. Біз де қазақ театрын шетелде таныстырғымыз келеді. Алдағы жоспарымызда халықаралық деңгейдегі түрлі жобалар бар. Ең басты мақсатымыз – бүгінгі қазақ театрының негізгі тенденцияларын анықтап, оның дамуы жолында жұмыс істеу», - деп атап өтті.

Театртанушылар қазақстандық мемлекеттік және тәуелсіз театрлар арасында арнайы сауалнама жүргізіп, оған қатысқан 43 театр арасында 2019 жыл бойынша жалпы статистикасын жасады. Сонымен қатар, "Сыншылар жүлдесі" деп аталатын арнайы дипломдармен үздік деп табылған театрларды марапаттады. Олар:

1) Әуезов ат. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры үздік сайт үшін;

2) Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры «В гостях у Тролли» спектаклі үшін;

3) Алматы мемлекеттік қуыршақ театры «Айко мен Строшка» қойылымы үшін;

4) Режиссер Д.Базарқұлов 2019 жылғы 3 премьера үшін;

5) Қ.Қуанышбаев ат. қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Ләйлі-Мәжнүн» спектаклі үшін.

«М.О.Әуезов мұражай-үйі» ғылыми-мәдени орталығының Мәжіліс залында өткен тұсаукесер рәсіміне ҚР Театр қайраткерлері Одағының мүшелері, Қазақстан театрлар ассоциациясының өкілдері, Алматы қаласында орналасқан театр ұжымдарының басшылары, режиссер, актер, драматургия саласының белгілі мамандары келіп, бірлестіктің құрылуымен құттықтап, алдағы ісіне сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар