Бұл қызмет 2026 жылдың қазан айында іске қосылды. Мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерінен онлайн бас тартуға болады. Ал өмірлік жағдай өзгерген жағдайда азаматтар төлемдерді қайта алу үшін өтініш бере алады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылдың қазан айынан бері Қазақстанның жүздеген тұрғыны eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқан.
«729 адам алып жүрген әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы ынтымақтастық қағидаттарын көрсетеді. Яғни өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік қолдаудан саналы түрде бас тартып отыр», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық қызметі 2026 жылдың қазан айында іске қосылған. Оның көмегімен жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алушылар мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерінен бас тарту туралы электронды өтінішті өз бетінше бере алады. Ол үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ.
Еңбек министрлігі бұл қызмет, ең алдымен, материалдық жағдайы жоғары, өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналғанын да түсіндірді.