294
Қытайдан эвакуацияланған азаматтардың жағдайы жақсы
Қытайдан эвакуацияланған азаматтардың жағдайы жақсы

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әлемді алаңдатқан коронавирус бойынша еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады.
Министрліктің мәліметі бойынша ҚХР-мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жасау жалғасуда. 2020 жылғы 6 қаңтардан 11 ақпанға дейін ҚХР-дан елімізге 30 911 адам келген.
Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пункттерінің мамандары 6 қаңтар мен 11 ақпан аралығында халықаралық әуежайларда және теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде 30 911 адамды тексерді.
Тексерілген адамдар арасында Жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) белгілерімен 144 адам көпшіліктен оқшауланып, емдеуге жатқызылған. Бүгінде оның 121-і шығарылды, ал 23 адам стационарларда медициналық бақылауда.
11 ақпан күні таңертең сағат 6:05-те Нұр-Сұлтан қаласына Қытайдың 36 қаласынан 217 қазақстандық азамат келді. Азаматтардың барлығы медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін кемінде 3 күн мерзімге ауруханаға жеткізілді. Олардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Емдеуге жатқызылғандардың барлығының сынамасын қосымша бақылау үшін Алматы қаласындағы М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Аталған орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген. Республикада қолдаушы терапия үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бар, инфекциялық ауруханаларда оқшаулауға арналған бокстар бар, орындар, дәрігерлік және орта медицина персоналы дайындалған.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың тұрақты бақылауда екенін айта келе, жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында алдын алу шараларын сақтауға шақырады. Сақтық шаралары мынадай:
– қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
– қолды залалсыздандыруда спиртті антисептиктерді қолдану;
– адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу;
– науқас адамдармен байланыста болмау;
– суық тию белгілері (жоғары температура, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда, тұрғылықты жер бойынша дәрігермен кеңесу.
Қандай да бір туындаған сұрақтар бойынша 1406 Call-орталығына тәулік бойы қоңырау шалуға болады.