13 Ақпан, 19:14 278 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Силиконды «сұлулық»: Пластикалық отаға құмартқандар неге көбейді?

«Сырық мойын, біз мұрын, Шіркін, тұздай көзіңіз... Сізге кім ғашық болмасын? Мәселен, біз өзіміз...». Мағжан ақын жырындағы бұл суреттеу қазіргі сәннің стандарттарын дөп басыпты. Ол заманда Жұмабаев өзі жырлаған сұлулыққа ине мен қайшының көмегімен жетуге болатынын білмеген болар. Осы ғасырда дүниеге келсе, бәлкім, ақындықтың ауылынан алыс жүрер ме еді, кім білсін?! Өйткені пластикалық ота көмегімен бетін тегістеп, ернін дүрдиткен, көзін үлкейтіп, төсін дөңгелеткен «хас» сұлулар ақынды мөлдір өлең жазуға шабыттандырады дегенге сену қиын.

Отадан оянбаған көп

Бүгінде сұлулық индустриясының асығы алшысынан түсіп тұр. «Мәңгі жас» болып қалуға құмар жандардың кө­беюі арқасында бет әрлеушілер, космето­лог­тар мен пластикалық хирургтардың айы оңы­нан туды. Ажарынан ақшасын аямай­тын­дар бұрын тек шетел асып кететін бол­са, бүгінде отандық дәрігерлер де плас­ти­ка­лық отаның кез келген түрін жасай алатын дәрежеге жетті.

Қазақстандық арулар арасында ең көп сұранысқа ие оталардың көшін бле­фаропластика мен омырау үлкейту опе­рациялары бастап тұр, одан кейінгі тізімді smas-лифтинг пен липосакция жалғас­тыра­ды. Пышаққа түсу оңай емес. Дегенмен хас сұлуға айналуды көздейтіндер одан да қорық­пайды. Пластикалық хирургтар бет мүшелерін пышақпен кесіп әдіптейді. Ал тіндерді жалғап тұрған жасушаларға жа­затайым пышақ тиіп кетсе, азабы ауыр болатыны бесенеден белгілі. Сұлулық үшін құр­бандыққа баратындар дүрдиген ерін мен жасанды кірпік жапсыруға құмар. Кір­пік жалғайтын желімнің химиялық құрамы аса зиянды, ағзаның ең нәзік мүшесі сана­латын көзге тигізер қаупі тіптен орасан. Тері ішінде ісініп, жарылып кетсе, «оймақ» ері­ннің де тартқызар зардабы көп. Ең сора­қысы, құдайдың бергенін түзеймін деп жан­таласып жүріп ота үстелінде жан тап­сыратындар көбейді.

Мәселен, осы жылдың ақпа­нын­да Алматы облысының Қаскелең қаласында пластикалық ота жасатқан 59 жастағы әйел көз жұмды. Қаладағы ақылы медициналық орталықта бетінің терісін тарттырып, иек липосакциясын істемек болған Нәжия Мұртазина отадан кейін ко­ма­ға түсіп, 11 күннен кейін қайтыс болды.

Марқұмның қызы Эльвираның ай­туынша, ота төрт сағатқа созылған. Ота аяқталған соң оған хирург хабарласып, анасының жағдайы нашар екенін жеткізген. Алып ұшып медициналық орталыққа жет­кен Эльвира анасының комада жатқа­нын біледі. Нәжия Мұртазина көп ұзамай көз жұмған.

Анасының өліміне дәрігерлерді кінәла­ған Эльвира оған отадан кейін тиісті алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген деп есептейді. «Анама жүрек массажы жасалған. Себебі сараптамаға сәй­кес, оның бесінші, алтыншы және жетінші қабырғасы сынған. Хирург тартып шығарса, реаниматолог жүрек соғуы үшін адреналин салған болу керек. Дәл сол сәтте жасанды ты­ныс алу аппараты болмаған. Құрылғы көр­ші ғимаратта болған. Оны алып келіп орнатқанша, ми жасушалары оттегі жетіс­пеуінен өліп қалған. Егер де оларда жан­сақтау бөлімі болып, қолдарында аппарат бол­ғанда бұл жағдай орын алмас еді», – дей­ді марқұмның қызы.

Сот-медициналық сараптамасы 59 жастағы әйелдің өліміне май эмбо­лиясы себеп болғанын көрсетті. Эльвираның түсіндіруінше, май жасушаларының белгілі бір бөлігі өкпеге өтіп, анасы соның сал­да­рынан тыныс ала алмаған. Жасанды тыныс алу аппаратын сол себепті қосыпты. Алайда тым кеш болған.

Эльвираның сөзінше, анасына ли­по­сакцияны жасауға қайшы келетін бірқатар ауру болған. Нәжия Мұртазина созылмалы пиелонефритпен ауырған және үшінші дәрежелі артериалық гипертензия, семірудің екінші деңгейі, гипотериоз, қалқанша безі дерті, холецистэктомия (2018), микроинфаркт (2011) және стено­кар­дия (2011-2018) болған. Соған қарамас­тан, оташы Н.Мұртазинаны ота үстеліне жат­қызған.

Анасының өлімінен кейін Эльвира по­лицияға жүгініп, оқиғаға қатыс­ты қылмыстық іс қозғалды. Қызметіне сал­ғырт қараған хирург Қылмыстық ко­декс­тің 317-бабы 3-бөлімі – «Медицина және фармацевтика қызметкерінің дұрыс орын­далмаған кәсіби қызметінің нәтиже­сін­де болған адам өлімі» бойынша айып­талды.

Сондай-ақ өткен жылы екі бірдей ару­дың өліміне кінәлі болған атышулы хирург Дмитрий Писаревтің есі­мін де көпшілік ұмыта қоймаған болар. Оның қолынан көз жұмған алғашқы әйел – Дана Агамырданова оған артық майын алдырту үшін Украинадан арнайы келіп, ажал құш­қан болатын. Сот хирургты тек екі жыл­дан соң кінәлі деп тапты. Десе де, істің ескіруіне байланысты артынша сот залынан босатып қоя берді. Темір тордан оңай құтылған хирург 2018 жылдың қазан айында тағы бір қыздың өліміне себепкер болды. «Эйр Аста­наның» 6 тілде сөйлейтін ең белді борт­қыз­меткерінің бірі – Лаура Ізбасарова оташы­ның алдына төсін тартқызу үшін келген. Сұлу бойжеткен пластикалық отадан кейін оянған жоқ.

Лаура Ізбасарованың қазасынан соң сот дәрігерді лицензиясынан бір­жола айырған екен. Әрі тергеу аяқталғанша қаладан тысқары шығуына тыйым салыпты. Бірақ соттың сөзін пысқырмаған Писарев Шымкент асып, сүйікті ісін сонда жалғас­тырған. Тіпті Қырғыз Республикасына да барып ота жасап келген көрінеді. 10 ай бойы тайраң­даған дәрігерді тергеушілер жуырда Ал­матыға қайтарды. Темір тордан оңай құтыл­ған хирургтың енді бұл жолы кінәсі д­әлел­денсе, 5 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айырылуы мүмкін. Лаура Ізбасарова­ның жақындары бойжеткеннің өліміне жекеменшік клиника да жауап беруі тиіс деп есептейді. Әзірге клиника жұмысын бәз баяғыдай жалғастыруда. Тек атауын ғана өзгертіп қойыпты.

Бақылаусыз нарық – жауапсыз маман

Тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская косметологиялық қызмет көрсету саласын жа­байы нарыққа теңейді. Өйткені ешқан­дай бақылау жоқ. Тіпті, сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда сұлулық салоны еш жауапкершілікке тартылмайды. Бар бол­ғаны қызмет көрсеткен маман ғана заң алдында жауап береді. «Шағын бизнесті тексеруге жариялаған мораторийге байла­нысты құзырлы органдар бұл мекемелерді қадағалай алмай отыр. Оның соңы сапаның төмендеуіне әсер етеді. Түптеп келгенде бизнес бәсекеге қабілетсіз болып шығады», – деп қынжылады С.Романовская.

Сұлулық индустриясында салғырттық кө­бейгенін ақ халаттылар да мойын­дайды. Алматы қаласының қоғамдық ден­саулық сақтау департаментіне жыл басынан бері тұрғындардан косметологиялық қыз­мет сапасына қатысты 8 арыз түскен. Олар­дың арасында адам өліміне әкелген жағдай да бар. Қайғылы жағдай қаланың ортасында орналасқан клиникалардың бірінде болған. Бет терісін тартқызу операциясын жасатқан егде жастағы әйел үйіне келген соң көз жұм­ған.

«Пластикалық отаға әдеттегі шара деп қа­рап, тұтынушыға тиісті тексерулер жүр­гізілмеген. Оның созылмалы жүрек ауруы болса да, электрокардиограмма жасалмаған. Пациенттің денсаулық жағдайы ескеріл­меген. Жүргізілген сараптама нәтижесінде осы жағдайлар пациенттің өліміне себеп болғаны анықталды», – дейді қалалық қо­ғамдық денсаулық сақтау департамен­ті­нің басшысы Айзат Молдағасымова.

Оның айтуынша, қызмет көрсету орын­дары заманауи құрылғылармен жаб­дық­талса да, қарапайым қағидаларды ескермей жатады. Сондай-ақ маман тұрғындардың жарнамаға тым сенгіштігіне алаңдаулы. «Қаланың қыз-келіншектері жарнама ар­қылы шетелден келген косметолог, плас­тикалық хурург мамандардың қабылдауына барады. Олардың тиісті құжаттары бар-жоғын ешкім тексеріп жатпайды. Мәселен, Алматыда Корея, Қытай, Үндістан елдерінен келген дәрігерлерге қатысты 10 факті анықталды. Олар сәйкестік сертификатын­сыз жұмыс істеген.  Үндістандық екі азамат 5 сағат наркозбен  баланың  құлағына ота жасаған. 15 мың долларға жасалған емнің нәтижесі болмаған соң анасы бізге хабар­лас­ты. Тексеру нәтижелерін тиісті орган­дар­ға тапсырдық», – дейді департамент бас­шысы.

Жасанды сұлулықтың құны қанша?

Пластикалық ота үстелінде қаза тап­қандар жайлы деректің көбеюі сұлу­лық­тың құпиясын пышақтан іздейтін­дерге тежеу бола алар емес. Дене пішімін, түр-әлпетін өздері қалағандай өзгертуге асық­қан сылқымдар мінсіз сұлулық үшін жанын беруге даяр. Өмірін қиюға дайын болса, ақшасын да аямайтыны түсінікті. Пластикалық хирургия және косметология клиникаларына қоңырау шалып, пласти­калық отаның ең арзаны ерінге жасалаты­нын білдік. Оның бағасы 35 000 теңгеден бас­талады екен. Ал отандық қыз-келіншек­тер арасында ең танымал пластикалық ота – блефаропластиканың құны 80 мың тең­геден басталып, отаның күрделігіне бай­ланысты 350 мыңға дейін жетеді. Орта­ша құны – 200-300 мың теңге ара­лы­ғында.

Қазақстандық сылқымдар құп көретін тағы бір ота – липосакция құны –100-350 мың теңге. Бетті жасарту ота­­­ларының бағасы 500 мыңнан басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Құлақ қалқанының кем-кетігін түзету (отоп­лас­тика) құны – 150 мың теңгеден басталады. Ал ринопластика жасату құны 150 мыңнан басталып, 1 миллионға жетіп жығылады. Маммопластика жасатуға 500 000-2 000 000 теңге қажет болса, іш майын алу (абдоми­ноп­ластика)  500 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін барады. Бөксені өсіру 1 млн теңге тұрады.

Әлемде пластикалық отаға жұм­са­латын қаржының ең көбі Оңтүстік Корея қазынасына құйылады екен. Плас­тикалық отаның отаны саналатын бұл елдің қыз-келіншектері үшін бет-пішінін өзгерту қалыпты құбылыс саналады. Тіпті,  баланың туған күніне ата-анасы ота жа­сатуға арналған сертификат сыйлайтын көрінеді. Толассыз сұраныстың дәлелі болса керек, Сеулдегі бір клиника айына 400, жылына 5 мыңға жуық ота жасаған. Қазақ­стан­да сертификаты бар пластикалық хи­рург­тардың жалпы саны 800 болса, бір ғана Сеул қаласында бұл салада 1 250 маман жұмыс істейді.

Шекара асып, кореялық дәрігер­лер­дің көмегіне жүгінетіндер ара­сын­да отандастарымыз бар. Саумалдан саулық іздеп шетелдіктер біздің елге келіп жатса, қазақстандықтар жат жұрттан жасанды сұлулық сатып алуда. Статистикаға жүгінер болсақ, Оңтүстік Кореяға барып, пішінін өзгерту үшін пышаққа түскен қазақстан­дық­тардың саны соңғы жылдары 15 пайызға артқан. Бұл туралы елімізде өткен Эстетикалық медицина мамандарының конгресіне арнайы келген оңтүстіккореялық дәрігер Со Ман Гун айтқан болатын. Плас­тикалық ота клиникасына басшылық ететін дәрігердің сөзіне сүйенсек, олар көбіне Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бірақ соңғы жылдары ТМД елдерінен келушілер қатары едәуір көбейген. Әсіресе, пластикалық ота жасататын қазақстандық­тар саны күрт артқан.

«Ота жасатқандар нәтижеге қол жеткіз­ген соң елдеріне оралады. Пациенттің таныстары өзгерісті көріп, қызығушылық та­ныта бастайды. Кім қатардан қалғысы ке­леді?! Бұл енді психологиялық тұрғыда қа­лыпты жағдай. Оның үстіне әйелдер қауы­мы сұлулық үшін бәріне барады. Сосын қар­­жысын жинап, сұлулықты сатып алады. Бүгінде пластикаға сұраныстың артуының се­бебі сол», – дейді оңтүстіккореялық ма­ман.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып се­кіре­ді» деген осы болса керек, сірә. Қолға қа­лам алғандағы мақсатымыз – біреудің «сұлулығына» сұқтанып, жұмсаған көк қағаздарын санау емес-ті. Ажарланамын деп ажал құшқандардың артқанына алаңбыз. Сол үрей  бізді пластикалық отаның тек кө­легей тұстарын көрсетуге итермелегені рас. Алайда қоғам үшін оның игілігі де көп екенін мойындауға тиіспіз. Дене бітімінде туа бітті кемістігі бар балаларға, түрлі апат­тардан жарақат алған адамдарға үміт сый­лайтын да – пластикалық хирургия. Апат­тардан зардап шегіп, бетінде, денесінде тыр­тық, дақ пен күйік іздері қалған жан­дарда пышаққа түскеннен басқа таңдау жоқ. Ал сіз бен біздің Алла берген он екі мү­ше­міз сау, шүкір. Жоққа қол созамын деп, бары­мыздан айырылып қалмайық...

 

Данияр Байбосынов, пластикалық хирург:

Күніне 10 ота жасауға шамам келеді

– Әрбір отаның үлкен тәуекел екенін түсінген жөн. Пациент тәуекелге дене бітімін тіксе, дәрігер өз абыройын тігеді. Менің жұмысымды 5-6 жылдан бері әлеуметтік желі арқылы бақылап келе жатқан пациенттерім бар. Мен істеген ота нәтижелерін көріп, пікірлерді оқыған соң ғана алдыма келеді. Негізі күніне 8-10 ота жасауға шамам келеді. Бірақ бұл жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін. Адам деген темір емес, шаршайды. Сондықтан мен күніне тек 3 отадан ғана жасаймын. Саны аз болса да, сапасы жоғары, пациенттерім де риза.

Әр отаның алдында пациенттер арнайы келісімшартқа қол қояды. Егер ота нәтижесі пациенттің көңілінен шықпаса, біз кеткен олқылықты жөндейміз. Әркімнің ағзасы әртүрлі, сондықтан  бар жауапкершілікті өз мойнымызға ала алмаймыз. Міндеттер де теңдей бөлінеді. Негізінен пациенттер айтқаныңды екі етпейді, дегенмен араларында нұсқаулықты орындамайтындары да бар. Олар үшін неге біз жауап беруіміз керек? Мысалы, кейбірі кір қолдарымен тіккен жіпті ұстайды. Айталық, блефаропластикадан соң бірден кітап оқуға болмайды. Бізде мынадай оқиға болған еді, отадан соң екінші күні пациент кітап оқып жатқанда, кітап бетіне түсіп кетіп, тігісі тарқап кеткен. Осындай қауіп-қатерден аулақ болу үшін дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау керек.

 

 

Айнұр Әскербекқызы, экономист (өз өтінішімен есімі өзгертілді):

Ота жасатқан соң өмірім өзгерді

– Бір жыл бұрын Алматыдағы жекеменшік клиникалардың біріне блефаропластика жасаттым. Құрбымның кеңесі бойынша таңдалған дәрігердің жұмысы көңілімнен шықты. Бұрын көзім өзіме ұнамайтын. Қабағыма ота жасап, қатпар салдырғалы бері бет-әлпетіме көңілім тола бастады. Бойымда сенімділік пайда болды. Көшеде кетіп бара жатқанда жігіттердің бұрыла қарайтынын аңғарып жүрмін. Бұған дейін өзгенің маған назар аударғанын аса байқамайтынмын. Көп адамның өмірін өзгертіп, арманына қол жеткізуге көмектескені үшін пластикалық хирургтарға тек алғыс айтуымыз керек. Бұрын елімізде мұндай оталар жасауға мүмкіндік болған жоқ. Тек байдың келіншектері ғана шетелге барып, бетін тарттырып, көзін үлкейтіп келетін. Қазір ақша болса, Алматыдан шықпай-ақ қалағаныңды жасатуға болады.

Соңғы жаңалықтар