Қазақ жырына кең тыныс сыйлаған ақын
Байбота Қошым-Ноғай – қазақ поэзиясына реформация жасаған аз ғана ақындардың бірі. Оның ізденістері өзінің тұстастарына һәм өзінен кейін қазақ жырына келгендерге едәуір кеңістік сыйлады. Өлеңнің тың пішіндерінің өркен жайып, өрісі кеңеюіне ықпал етті.
Қазақ әдебиеті де әлемнің өзге әдебиеттері сияқты сан-салалы, бар тарапты барлаған, сөз өнерінің адамзатқа ортақ көркемдік биігіне ту тіге алған әдебиет екені қандай анық болса, сол әдебиеттегі поэзияның да қазақтың ұлттық болмысын қалыптастыру жолындағы маңызы сондай талассыз.
Ұлттық әдебиетіміздің бастауында өлең тұр. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет пен Шалкиіздер ұлт ретінде жаңа сапаға көтеріліп, қазақ атанған кезімізде жыраулық поэзия атты көркем әлемнің іргетасын қалап, ендігі сөздің басы болған еді. Осы бір дауылды жырдың екпіні төрт ғасырдай тулап Махамбетке келіп дамылдаған соң қазақтың болмысы да, сөзі де, сөз саптауы да өзгергені мәлім. Сөйтіп, Абаймен бірге қазақтың жазба әдебиеті дәуірі басталғаннан бергі жерде ақындықтың да сыр-сипаты өзгерді. Дегенмен ұлттық әдебиеттің қанаты тала қоймап еді, оны топшысынан қайырып, баяғы екпінінен айырған кеңестік идеология болды. Әдебиет шектен тыс саясаттанып, ақындар байқап сөйлейтін міскінге айналды. Әйтсе де, өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетімізді дүр сілкіндірген тұлғалы ақындар ендігі әдебиеттің бағыты мүлде басқа болуы керек екенін танытты. Олардан соң 70-жылдардың ақындары келді. Олар алдыңғы толқын ағалардан терең үйрене отырып, жырда өз соқпақтарын салуға талпынды. Солайша, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Төлеген, Тұманбай, Сағилардан соң Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Темірхан секілді ақындар бой көрсетсе, олардың ізінен тағы бір топ талантты өкілдердің шаңы көрінді. Солардың ішінде 20-дан өтер-өтпесте кітабы шығып, ақындығы ауызға ілінген Байбота Қошым-Ноғай (әуелгі кездегі есім-сойы Байбота Серікбаев) та бар еді.
Өткен ғасырдың 80-жылдары алғаш рет «Жалын» журналының бетінен оның бірнеше өлеңін оқығаным әлі есімде («Қазығұрт», «Ғұндар жыры», «Жорықтан соң»). Кейін тағы да сол «Жалында» (1989 жыл, №2) Жұматай Жақыпбаев, Байбота Серікбаев, Серік Тұрғынбеков, Серік Ақсұңқарұлы шығармаларына талқылау жасалып, онда аталған ақындар жөнінде қазақтың белгілі қаламгерлері Ғафу Қайырбеков, Күләш Ахметова, Бегділдә Алдамжаров, Жүрсін Ермановтар пікір айтқан еді. Сол пікірлерде Байботаның ақындығы туралы құнды ойлар бар еді. Өстіп-өстіп бұл ақын туралы көбірек біле бастадым. Ал өзімнің алғашқы өлеңдерім жариялана бастаған өткен ғасырдың 90-жылдарында шығармашылығына ерекше назар аударған ақынымның бірі де Байбота ақын болды. Өйткені одан өлеңнің ұйқасын, сазын құбылтудың түрлі жолдарын үйренуге болатын еді.
Байбота Қошым-Ноғай – қазақ поэзиясына реформация жасаған аз ғана ақындардың бірі. Оның ізденістері өзінің тұстастарына һәм өзінен кейін қазақ жырына келгендерге едәуір кеңістік сыйлады. Өлеңнің тың пішіндерінің өркен жайып, өрісі кеңеюіне ықпал етті.
Жасынан зерттеу қабілеті зор, оқығандарының бәрінен жаңалық іздеп, мағынасынан ой тауып отыратын Байбота қазақ поэзиясына алғаш қадам басқан шағында-ақ бүкіл қазақ ақындарын қалдырмай сүзіп, қайсысында не бар, не жоқ – бәрін қарады. Сөйтіп, оның ойына қазақ жырын формалық тұрғыдан жаңалау идеясы келді. Бұл, әрине, жеміссіз болған жоқ. Жұрттың бәрі ескі сүрлеуде жүргенде Байбота 13 буынды, 15 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқасын жасады. Он буынды өлеңнің 5 буынмен қара өлең формасында, кезекті ұйқас түрінде ұйқасатын да түрлерін қолданды. Әр шумағының 1,3-жолдары – 10 буын, ұйқасы 5 буын, 2,4-жолдары – 8 буын, ұйқасы 3 буын болып, оқығанда ерекше екпінмен толқынданып тұратын өлең түрінде жиі қолданып, жаңа үлгідегі жырдың ерекшелігін таныта бастады. Мұның бәрі оның шығармашылығының бастауында көрініс берген мәнді ізденістер еді.
Бұл жайында ақынның өзінен сұрағанымызда ол: «Маған көп әсер еткен ақын Төлеген Айбергенов болды. Кітабын қолынан тастамай көп оқыдым. Сүйсініп оқитынмын. Кейін сүйсінісім зерттеуге ұласып, оның қазақ өлеңіне көптеген жаңалық әкелгеніне көзім жетті. Әсіресе, «Жанардың отты жарқылындасың» деп басталатын өлеңінің ырғағына қатты қызықтым. Бұл өлеңнің түп-негізі Абайдың әйгілі «Сегіз аяғында» бар сияқты көрінеді. Бірақ онда басқаша. Абайдың «Сегіз аяғы» сегіз жолдан тұрады және онда 1-2-жолдары мен 3,5-жолдары, сондай-ақ 3-6-жолдары, 7-8-жолдары бөлек-бөлек ұйқасады. Ал Төлегенде өлеңнің 1-3-жолдары 5 буынды ұйқастармен, 2-4-жолдары 3 буынды сөздермен ұйқасады. Бірақ осындай ғажап формамен, бар болғаны, бір-ақ өлең жазылған! Мен соны жаңғыртып, мағыналық жақтан сан-алуан түрлендіруге талпындым.
Сонымен бірге Төлегеннің «Қазақстан көктемдері» атты өлеңінің бірінші шумағы бізде бұрын-соңды кездесе қоймаған пішінде жазылған. Ақынның өзі оған саналы түрде барды ма, жоқ па – оны білмеймін. Бірақ маған сол шумаққа Төлеген ерекше назар аудармағандай көрінеді. Себебі алғашқы шумақтың ұйқастық құрылымы мүлде басқа (бұрын ешкім солай қолданбаған деуге болады), ал кейінгі шумақтар бұрыннан бар, қолданылып жүрген формада жазылған. Қарап көр, мынау алғашқы шумағы:
Жапырақтардан/ тіл бітіп/ бала құстарға,
Көктеме келді/ тағы да / Қазақстанға.
Медеудің мынау/ үкілі/ басы бұрқырап
Сапарын тартты/ сабылып/ саз алыстарға.
Ал өлең екінші шумақтан бастап мынадай қалыпта жазылған:
Сұңқар шыңдардан/ суырып семсер/ ақберен,
Бұрма құзардан/ бұзылып көшті/ қақ терең.
Бала қайыңдай/ солқылдап бұлақ/ сайлардан,
Кеудемнен менің/ сыбызғы тартып/ ақты өлең.
Байқап отырған шығарсың, өлеңнің алғашқы шумағындағы ұйқасқа түскен сөздер 5 буынды түрде тұтасып тұр десек, онда оқығандағы дауыс ырғағы оның ұйқасқа түскен сөздерін «бала құстарға», «Қазақстанға», «саз алыстарға» деп оқитын болады. Міне, мен осы жаңалықпен тұстас өлең жасап шығардым». Расында, Байбота ақынның ізденісі қазақ өлеңіне 5 буынды ұйқас жасау тәжірибесін толыққанды енгізді. Оны өзге ақындар іліп әкетіп, аз уақыттың ішінде атамзаманнан бар форма сияқты дүрілдеді де кетті. Сондықтан қазақ жырындағы бұл бағыттағы ізденістердің басында Байбота Қошым-Ноғай тұр деу әділетті болады. Әйтпесе, бұл ізденістерді өзге ақындарға телігісі келетіндер де бар екені кейбір мақалаларда шаң беріп қалып жүр. Тіпті кезінде, Жүрсін Ерманов секілді ақындардың өзі Байботаның бес буынды ұйқаспен жазылған жырларын қабылдай алмаған көрінеді. Несіпбек Айтұлы секілді бірқатар ақындардың оның құйылып келетін өлең ұйқастарына үрке қараған кездері де болған.
Жасы жөнінен, өлеңге келуі жағынан Байботадан алдыңғы буынға жататын, бірақ кітап шығаруы, әдеби ортада танылуы жағынан Байботалармен қатар деуге келетін (бұл жайында Жарасқан Әбдірашевтің «Кәрілердің ең жасы, Жастардың ең кәрісі» дейтін әзілі бар) қазақтың талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевпен Байботаның достық қарым-қатынасы керемет болған. Ол Байботаның ақындығын жоғары бағалаған. Бір күні сол Жұматай Байботамен әңгімелесіп отырғанда: «Біреу ізденіп бірдеңе табады, оны басқалар оп-оңай иеленіп, бұрқыратып жазып өзіңді тасада қалдырады» депті сөзіне астар бергендей. Әңгіменің өлең формалары жайында (Жұматай да бес буынды өлең формаларын көп қолданған ақын) екенін сезіп қалған Байбота: «Жұмаға, мен оны Төлегеннен алдым, сіздің өлеңдеріңізді бертінде ғана оқыған адаммын» депті. Сонда Жұматай мұртынан күліп: «Ай, соны мен де Төлегеннен алып едім» дейтін көрінеді. Шынына келгенде, Байботаның алғашқы кітабы Жұматайдан бұрын шыққан және сол ақынның 23 жасында (1977 жылы) жарық көрген «Тұңғыш кітабын» өзінде бес буынды ұйқаспен жазылған ғажап өлеңдері бар:
Самал ескенде көктемнiң бұлты сыбырлап,
күлегеш қыздың сыңғырлы күлкiсiн ұрлап,
қайран, ақтұма бұлақ,
қоңырау тағып,
таулардан аптыға құлап,
маржандай тiсiн көрсетiп күлетiн едi,
сағағын иiп,
сүйшi деп гүл өтiнедi.
Орманға барса үрiккен елiк iшетiн,
Бетпаққа барса бөкендер келiп iшетiн.
Болмайтын едi осынау қырда су шегi,
даланы кезiп,
киiкпен сырласушы едi.
Бұл – Байботаның рухани ұстазы Төлеген Айбергеновке арнаған «Ақтұма бұлақ» деген өлеңі. Бір қарағанда 20 жастағы жігіттің (өлең 1974 жылы жазылған) қаламынан шыға қоятынына адам сене қоймайтындай, сыңғырлап тұрған, өн-бойы суретке тұнған ғажап өлең емес пе? Ал бұл кезде Байбота қазақ өлеңіне өзгеріс енгізіп, жаңа кеңістікке құлаш сермеп жүрген шағы еді. Бұл кітап шыққаннан біраз уақыт кейін Байботамен танысып, достық-жолдастық қарым-қатынаста болған Есенғали Раушанов аға досына анау Жизақта жатып жазған бір хатында «Ақтұма бұлақты» жіберші» деп өтініш жасағаны бар екен.
Айта берсе, Байботаның қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтары көп.
Ақынның ақындығын сынайтын «сонеттер гүлтәжі» циклды өлең формасы бар. 15 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде 4 шумақ – 14 жол өлең болады. Жалпы, 210 жол өлеңнің бүкіл ұйқас жүйесі бір-біріне шырмауықтай байланысып қалған! Әр бөлімнің бірінші жолы соңғы 15-бөлімнің бір жолынан басталып отырады. Былай қарағанда, 15 бөлімнің әр бірінші жолын бір жерге жинағанда 15-бөлімнің 14 жол өлеңі құралып шығады. Мұны өлең құрылысындағы математикалық дәлдік десе де болады. Осыны қазақта бұрын бір-екі ақын жасап көруге талпынған. Бірақ біреуі кәдімгі қара өлеңмен жазса, тағы біреу сонеттер гүлтәжінің шартын орындамаған. Сондықтан мұны қазақта ең алғаш толыққанды жасаған және үш бірдей сонеттер гүлтәжін жасаған ең алғашқы ақын – Байбота. Және ол біздегі үйреншікті өлең пішінімен емес, алғашқы «Бұл ғұмыр – біздің еншіміз» атты сонеттен өрген гүлтәж 10 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқас түрімен жазылса, кейінгі екі бөлімді «Егіз лебіз» сонеттер гүлтәжі 13 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқасымен жазылған ғаламат жыр! Байботаның жырдағы бұл ерлігін дәл осы деңгейде қайталаған қазақ ақыны әлі шыға қойған жоқ, бәлкім шықпайтын да шығар...
«Палуанға оңы не, солы не – айырмасы жоқ» дегендей, Байботаның өлең түрлендіруде жеткен жетістіктеріне қарап отырып, кезінде оның көптеген жаңалығы еленбей қалды ма, дер кезінде насихатталмағандықтан көпшіліктің назарынан қағыс қалды ма деп ойлайсың. Әйтпесе, мына «Ғұмыр» атты сонетінің өзі бір ерекше жаңалық емес пе, қазақ поэзиясы үшін? Әрине, әлем әдебиетінде өлеңнің небір тосын түрлері бар, бірақ қазақ әдебиетінде нүктемен өлең жазған ақын Байбота Қошым-Ноғай ғана шығар. Өлең жай ғана нүктемен жазылып, форма үшін жасалды десеңіз қателесесіз. Байбота бұл өлеңінде қазақ деген халықтың тұтас болмысын танытып, оның күллі дәстүрінің орнын, ретін көрсете отырып – қазақ болып ғұмыр кешудің мәнін түсіндірген.
ҒҰМЫР
Толғақ. Іңгә. «Ат ұстар». Ұл. Шарана.
«Ғұмыр берсін!», «Сүйіншіңді ал, қарағым!».
Шілдехана. Бесік. «Ат қой балаға!».
Тұсау кесер. «Құтты болсын қадамың!».
Сүндет тойы. «Он үште – отау иесі!».
Бастаңғы. Қыз. Кездейсоқтық. Жүзтаныс.
Сапар. Шаһар. Кетеді елге жиі есі.
Ғашықтық хал. Аңсау. Күдік. Қызғаныш.
Той. Беташар. Неке қияр. Әкелік.
Перзент. Шашу. Қызмет. Мансап. Қателік.
Ұйқысыздық. Қарттық. Нендей жаза бұл?!
Немере. Шу. Қан қысымы. Өкпе. Зар.
Жан азабы. Тән азабы. Жетті ажал.
Қаралы кеш. Ас. Құлпытас. Азагүл.
Өлеңді оқып шыққанда, тұтас ғұмырдың 14 жол өлеңге ғана сиып кеткен мән-мағынасын, философиясын көресің. Поэзиядағы абсолюттік минимализмнің де көрінісі бұл. Әйтпесе, осы өлеңде суреттелген ғұмыр-баянды қарасөзбен жазса неше том кітап болар еді?
Байбота бірнеше түркі тілдерін білетін полиглот ақын, сондықтан болар, оның қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр тілдерінде жазған өлеңдері де бар. Тіпті бар ғой, көне түркі тілінде өлең жазған бұдан басқа ақынды кім көрді екен? Оқып көресіз бе?
УЛУҒ САБ
(Йоллығ тегин бітігі)
Екелерім, қунчуйларым, іні-йігүнім, беглерім,
алп ер оғлан, қыз оғыллар, келіңүнім, өглерім!
Оғыз, қыбчақ, усын, он оқ – қамұқ будун төрүміз,
анча білің: кісі оғлы қоп өлгелі төрүміс.
Айғучы бен, есідіңлер көңүлдекі сабымын,
өлү-йітү қазғанты бу теңрі тег шад інім.
Меңіліг бен ыдуқ йер-суб, беңгү қутым бар үчүн,
меңіліг бен бірікі ел, Теңрі, будун бар үчүн.
Еснеген алп ечүм-апам бунча будун қоп ітді,
алтун башлығ білге қаған ілте өкүнч йоқ ітді.
Қамағүзе йаруқ болты, атлығ қылты йадағығ,
буңығ үзе Теңрі есідті, тонлығ қылты йалаңығ.
Бөрі тег шад сү сүлепен, қылычлады, қан ічті,
түн удықсы келмез ерті, удушру санчды.
Анчып Теңрі йарылқазу лүй тег йағығ аз қылмыс,
күн тоғды йеме, едгүсі болзун, қоп будунығ баз қылмыс.
Ечүм-апам йері-субы беңгү ідісіз қалмазун,
түрк будунығ аты-күсі емті йеме йоқ болмазун.
Меңіліг бен ыдуқ йер-суб, беңгү қутым бар үчүн,
меңіліг бен бірікі ел, Теңрі, будун бар үчүн!..
Бергі дәуірде отырып, арғы дәуірдің болмысымен өз тілінде тілдесу үшін қандай күш керек деп ойлайсыз? Бәлкім қабілет, бәлкім талант, бәлкім жанкешті ізденіс? Ал мен осылардың бәрі бір Байботаның бойында тұтасып тұр дер едім.
Байботаның поэзиясы жайында айтқанда, оның балалар әдебиетіне қосқан зор үлесін естен шығаруға болмайды. Осы кезге дейін оның балаларға арналған жеке авторлық кітабының өзі 20-ға жуықтап қалды. Оның ішінде мектепке дейінгі балаларға арналған өлеңмен жазылған «Әліппе» атты кітабы да көпшіліктің үлкен сұранысына ие. Әлденеше рет қайта басылып шығып, Kaspi.kz, Melomen интернет дүкендерінде сатылып жатыр.
Байботаның балаларға арналған кітаптарының ішінде «Сымбат салған суреттер» атты кітабы ерекше деуге болады. Онда өлеңнің формасы тақырыбына сай пішін түзіп, ерекше жасалған. Мәселен «Үй» деген өлең үйдің формасында, «Ракета» өлеңі ракета қалыбын көзге елестететіндей түрде жазылған. Бала өлеңді оқып отырып, өлеңге арқау болған объектінің пішінін де көріп отырады. Бұл деген бізде бұрын-соңды бола қоймаған ізденістің жемісі десек болар. Тіпті, осындай кейбір өлеңдері өзге тілдерге аударылып, танымал болып кеткен жағдай да бар. Мәселен, Байботаның «Сымбат салған суреттеріндегі» «Үй» деген орыс тіліне «Дом» деген тақырыппен аударылып көптеген сайтта жарияланған, арасында үй жарнамалайтын агенттіктердің де пайдаланып отырғанын көруге болады. Тіпті, ақынның осы бір сурет формасында жазған өлеңдеріне «балаларға өлеңнің не туралы екенін көзіне елестетін керемет тәсіл» деп орыс тіліндегі аудармасына ресейлік сыншылардың өзі таңдана баға берген.
Байбота – қазақ ақындарының ішінде балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі жөнінен Қадыр Мырза Әлиді ғана алдына салатын шығар, басқалар оның деңгейіне шендесе қоймас деп ойлаймын. Себебі оның балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Мәселен, оның балаларға арналған прозалық шығармалардан 10 том кітап құрастырып жариялауы қандай үлкен еңбек?! Бұдан да басқа балаларға арналған көптеген аударма кітабы бар. Біраз жыл «Балдырған» журналында еңбек етіп, қазіргі балалар әдебиетінің дамуына ерен еңбек сіңірді. Әлі де балаларға арнап құрастырған талай кітабы шығуын күтіп тартпаларда жатыр...
Ақын болсын, жазушы болсын – олардың қалам қарымын байқататын бір қасиет аудармашылық қабілеті. Классик қаламгерлердің бәрі аудармаға ден қойған, сол арқылы өзгелерді тануға тырысып, өз күшін де сынаған. Демек, аудармашылық өнер де таланттың жарқырап көрінер бағыты. Бұл жағынан алғанда Байбота Қошым-Ноғай да қазақ аударма өнеріне, оның ішінде поэзиядағы тәржіме саласына көп еңбек сіңірген. Оның «Достық жоралғы» атты аударма кітабы әлем ақындарының балаларға арналған жырларынан құрастырылған. Ал «Мен жазбаймын өлеңді» аударма кітабы әлемнің көптеген танымал ақынынан тәржімеленген өлеңдерді құрайды. Сонымен бірге «Үш қайнар» атты кітабы орыстың атақты ақындары – Василий Жуковский, Александр Пушкин, Яков Полонскийден аударған шығармаларынан құралған.
Байбота мамандығы бойынша журналист болғанымен, о баста «Жалын» баспасында ұзақ жылдар бойы редактор болды. Қолынан талай мықтының кітабы өтті. Кезінде Аманхан Әлімұлы, Қасымхан Бегманов, Есенғали Раушановтардың баспада кедергіге ұшыраған кейбір кітаптарының шығуына үлкен көмегін тигізді. Кейін журналистикаға бет бұрып, «Парасат» журналында, «Ана тілі», «Қазақ елі» апталықтарында еңбек етті. Оның бәрі, әрине, ізсіз кеткен жоқ. Мәселен, «Ана тілі» газетінде жүргенде сөзтаным, сөз төркіні мәселелеріне қалам тартып, оның соңы үлкен зерттеулерге ұласып, «Тіл ұшындағы тарих» атты сипаты бөлек, танымдық өресі өзгеше кітап дүниеге келді. Бұл кітаптың дәрежесі Олжас Сүлейменов жазған «АЗиЯ»дан кем емес дер едім. «Тіл ұшындағы тарихтың» оқырманға тілтаным мәселесінде үйретері көп. Онда ақынның қисыны келіскен батыл болжамдары назар аудартпай қоймайды. Осы кітапты оқыған атақты этнограф, мифология бойынша керемет еңбектер қалдырған Серікбол Қондыбайдың өзі Байбота ақынды өз ұстаздарының бірі деп санайтынын жазған екен.
Байбота қанша жан-жақты десек те, оны елге танытқан қасиеті – ақындығы. Ақынның қаламынан туған «Тәңір таразысы», «Жұмақ нұры» атты поэзиялық қостомдығы ХХ-ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясында салмақты орын иеленетін тамаша кітаптар. Сол сияқты танымдық мәні терең, өзі «Алғыр оқырмандар кітабы» деп атаған «Тіл ұшындағы тарих» кітабы біздегі мифология, этнография, этнология салалары үшін қажетті, маңызды еңбек. Ал балалар әдебиеті үшін төккен тері қандай дәрежеде бағаланса да артық емес.
Бағалау демекші, Байбота кеңестік кезде атағы аспандап тұрған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына қолы жеткен санаулы таланттың бірі. Кейін оның «Жұмақ нұры» кітабына халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Тек өзі деңгейлес ақындардың талайы алып жатқан Мемлекеттік сыйлық Байботаға бұйырмай-ақ қойды. Әрине, талантың мен қарымың Мемлекеттік сыйлықпен өлшенбес, бірақ лайықтыға берілмеген сыйлықтың не қадірі бар?!
Ақынның жары Қалима Мұқажан Байбота шығармашылығы жайында екі кітап шығарды. Оның «Дидар-ғанибет. Профиль» (2005) деген алғашқысы ақын шығармашылығына қатысты 1976-2005 жылдар аралығында жарық көрген пікірлер, мақалалар, өлеңдерден, түрлі деректерден құралса, «Дидар-ғанибет. Анфас» (2014) атты екінші кітабы Байботаның қарапайым өмірде тартқан мехнаты, әдеби ортадағы бастан кешкендері, көрген қиындықтары, дос-жолдастарымен қарым-қатынасы жайында тамаша эсселерден тұрады.
Білімді ақын қашанда елдің ғана емес, БАҚ қызметкерлерінің де назарында болатыны анық. Осы орайда, Байбота Қошым-Ноғай баспасөзге өте көп сұхбат берген ақындардың бірі. Оның сұхбаттары бірін-бірі қайталамайды, әр сұхбатта ақын әдебиет пен өнерді әртүрлі қырынан танытудан жалықпайды. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін ақынның осы тамаша сұхбаттары жақында кітап болып жарық көрмек.
Байбота ақынның бір ерекшелігі – адам жатырқамайтын, ақынды шыққан жеріне емес, талантына қарап бағалайтын мінезі бар. Содан болар, оған өкшелес інілері де, жастар да үйір. Бәрі де энциклопедиялық білімі бар, танымы терең ақынмен әңгімелескенді қалайды. Біз де қасына еріп жүріп, аға-іні болып талай сыр шертіскендердің біріміз. Сондықтан ақынның ғұмыр-керуенде жеті қырды асып, мерейі тасып, кемелденген тұсында оның шығармашылық әлемінен өзіміз танып-білген жайлардың кейбірін қағазға түсіргенді жөн көрдік.
Қазақ барда есімі еленбей қалмайтын ақынның жүрегінен шыққан алаулы жырлары рухани әлемімізді байыта берері хақ.
Ахмет ӨМІРЗАҚ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі