Биыл Еуропа тағы 1 млн. босқынды паналатуы мүмкін
Биыл Еуропа тағы 1 млн. босқынды паналатуы мүмкін
Еуропаға ағылған босқындар тасқыны биыл да толастамайды. Халықаралық көші-қон ұйымының болжамынша, 2016 жылы кәрі құрлыққа тағы да бір миллион адам келеді. Ұйымның деректеріне қарасақ, 2015 жылы Жерорта теңізі арқылы Еуропаға 1 миллионнан астам мигрант келген. Босқындардың тасқынын Сириядағы ахуалдың тұрақталуы ғана тоқтата алады. «Егер Сириядағы қақтығыстар тыйылса, миллиондаған адамдар өз елдеріне қайтып, үйлерін, шаруашылықтарын қалпына келтіруге тырысар еді, яғни үлкен өзгерістер болар еді», – деп мәлімдеді ХКҰ-ның ресми өкілі Джоэл Миллман. Соңғы уақытта Еуропаға келіп жатқан мигранттардың басым бөлігі яғни, 91 пайызы үш ел – Сирия, Ауғанстан мен Ирактағы қарулы қақтығыстан бас сауғалағандар. Барар жер, баса тауы қалмаған босқындарды паналатуда белсенділік танытып отырған мемлекеттердің бірі – Түркия. Ел билігі сириялық босқындарды "шектік мөлшерден асып кеткеніне қарамастан" қабылдай беретінін мәлімдеді.Түркия премьер-министрінің орынбасары Нуман Куртулмуштың мәлімдеуінше, үкімет армиясының бомбалауынан бас сауғалап, шекарадағы Килис ауданына жиналған ондаған мың босқынның "басқа барар жері жоқ". Вице-премьер босқындар я бомба астында мерт болатынын, я Түркия оларға шекарасын ашуы тиіс екенін айтты. Сирия армиясы көтерілісшілер бақылауда ұстап тұрған Алеппо қаласы маңында шабуылға шыққан. Соғыс қимылдарынан 35 мыңға тарта адам Түркиямен шекараға қарай қашқан. Бұған дейін Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини Анкараны босқындарды шекарадан өткізуге шақырған. Ол босқындарға пана болуды "құқықтық болмаса да, моральдық міндет" деп атаған болатын. Айта кетейік, 2015 жылдың қараша айында Еуропа Одағы Түркияға босқындарға көмек көрсетуі үшін 3,3 миллиард доллар бөлуге уәде еткен. Бұл мемлекет қазір 2,5 миллион босқынға пана болып отыр.