370
Қордайдағы жанжал, қордаланған мәселе
Қордайдағы жанжал, қордаланған мәселе
Өткен жұмада Жамбыл облысының Қордай ауданы, Масанчи ауылында тұрмыстық жанжалдан басталған жаппай тәртіпсіздік елді дүрбелеңге салды. Оқ атылып, қан төгілді, өрт тұтанды. Оқиғаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өз бақылауына алып, аймақтағы тыныштық пен тұрақтылықты қалпына келтіру үшін Үкіметтік комиссияны Қордайға аттандырды.
Ағайынды арандатқан атой
Жамбылдағы жанжалдан соң дерек-дәйегінен гөрі болжамы көп пікірлер айтылды. Бейресми мәліметтер кикілжің о баста қазақ пен дүнгеннің жол үстіндегі төбелесінен басталған дегенді алға тартады. 80 жастағы қарияны ауруханаға апара жатқан екі ұлы тасжолда жол ережесіне бағынғысы келмей, тәртіпсіздік танытқан дөрекілерге тап болады. Олардың тәртіпсіздігіне қарсылық танытқан қария мен ұлдарын әлгілер соққыға жыққан. 5 ақпан күні болған осы оқиғаның ертеңіне тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздікті жіті бақылауға алып, жүргізушілердің құжатын тексере бастайды. Полиция тоқтатқан автокөліктің біріне мінген бір топ дүнген жол сақшыларының талабын орындаудан бас тартқан. Бұзақылар полиция қызметкерлеріне қол көтеруге дейін барған. Сол сәт таспаланған бейнежазбаның әлеуметтік желіде тарауы жергілікті тұрғындардың ашуын туғызғанға ұқсайды. 80 жастағы ақсақалдың және тәртіп сақшыларының соққыға жығылуын дүнгеннің бар қазаққа көрсеткен қысастығы деп жорыған арандатушылар желіде жанжал шоғын үрлеп, екі тарапты бір-біріне қарсы қойған. Арандатудың ақыры жаппай төбелеске ұласты. Тәртіп сақшыларының бөгетін бұзып, Масанчи мен Бұлар батыр ауылдарына ентелей кіргендер оқ атқан, жолында кездескен үйлер мен ғимараттарға от қойған. Қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тауып, 40 адам ауруханаға түсті. 36 үй, 20-дан аса көлік отқа оранды. Тәртіп сақшылары 47 адамды қамауға алды. Кейіннен мән-жай анықталған соң ұсталғандардың 44-і босатылды. Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Комиссия алдында кикілжің себептерін анықтау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шұғыл шешуді қамтамасыз ету, келтірілген залал көлемін бағалау міндеттері қойылды.Тұрғындар қауіпсіздігіне қауіп жоқ
Жамбыл өңіріне арнайы келген Үкімет комиссиясы Қордай ауданындағы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді мекендеріндегі жағдаймен танысты. Тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралады. Нәтижесінде, жергілікті жерде әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Қарасу және Сортөбе шекара пункттерінің, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің жұмыс барысын да көріп, аудандағы қауіпсіз_дікті қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарының жеке құрамымен сөйлесті. Президент тапсырмасы бойынша Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру, келтірілген залалды бағалау жұмыстары атқарылды. Есеп-қисап жасалған соң зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары заң шеңберінде қолға алынбақ. Бүгінде Қордайдағы жағдай тұрақталды. Жаппай тәртіпсіздіктен соң үрейленіп, үй-күйлерін тастап, қазақ-қырғыз шекарасына қарай қашқан Масанчи тұрғындары көп ұзамай ауылға қайта оралды. Үкіметтік комиссия түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға ешқандай қауіп төніп тұрмағанына кепілдік берді. «Сіздерге қауіптенетіндей еш негіз жоқ. Денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңіз құқық саласы қызметкерлерінің жіті бақылауында болады. Сондықтан барлығыңыздың үйлеріңізге оралуларыңызды сұраймын. Осы-ны туған-туыс, жақындарыңызға жеткізсеңіздер. Ауылдарыңызда болған жағдайға жауаптыларды толықтай анықтап, жауапкершілікке тартатын боламыз», – деді Бердібек Cапарбаев.Жауаптылар жазаланды
Қордай ауданындағы оқиғаға байланысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді. «Қылмыстық істерді тергеуге тоқталсақ, қазіргі уақытта Жамбыл облысы Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері 25-тен астам қылмыстық іс қозғады. Осы тұрғыда жаппай тәртіпсіздік, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру мен оған қатысу бабы қамтылған. Содан кейін жаппай тәртіпсіздікке қатысуға үндеу жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алтыдан астам іс бұзақылық фактілеріне қатысты қозғалды. 3 қылмыстық іс бөтеннің мүлкін зақымдау фактісі бойынша, 10 іс кісі өлтіру фактісі, сондай-ақ 2 іс адам өлтіруге оқталу дерегіне қатысты қозғалды», –деді Әділов Үкімет үйінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және басқа да құқық қорғау органдарының ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік, адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Аталған істер бойынша қазіргі уақытта қамауға алынған адамдар бар. Заңнама талаптарына сай министрлік әзірге тергеу мәліметтері, ұсталғандар жайлы деректер жарияланбайтынын қадап айтты. Бастысы, айыптылар анықталып, тиісті жазасын алатынына сендірді. Қызметіне салғырт қараған өңір атқамінерлері де жазасыз қалған жоқ. Дүйсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекова, Қордай ауданының әкімі Б.Байтөле, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы А.Оразалиев және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Айқымбеков қызметінен алынды. Ал облыс басшысы Асқар Мырзахметов өз еркімен отставкаға кетті. Облыс активінде сөз алған әкім: «Өкінішке қарай, Қордай ауданында қайғылы жағдай орын алды, бірнеше азамат қаза болып, 170-тен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтарға ғана емес, барша елімізге оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған Мемлекет басшысына рақмет», – деді А.Мырзахметов. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл облысы әкімі қызметіне Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Өңірдегі ахуалды тұрақтандырып, оқиғаның салдарын жоюды өз мойнына алған Бердібек Машбекұлын қыруар жұмыс күтіп тұр. Ғарифолла ЕСІМ, ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор:Немқұрайлық – түбімізге жететін ең жаман әдет
– Қордайдағы түйткілдің түп тамыры жергілікті халықтың тұрмысының төмендігінде жатыр ма деп ойлаймын. Басындағы мәселесі шешілмеген, өкпе-реніші тарқамаған адамдар ашушаң, жанжалға жақын келетіні тарихтан мәлім. Жергілікті атқамінерлер, аудан, ауыл әкімдігі, полиция қызметкерлері аймақты аралап, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрсе, түйткілді мәселелерді анықтап, кикілжің тудыруы мүмкін мәселелердің алдын алу шараларын қолға алса, мұндай оқиға болмас еді деп ойлаймын. Бұл сеніммен тапсырылған іске, ел тағдырына салғырттықпен қараудың салдары. Немқұрайлық – түбімізге жететін ең жаман әдет. Тағы бір ескерілуі тиіс жайт – жергілікті халықтың ерекшелігі. Әртүрлі мәдениеттің тоғысқан жерінде ортақ ұғым, ортақ құндылықтар қалыптасты ма? Ол ұғымдар заман талабына жауап берді ме? Білім беру, тәрбие беру жүйесінде «Біз – қазақ елінің азаматымыз, Қазақстанға қызмет етуіміз керек» деген түсінік бар ма? Шаңырағымыздың біреу, мақсат-мүддеміздің ортақ екенін сезіндіру үшін балабақшаларда, мектептерде қандай жұмыстар жүргізілді? Міне, қордаланған мәселелерді шешу үшін осы сауалдарға жауап іздеуіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «бізге халық үніне құлақ түретін мемлекет қажет». Шенділер елдің ортасында жүрсе, әлеуметті алаңдатқан мәселелерді тыңдаса, оларды шешуге күш салса, халық ашуға берілмес еді. Ай-күннің аманында бейбіт елдің тұрғындары бір-біріне қарсы шықпас еді. Қордайдағы оқиғадан еліміздің барлық атқамінерлері, мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке жауапты басшылар қорытынды шығарар деп үміттенемін. Шакир ХАХАЗОВ, Мәжіліс депутаты, «Юнчи» дүнгендер этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы:Ынтымағы ажыраған елдің ырысы ортаяды
– Қордайдағы оқиғаның себебін анықтау, салдарын жою үшін құрылған Үкіметтік комиссияның құрамына еніп, жаппай тәртіпсіздік болған өңірдегі жағдайды көзбен көріп қайттық. Біз келген уақытта аудандағы ахуал біршама тұрақталған. Қырғыз Республикасын бетке алғандарды шекарадан кері қайтарып, үйлеріне оралуға жағдай жасалды. Десе де, жергілікті халықтың көзінде үрей, алаңдаушылық байқалады. Тұрғындармен кездесу өткізіп, сабырға, бейбітшілікке шақырдық. Қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге уәде бердік. Мемлекетіміздің ең басты байлығы бірлік емес пе? Бірлігі жоқтың тірлігі өнбейді. Ынтымағы ажыраған елдің ырысы ортаяды. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні іспетті бір тентектің ісі бір қауым елдің берекесін кетірді. Бұл оқиға бүкіл қазақстандықтарға сабақ болып, мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштыққа қауіп төндіретін істерден аулақ болсақ екен деймін.