10 Ақпан 2020, 12:10 854 0 Атажұрт Арайлым Бимендиева

АДАЛБЕК ЕЛГЕ ҚАШЫП КЕЛГЕНДЕ

TÚRKISTAN газетінің 6 ақпан күнгі санында «Ата жұртқа апарар жол» деген тақырыппен кезінде Қытайдан жүк тиелген көлікпен қашып шыққан, тағдырлы ақын Адалбек Ахмади жайлы материал жарияланған болатын. Адалбек елге келгенде ең әуелі оның қазақ рухани әлемінде танылуына қол созған журналистердің бірі – Нұрлыбек Саматұлы. Ол Адалбек Ахмадиден өмірі мен шығармашылығы жайлы сұқбат алып, «Ана тілі» газетіне 2002 жылы жариялаған. Сонымен қатар Адалбек ақынға жыр да арнаған. TÚRKISTAN газетіне жарияланған Адалбек Ахмади жайлы мақала Нұрлыбек Саматұлының материалы негізінде даярланған. Біз осы орайда  Нұрлыбек Саматұлының ақын әріптесіне арнаған өлеңін де оқырмандарға ұсынуды жөн санадық.

 

АДАЛБЕК ЕЛГЕ ҚАШЫП КЕЛГЕНДЕ

Көкжалдайын күндіз жортып, түн ұтып,

Көксүңгідей сынса бір-ақ сынатын.

Кеудесіне ежелгі мұң ұлытып,

Атажұртқа боздап келді бір ақын.

Қара тасты қанжардайын аймалап,

Қара Ертістің қақ айырып қамысын.

Қара орманым, қайран жұртым қайдалап,

Буыршындай буырқанған шабысың.

Көкірегің көк бөрінің ырылы,

Қалың бауыр жаутаң қақты жұртта қап.

Құлағыңда қарындастың шырылы,

Удай өлең жаздың уды ұрттап ап.

Қасіреті қорқаудайын қамаған,

Боздап мойнын созар әкең бір сен деп.

Қайтпас жақтан қайырылмас жан анаң,

Қырық құрау түн пердесін түрсең кеп.

Елін табу – еңіреген ерге дем,

Кермек жасқа кірпігіңді батырма.

Қайғың Жерден ауыр емес, Жер деген

Талайларды жұтқан салып тақымға.

Сығып таста тақсіретің тамшы ғып,

Қап-қара боп күлтеленсе күйігің.

Кісінейді күрең көңіл шаншылып,

Тапқандай ма, таппай жүрген үйірін?

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

22.03.2002 жыл

Соңғы жаңалықтар