Әріптестері Мейрамбек Бесбаевты жауапты қызметке сайлады
Әріптестері Мейрамбек Бесбаевты жауапты қызметке сайлады
Қазақтың белгілі әншісі, "МұзАрт" тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаев Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды. Бұл туралы әнші өзінің Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті.
"Бүгін өнерде жүрген барша әріптестерім ұсыныс жасап, бірауыздан дауыстарын беріп, мені Қазақстан орындаушылар одағы (КОУПИС) басқарма төрағасы етіп сайлады.Біраз жұрт біледі, қазіргі таңда бұл қоғамдық ұйымның қаржылық жағдайы нашар, біраз құрылымдардың алдында қарызы бар, әншілер мен ән өндеушілердің алдында беделі де төмендеп кеткен.
Бірлестік тарихындағы осындай ауыр кезеңінде әріптес-достарым мені басшы қып сайлап отырғаны - маған сенгенінен деп қабыдап отырмын.Әрине, мұндай ұйымға жетекшілік ету маған үлкен жауапкершілік артатынын мен жан-дүниеммен жақсы сезініп әрі түсініп отырмын.
Мен ешқашан басшылық қызметке ұмтылған адам емеспін. Мұны бір сахнада жүрген әріптестерім мен қадірлі тыңдармандарым да жақсы біледі.Менің мақсатым - ұйымның жұмысын жақсарту арқылы қазақтың төл өнерін дамыту, өнерде жүрген әншілердің құқықтарын қорғап, тиісті шаруаларын шешу боп отыр.
Маған сенім білдірген әріптестеріме мың алғыс айта отырып, болашақтың алдында жүзіміз жарық болу үшін, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын!
Бірлік бар жерде, алынбайтын асу жоқ, шешілмейтін мәселе жоқ. Сол себептен, қазақ өнерінің дамуы үшін тізе қосып, бірлесе қызмет етейік демекпін", - дейді ол өз жазбасында.Танымал әншінің бірқатар әріптесі ғана емес, тыңдарман қауым да бірден қолдау білдірді.
Олар Мейрамбектің мұндай жауапты жұмысқа лайықты екенін алға тартып, алдағы жұмыстарына сәттілік теледі.