Мұрат қашан  мұратына жетеді?

Мұрат қашан  мұратына жетеді?

Мұрат қашан  мұратына жетеді?
ашық дереккөзі
Мұрат есімді аза­мат­тың қолына 32 жыл бойы бірде-бір құжат тимеген. Екі-үш жасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалған. Ол туралы, отбасы және туған жері жайында мардымды ештеңе білмейді. Бала күнінде көрші-қо­лаң­дары айтып берген кей деректер ғана еміс-еміс есін­де қалған. «Бәрі мені Мұрат деп шақыратын. Әкем атымды Мұрат қойған сияқты. 5-6 жа­сымда мені Өзбекстан шекарасынан алып өтті. Себебі жанымдағы бір адамдар «сенің кесіріңнен Өзбекстан шекарасынан өте алмай тұр­мыз» деген сөзі анық есімде қалыпты», – дейді. Сондықтан ол өзін Өзбекстаннан көшіп келдім дейді. Ақыл-есі дұрыс. Жасы 32 шамасында. Өзінің айтуынша, Өзбекстаннан алып өткен адамдар мұны Қызылордадағы бір құм­ды ауылға қалдырып кеткен. Сол ауылда біреуге құлдыққа жегіледі. Бірақ 5-6 жастағы бала құлдық дегенді ұқпаған да, малын бағып жүре берген. Ол жерде 4 жыл жүріп, 10-11 жасқа то­лады. Одан кейін бір адам құжаттарыңды жа­сап берем деп басқа жаққа алып кеткен. Ол жер­де 15-16 жасқа дейін жүреді. Бірақ қолына бірде-бір құжат тимеген. Оқу оқымаған. Өзінің құлдықта жүргенін түсініп, қашып шыққан. Басы ауған жаққа кетеді. Содан бір жерге келсе, бұл Шымкенттің Сарыағаш ауданы екен. Сол жерде тағы біреулердің қолында жұмыс іс­теп жүріп, Ордабасы ауданында тұратын Тал­ғат Базарбаев деген адамның үйіне тап бо­лады. Ол үйдің Мақсат деген баласымен дос бо­лып жүріпті. Базарбаевтар Мұраттың сандалып жүрген жағдайын түсініп, асырап алады. Өз балаларынан кем көрмеген отбасы «бү­гін­нен бастап Мұрат Базарбаев боласың» дейді. Бі­рақ олар да Мұратқа азаматтық алып бере ал­майды. Себебі қайда туғаны туралы куәлік қа­жет депті. Құжатсыз, жұмыссыз жата беруді ар сана­ған еңбекқор Мұрат қай жерде жұмыс болса сонда жегіліп, кете берген. Сөйтіп Ақмола об­лы­сынан бір-ақ шығады. Кейіпкеріміз Мұратты түбі мұратына жеткіз­бей қоймаймын деп, жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүрген ақмолалық белсенді Ал­тын Мәденқызы былай дейді: Былтыр шілдеде Ақмола облысы Зеренді аудандық Nur Otan партиясынан маған хат келді. «Мұратқа азаматтық алып беруге көмектесіңіз» депті. Содан мен Мұратты тауып, жағдайымен түгел таныстым. Асырап алған Талғат Базарбаев аға күнде сөйлесіп тұрады «осы балама бір азаматтық алып берсең. Мен фамилиямды берем» дейді. Он қолынан өнер тамған жігіт. Амал не, құжаттары бол­ма­ған соң көбі азын-ау­лақ ақша беріп, мол жұмысқа жегеді екен. Өткенде NIET бағ­дарламасына ша­қырды, бірақ бармады. Олар полицияға ұстап береді деп қорқыпты. Құжат­сыз жүріп бірнеше рет ұсталған. Әбден қорқып қалған. Менен басқа адам­дарға сенбейді. Бір жерге бару үшін мен ғана алып жүрем. Депутат­тарға да өзім алып бардым. Бұл мәселені бірінші Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы мен «Отандастар» қорына жеткіздім. Өзбекстан елшілігіне хат жаздық. Олар үш айға дейін жауап бермеді. Елшілікке өзім бардым, олар «отказ» берді. Ал Қазақстанда бармаған құзырлы орын қалған жоқ. Nur Otan партиясы арқылы, Ішкі істер министрінің орынбасарына жазылдым, 8 қаңтар қабылдауында боламыз. Сол кездесуден үміт күтіп отырмыз.  Оған 32 жыл бойы бірде-бір елдің азамат­тығы бұйырмады. «Сонда мен өле өлгенше бір елдің азаматы бола алмай кетемін бе? Мен үйленбеймін бе, балалы-шағалы болмаймын ба? Менің оқығым келеді» дейді Мұрат. Өте өкінішті. Маған «неге сіз бітпейтін  жұмыстың артында жүрсіз?» дейді көбі. Неге күреспеске?! Себебі бұл – елдің мүддесі. Мұрат та осы елдің азаматы. Бұл ең әуелі адам тағдыры. Ол бір күні қандай жағдайға ұшырайтынын білмейміз ғой?! Ол ашынуы мүмкін. Ашынған адам бәрі­не барады. Ал біз елде адамдар бейбіт, қыл­мыссыз өмір сүрсін десек, осындай адам­дар­ды қоғамға бейімдеуміз қажет. Ең құры­ғанда құжатын дұрыстап берейік. Мұрат секілді азаматтығы жоқ адамдардың құқы­ғын қорғайтын арнайы заң болуы керек. Ол шынымен де Мұрат па? Ол әлде басқа бір адам ба? Өткен тағдыры қандай? Кәдімгі зерттелуі қажет. Өкінішке қарай, бізде ондай іспен айналысатын орталық жоқ.