457
Alǵys аяқкиім тігін цехы Алаштың алғысын алғысы келеді, бірақ...
Alǵys аяқкиім тігін цехы Алаштың алғысын алғысы келеді, бірақ...
Ақмола өңіріне шетелден қоныс аударған ағайындардың ахуалымен танысу барысында, «Отанға не бере аламыз?» деген елшіл азаматтарды да жолықтырдық. «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамымаған. Ал Қытайда мұны «үшінші кәсіп» дейді. Жеңіл өнеркәсіп дамымай, халықтың тұрмысы жақсармайды. Әрбір азамат жеке кәсіппен шұғылданбайынша, ол өзінің тұрмысын дұрыстай алмайды. Өз тұрмысын жақсарта алмаған адам үкіметке алақанын жаяды. Әйткенмен, кәсіп ашып жатқан азаматтар да бар. Соның бірі кәсіпкер Бақытқазы Әкпархан деген азамат», – деп жол көрсетті Алтын Мәденқызы.
Сонымен кәсіпкер Бақытқазы Әкпарханның шағын кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен және өзінің де айтар уәжімен танысып қайттық.
Бақытқазы Әкпархан Қытайдың Іле автономиялы облысы Құлжа қаласы Күнес ауданынан атажұртқа қоныс аударған. Қазір Ақмола облысы Қоянды ауылында тұрады. Інісі Айтқазы мен Жұман Қытайда аяқкиім тігетін цехта жұмыс істеп, кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Бұл елімізде табылмайтын зәру мамандар. Бақытқазы осы інілерінің басын қосып, Algys атты аяқкиім тігу цехын ашқан. Цехта Әкпархандар отбасы жұмыс істейді. Цехтың ашылуына бір жыл болмай, сұраныс артқан. Алайда, жалпы нарыққа шығалмай отыр. Себептер көп дейді. «Қазірдің өзінде тапсырыспен алушылардың саны артып келеді. Тіптен, үлгермей қаламыз. Маман тапшы, техника да жетіспей жатыр», – дейді Айтқазы шебер.
Бақытқазы Әкпархан: Қазір базарда Қытай аяқкиімдері арзан. Бірақ мәселе оның бағасы мен сапасында емес. Мәселе оның адам денсаулығына әсері. Қытайда жасалатын арзан аяқкиімдердің көбі таза теріден тігілмейді. Ауа өтпейтін, ылғалды, иістендіретін жасанды терілерден тігіледі. Табандары әртүрлі химиялық қалдықтардан құйылады. Табан арқылы адам денесіне зиянды заттар бөлінеді. Көптеген ауру осындай сапасыз аяқкиімдерден болатыны дәлелденген.
Бұл елдегі азаматтардың денсаулығы үшін, болашақ ұрпақ үшін өте маңызды.
Қазірдің өзінде астаналық ауқатты адамдар Қытай аяқкиімін кимей, біз секілді отандық цехтарға тапсырыс беріп, тіктіріп киеді. Ал басқа халыққа да денсаулық керек. Ол үшін цехты үлкейту, мамандар тарту, техникамен жабдықтау қажет болады. Оған өзіміздің жағдайымыз әлі де жетпей отыр.
Ал Үкімет орта және шағын кәсіпорындарды қолдайды деген соң біраз жерге бардық. «Бәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң бақыр да жоқтың» кері. Қайда барсаң да бәрінде сол бітпейтін қалың қағаз. Оның үстіне 30 миллион құны бар мүлікті кепілге қоюың қажет екен. Мен де 10 миллион болса, ешқайда бармас та едім», – деген кәсіпкер өз назын да жасырмады.
Біз цехқа барғанда да алушылардың Algys-қа деген алғыстарының шексіз екенін де байқадық. Себебі аяқкиімдері сапалы. Тұтынушылар аяқкиімнің қалай тігілетінін өз көзімен көріп алады. Цехтың бір ерекшелігі де осы екен. «Цех бір бөлек, дүкен бір бөлек болса алушылар күмәнданады. Жалпы сапалы өндірістің процесі жабық болмауы қажет» дейді тігіншілер.