Қандауыр мен қалам

Қандауыр мен қалам

Қандауыр мен қалам
ашық дереккөзі
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, елімізге кеңінен танымал дәрігер-хирург Сағындық Ордабековпен оның алдында да физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Абдуалы ағамыз арқылы таныс едім. Сағындық ағамыздың республикалық, облыстық басылымдардың беттеріне жиі шығып жататын танымдық-тағылымдық публицистикалық мақалаларын оқимын. Бұл біздің байланысымызды жақындата түскен.  Бала күнімізде дәрігер Естөре Ора­зақовтың «Дәрігерлік кеңес» деген кітабын қызыға оқығанымыз бар. Сондағы бір ерекшелік қанша­ма аурудың түрлері, оның адам ден­саулығына қатері туралы айтылып жатқанмен, қарапайым ауыл­дың тыныс-тіршілігімен байла­ныс­тырған соң ба, тартымды оқылатын. Неге екенін қайдам, Сағындық Ордабеков ағамыздың тағылымды әңгіме-эсселерін, танымдық мәні жоғары мақалаларын оқыған сайын сол бала кезден білетін дәрігердің кітабы еске оралады. Мұның сыры неде дейсің. Гиппократтың антын ту еткен дәрігерлік әрине, қасиетті мамандық. Ал оның қолында қандауырмен қоса қалам болса, тым айбынданып, биіктеп кететін тә­різді. Өйткені қаламның өз құ­дірет-қасиеті бар. Қалам жақсы адамның қолына тисе, оның ішкі жан дүние­сінің байлығы мен жылуы нұр сәу­лесін аша түседі. Сағындық ағамыз – қандауыр мен қаламды тең ұстаған абзал аза­мат. Оның қаламынан туындаған эссе-мақалаларынан ізгілікке жаны құштар адамдықты, адам баласын бауырындай көретін кеңпейілділік­ті, туған еліне, жеріне деген алғаусыз сүйіспеншілікті, оның тарихына, мәдениетіне деген елгезектікті, тағы басқа жайларды аңғарамыз. Сондықтан да қазақ халқының хас батырлары Бауыржан мен Рахымжан туралы жазған әп-әдемі эссе­сінде өзі айтып өтетіндей, 1969 жылы Алматыдағы медицина инс­ти­тутының 1-курсына қабылданған кезінен бастау алатын хирург-дәрігерлік ғұмыры, ғалымдық жолы, бұл саладағы жеткен жетістіктері мен биіктері өз алдына үлкен әңгіме. Мұны жазу үшін дәрігерге дәрігердің, ғалымға ғалымның, сан мыңдаған емделушілерінің көзімен қарау керек болар. Ал біз оның қолы қалт еткенде, қандауырды қаламға ауыстыратын қасиеті жөнінде аз-кем айтпақпыз. Сөз арасында кейде қалжыңдап, бір жағы тынымсыз еңбекшілдігіне сүйсініп: «Аға, осыншалықты жазуға қалай үлгеріп жатасыз?» дейміз. Әлбетте, уақытты зая өткізбейтін құнттылық болса, бәріне үлгеруге болады. Оның үстіне сол жазуыңнан өзің іштей қуат алып жатсаң. Ал ең бастысы, жазғаның оқырманның көңілінен шығып, ыстық ықыла­сына бөленсең. Оқырманға өзіндік айтарың болса... Біздіңше, дәрігерлік қандауырдан қолы қалт еткенде, Сағындық ағамызды үстелге «байлайтын» қуат-құштарлық осында-ау деп ойлаймыз. – «Өмірде туған жерге, туған ел­ге, өзінің халқына, ағайынға, ата-анаға бас имейтін азамат жоқ болар, сірә. Сол себептен де мен туған жерге қазақтың талай тарихының куә­гері, киелі де қарт Қаратау өңірін­дегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылына (қазіргі Жаңатас қаласына таяп тұрған таулы аймақ) жыл сайын сағына барамын, жас ба­лаша еркелеп, құрбы-құрдаста­ры­ма, аға-жеңгелеріме сәлем беріп, олардың аман-саулықтарына қуа­нып, көңілім бір жадырап, жаңарып, тіпті жасарып қалады. Туған жерге, туған өңірге еш елді, еш жерді ауыстыра алмайсың. Өйткені одан артық ел де, жер де жоқ», – деп тол­ғана тебіренеді «Жүрек пернелері» атты кітабына (2017) енген мақа­ла­сында. Өзінің ойын қазақтың талай маңдайалды азаматтарының туған жерге бас июімен салмақтандыра түседі. Мәскеуде, Алматыда қызмет істеген, қазақ әдебиетінің нар тұл­ғасы Тәкен Әлімқұловтың ақыр соңын­да Созақтың топырағында, Бабатада байыз табуын айтсаңшы. Жазушы Оспанәлі Иманәлиев те өмірінің соңғы кездерінде ару Алматыны қалдырып, Талас жеріне, хал­қына оралып, біраз жылдар ыс­тық құшағында болып, топырағы туған жерінен бұйырады. Мұнан да көп мысалдарды айта отырып, Са­ғын­дық ағамыз туған жердің құді­ретін оқырманның санасына сің­діре түседі. Үлкен тұлғалармен кездесу де, олармен болған тағылымды әңгіме де Сағындық ағамыздың қаламынан қалыс қалмайды. Сондай жүздесудің бірі әйгілі композитор Шәмші Қал­даяқовпен болады.  «Тамды аруы» немесе Шәмшінің бір әні туралы мөлтек сыр» мақаласында осы жайды қызықты баяндайды. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында бұл күндері аты аңызға айналған композитор Жамбыл өңірінде 17-18 жылдай тұрады. Ол мұнда «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы», «Сағы­нышым менің» және тағы басқа әндерін шығарады. Міне, сондай күндердің бірінде, 1986 жылдың жазында Шәмші ағамыз соқыршек­пен ауырып, облыстық аурухананың хирургия бөлімінде операция жасатып, жиырма күндей тиісті ем-домын алады. Сонда Сағындық ағамыз бен Шәмші арасында сырлы әңгіме өрбиді. Шәмші аға табиғатынан дарынды композитор ғана емес, әңгіме айтудың да нағыз шебері еді деп еске алады автор. Бірақ оның әңгімесі ешуақытта біреуді жаман­дауға, қаралауға құрылмайтын. Бірде әңгіменің ыңғайы келіп, Дінмұхамед Қонаевқа ауысқанда, парасатты, ұлтжанды азамат жө­нінде шын пейілмен төгіле сөйлейді. Ол қабылдауында болған Нұрғиса екеуін ризашылықпен есік алдына дейін шығарып салып тұрып: «Қа­рақтарым, сендер елдің, көпші­лік­тің адамысыңдар, жақсы ән жазып жүргендеріңді білемін, тіпті, сендерді мақтаныш етеміз. Өздеріңді күтіңдер, не дегенмен сендер ел адамысыңдар...» деген қамқор сөзін жеткізеді. Сол кісінің қамқор­лығы­мен Алматының орталығынан жаңа үйден хан сарайдай үш бөлмелі пәтер алғанын еске алады. Шәмші бірде Сағындық ағаға ба­сындағы таңғажайып жай – Ақан сері әруағымен қалай тілдескені жөнінде сыр шертеді. Көкшетауға ел азаматтарының шақыртуымен бар­ғанда, Ақан серінің бейітіне ба­рып, зиярат етіп қайтуды өтінеді. «Ахаң Көкшенің «Тереңкөл» маңында жерленген екен, оған тәу етіп, құран түсіру үшін бір топ жігіттермен сонда бардық. Құранды бейіттің басындағы Мәжит деген қарт кісі – шырақшы оқыды. Дауысын қыраттап, тыңдаушыларын ұйы­тып, әсерлі оқиды екен. Бір мезет­те денем дел-сал болып, кір­пік­терім еріксіз айқасып, көкіре­гім­ді өксік қысты. Менің ырқыма көнбей, жанарларым былауланып, мөлт-мөлт етіп жас төгілді. Себепсізден-себепсіз булығып, демім тоқтап қалғандай болды. Кенет: – Сен Шәмші емессің бе? Неге жылайсың? – деген дауыс ту сыртымнан саңқ ете қалды. Көзімді ашып дауыс шыққан жаққа қарап едім, Ақан екен. Жүзі маған тым қатулы көрінді. Орнымнан тұрмақ болып ұмтыла беріп едім, әлгі бейне жоқ болды. Айналама қарасам өзіме еріп келгендерден бөтен ешкім көрінбейді. Барлығы құранға мүлгіп отыр, кейбіреулері көздерін тарс жұ­мып алған. Шырақшы-молда құранын аяқтамапты. Көзімді қайта жұмып едім, Құдайдың құдіреті, әлгі көрініс көз алдыма көлбеп қайта келе қалды да Ақан сері екеуіміз ашық әңгімеге көштік. Мен оған мына өмірге нала екенімді, тіпті, бақытсыз жан екенімді айттым. Ол жауап ретінде: – Шәмші, сен осыншама жасық па едің? Неге егілесің? Өмірдің қиындығымен күресе біл, қайсарлы бол. Сенің әлі халқыңа берерің көп. Жасыма, таусылма. Ән өнерің құл­дырамасын, шабытың шалқысын, әумин! – деп батасын берді де, көзден ғайып болып кетті. Мен: – Неге, кімге өкпелеймін... Аха, ке­шіріңіз мені... Жоқ, болмайды екен... Бүгіннен бастап әзәзілді қоя­мын... Ішуді тоқтатам... – деп күбір­лей беріппін. Өз даусымнан өзім шо­шып, көзімді ашсам, қасым­да­ғылар маған үрейлене қарап: – Шәке, не болды саған? Өзің­мен өзің сөйлеп отырсың. Тыныш­тық па? – Барлығы дұрыс, жігіттер. Оған көңіл аудармаңдар... ойыма бір нәрсе түсіп кетті де, содан... Құраны­мыз бен ниетіміз қабыл болсын! – деп бетімді сипап, орнымнан тұрып, олардың көңілдерін басқаға аудардым. – Міне, содан кейін, яғни 1977 жыл­­дан мен ішімдікті мүлдем тоқ­таттым. Арақ-шарап дегенді аузыма алмаймын. Бірақ арақтан бойым­ды аулақ ұстағаныма көп жыл­дар болса да, ел мені сан жаққа жү­гіртеді. Тіп­ті, «Шәмші ішуін қой­ғаннан кейін, ән жазуын да қойыпты», «Шәм­шінің шабыты тек арақ ішкенде келеді екен...» деген алыпқашпа сөздер де желдей еседі. Кімнің аузына қақпақ боласың, інім. Айта-айта өздері де шаршар, одан кейін қояр деп ойлаймын, – деп сөзін аяқтады. С.Ордабековтің «Кірмеші жиі түсіме...» немесе бұл әннің тарихы туралы бір үзік әңгіме» атты талантты композитор Қалдыбек Құр­манәлі туралы жазған сырлы әңгі­ме­сі де қызықты оқылады. Оның ендігі бір топ эссе-мақа­ла­лары қазақтың арда тұлғаларына арналған. «Елім деп өткен Димекең», «Бауыржан мен Рахымжан» мақала­ларын­да алып тұлғалардың өмі­рінен сыр шертеді. Бұл мақалаларын жазуда ол көп ізденген. Білгенін, оқығанын тықпаламайды. Сол мол білген-түйгенінен оқырманына ең маңыздысын, тұшымдысын ұсына­ды. Сондықтан бұл мақалалар көле­мі шағын болғанмен, айналасы жұп-жұмыр, мәнді де тағылымды болып келеді. Мәселен, Рейхстагқа ту тіккен батыр қазақ Рахымжан Қошқарбаевтың Бауыржан арқылы елге кеңінен танылуын автор қы­зық­ты баяндайды. Бірде жазушы-майдангер Кәкімжан Қазыбаевты шақырып алып: – Білесің бе? – дейді көзі ұшқын ша­шып, ширыққан Баукең. – Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол ақырзаманның нағыз өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан әруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретінде өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу. Сонда соғыс біткеніне 13 жыл болғанмен, оны ешкім іздеп келмеген екен. Тіпті Бауыржан болмағанда іздеусіз де қалғандай. Содан Кәкім­жан Қазыбаев іздеп жүріп тауып алып, әңгімелесіп, ол туралы 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты алғашқы деректі очеркін жариялайды. Кейін жазушының қаламынан Р.Қошқарбаев туралы «Отпен жа­зылған өмірбаян», «Тарылған ты­ныс», «Шешуші шабуыл» және басқа да очерктері мен «Кернеген кек», «Найзағайдай жарқылдап» деген повестері дүниеге келеді. Міне, аты аңызға айналған Бауыр­жанның көпке беймәлім қы­ры. Әралуан деректерге сүйенген автор Баукең мен Рахымжан ара­сын­дағы сыйластықты оқырманына үлгі етеді. С.Ордабековтің туған жердің тү­легі, Қазақстандағы алғашқы тех­никалық жоғары оқу орны – Қазақ кен-металлургия институ­тының, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық тех­никалық университеттің ұйым­дас­тырушысы және алғашқы ректоры, репрессияға ұшырап 1938 жылы атылған Әшір Жанәліұлы Бүркіт­баев туралы жазған мақаласы, кейін монография-кітабы («Жалт еткен жасын ғұмыр») – үлкен ізде­ніс­тің нәтижесі. Сол еңбектен кейін ғана сарысулық жерлестерінің қол­дауы­мен бұрынғы Андреевка селосына Әшір Бүркітбаевтың аты бе­рілді. Қазақтың мақтанышына айнал­ған ғалым-ағартушы Шоқан Уәли­хановтың 1864 жылы орыс әскері­мен Әулиеатаға жасаған сапары және оның өмірінің соңғы жылдары, жұмбақ өлімі туралы ізденістері қызығарлық  тың дүние. Иә. Ол әрдайым ізденісте жү­реді. Жайбарақат күн кешу саналы адамға бұйырмаған. Тірнектеп Жамбыл облысының денсаулық сақ­тау тарихын мұрағаттардан жә­не де басқа жолдармен тірнектеп жинап, оны жеке көлемді кітап етіп 2009 жылы республикалық баспадан «Жамбыл облысының медицинасы» деген атпен жарық көрді. Бұл кітап өңір денсаулық сақтау және қалыптасу тарихына арналған ту сонау ХІХ ғасырдан бастап осы күнге дейінгі көптеген нақты деректер мен мәліметтер жиыстырылып,  қызықты фотосуреттермен және материалдармен толықты­рыл­ған салмақты әрі сүбелі еңбек болды. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, қазақтың алғашқы профессор-математигі Әлімхан Ермековтің жұбайы, дәрігер-хирург Рахила Ша­габудинқызы Жамбыл қаласында өткен жүзжылдықтың 30-40-жылдарында айдауда болып, дәрігер болып еңбек еткені, әйгілі орыс жазу­шысы М.Булгаковтың (оқушы­ларға «Шебер және Маргарита», «Собачое сердце» және басқа да шы­ғар­маларымен жақсы таныс) өгей әкесі, терапевт Иван Воскресенский сонау Киевтен жер аударылып Тараз қаласындағы облыстық ауруханада ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, осы жерде жерленгені туралы мәліметтер жинап, баспа­сөздерде жариялатты. Тіпті, кеңес заманының белгілі тұлғасы М.Фрун­зенің әкесі Меркі ауылында фельдшер болып қызмет етіп, жергілікті халыққа медициналық көмек бергені және оның сол Меркеде көз жұмып, сол жердегі ескі бейітке қойыл­ғаны жайлы деректер тауып, рес­публикалық бірнеше газет-жур­налдарға мақала жариялады. Қа­зақтың алғашқы зерделі қыз­дары­ның бірі, Коминтерн мүшесі Алма Оразбаева өмірінің соңғы 17 жылын Жамбыл облысының Құлан ауы­лында өткізгені, оған сол жердің то­пырағы бұйырғаны жайлы жаз­ған да дәрігер С.Ордабеков еді. Белгілі академик, екі рет Еңбек Ері атағына ие болған ғалым, гельминтология ғылымының негізін қалаған мал дәрігері, академик К.Скрябиннің  алғашқы еңбек жолы Қазақстанның оңтүстік өңірінде, оның 4-5 жылын Әулиеата шаһа­рында өткізгенін, ғылыми ізде­ністері мен тұңғыш ғылыми еңбек­терін осы Әулиеатада жүріп жаз­ғаны туралы қызықты мәлімет­тер жинап, оларды газет-журналдарға жазып, көрнекті ғалымның тұрған үйін музейге айналдыруға, оны қал­пына келтіруге көп еңбек сіңірген де Сағындық аға болатын. Дәрігер С.Ордабеков әрдайым із­деністе. Зерттеген дүниелерін сараптап, «електен» өткізіп дайын­да­ған танымдық мақалаларының басын қосып бірнеше тарихи-пуб­лицистикалық кітап шығарды. Республикалық және де басқа көрші елдердің ғылыми медициналық журналдарында, топтамаларында жарияланған ғылыми еңбектері де аз емес. Ғалым-дәрігердің конференцияларда жасаған тартымды баяндамалары, айтқан пікірлері көпшілікті қызықтырады, тың ойларға жетелейді. Сан түрлі тақырыпқа қалам тер­беген оның мазмұнды мақалалары республикалық, облыстық газет-журналдарда мезгіл-мезгіл жарияланып келеді. Оның еліміздің, облысымыздың қаламгерлері, мә­дениет қайраткерлері туралы жаз­ған көптеген танымдық мақалалары мен эсселері өз алдына бір сала. Ол басқалардың жақсылық істеріне, табыстарына шын жүректен қуана біледі. Жай қуанып қана қоймай, оның насихатшысына, жаршысына айналады. Ал мұның ар жағында мәдениетке, руханиятқа деген жү­рек­тің құштарлығы мен жана­шыр­лығы, сүйіспеншілігі байқалады. «Кітап» дегеннен шығады, Сакеңнің әртүрлі баспалардан шығарған оқулықтар мен оқу құралдары, әңгімелер жинағы мен публицис­тикалық кітаптарының («Беймаза дүние», «Көкіректегі күмбірлер», «Ба­қыт кілті», «Көңіл көкжиегі», «Жүрек­тегі пернелер», «Ойтолқын» және т.б.) жалпы саны 40-қа жуық­тапты. Дәрігерлікпен қатар  қалам­герлікті тең ұстап, негізгі қызметінің ауырлылығы мен жауапкершілігіне қарамай, шаршамай-шалдықпай жеке шығармашылыққа уақыт тауып жүрген жанның еңбекқорлы­ғына шексіз риза боласың.  

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор