Тағылым мен тағзым кезеңі

Тағылым мен тағзым кезеңі

Тағылым мен тағзым кезеңі
ашық дереккөзі
731
Ақордада өткен биылғы алғашқы жиын жыл жоспарын бекітуге арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығымен 2020 жылғы жұмыстардың басым бағыттарын талқылады. Жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы мен сыртқы саясат жөніндегі мәселелері, осы жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар тізбесі қаралды. Алда – жұдырықтай жұмылуды талап ететін жауапты бастамалар, тарихымыздан тағылым іздеп, ел өмірінде елеулі орны бар тау тұлғаларды ұлықтайтын айтулы мерейтойлар, болашаққа жол салатын, алысымызды жақын ететін қарышты қадамдар.

Ұлы ақын мен ұлы ойшылдың тойы

Елдігімізді, егемендігімізді, еңселі мемлекеттігімізді айшықтайтын биылғы маңызды міндеттің бірі – Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын жоғары деңгейде өткізу. Өткен жылдың соңында аталған мерейтойларды өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Біз осы ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден өркениеттің, ғылым мен білімнің, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік», – деген болатын. Абай Құнанбайұлының мерейтойын ме­рекелеу жоспары 80 тармақты қам­ти­ды, солардың ішінде ірі халықаралық жә­не республикалық қоғамдық маңызы бар, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, ме­диалық жобалар және т.б. шаралар қам­тылған. Ұлы ақын мерейтойының рес­ми ашылу рәсімі жуырда елорда тө­рін­де өтеді. Мерейтойлық жыл күнтіз­бе­сінде әлемде кең тараған Абай ең­бек­терінің тұсаукесері, белгілі абайтанушы-ға­лымдардың, шығармашылық және ғы­лыми зиялы қауым өкілдерінің қа­тысуымен Париждегі ЮНЕСКО штаб-пә­терінде халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференция, Кембридж уни­верси­теті музейіндегі іс-шаралар секілді ауқымды жобалар бар.  Халықаралық іс-шаралар қатарында Мәскеуде өткізі­ле­тін салтанатты жиын мен Үлкен театр­да қойылатын «Абай» операсы жос­пар­лан­ған. Сондай-ақ, мерейтой аясында Абай­дың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориал­дық музей-қорығын музеефикациялау және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-рес­таврациялау жұмыстарын жүргізу қарас­тырылған. Ұлы ойшыл жырлаған адам­гершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында барлық оқу орындарында Абайдың туындыларын мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық са­бақтар мен байқаулар өткізілмек. Ал Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарда ұлы философтың мұрасын зерделеп, мәнін түсінуге бағытталған 50-ден астам іс-шара қамтылған. Осы ай­да мерейтойды мерекелеудің ресми рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби орталы­ғының» халықаралық тұсаукесерімен басталмақ. Елордада ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО аясында «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғы­лыми симпозиум өтеді. Оған жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, жо­ғары оқу орындарының басшылары шақырылмақ. Түркістан облысында арт-фестиваль ұйымдастырылып, оның аясында қолөнершілердің жәрмеңкелері, ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен мерекелік концерттер өткізу жоспар­лан­ған. Әл-Фарабидің мерейтойы аясында ЮНЕСКО-ның атсалысуымен гумани­тарлық білім саласындағы әлемнің жетек­ші сарапшылары қатысатын ха­лық­аралық конференцияны жоғары дең­гейде ұйымдастырудың маңызы зор.

Торқалы тойға  толы жыл

Жалпы, 2020 жыл – мерейлі мерекелер мен торқалы тойларға толы жыл. Атап айтсақ, биыл Түркі әлемінің ұлы ой­шылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның ту­ғанына 1000 жыл толмақ. Ғалым 1020 жы­лы ортағасырлық Баласағұн қала­сын­да дүниеге келді. Ойшылдың өміріне қа­тысты мәліметтер аз сақталған. Тарихи мәліметтер оның алғашында Бала­сағұн­да, кейін Қашқарда білім алғанын мағлұматтайды.  Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, әдебиет, тіл білімі және тағы басқа ғы­лым салаларының дамуына зор үлес қос­қан. Жүсіп Баласағұнның есімі әлемдік әде­биет пен мәдениет тарихында «Құ­тадғу білік» («Құтты білік) дастаны ар­қылы қалды. «Құтты білік» – түркі тектес халықтардың ортақ қазынасы, көне түркі тілінде жазылған. Биыл елімізде Қазтуған жыраудың 600 жылдығы да атаусыз қалмасы анық.  Қазтуған Сүйінішұлы – қазақтың XV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. 1420 жылы қазіргі Астрахан облысы Красный Яр қаласының маңында дүниеге келген. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Әскербасы, батыр болған. Еділдің Ақтума, Бозан бойларын қоныс еткен жыраудың артында қалған мол мұра –ұрпақты ерлікке, ел мен жерді сүюге үндейтін отты жырлары күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қазақтың дәулескер күйшісі Дәулет­ке­рей Шығайұлының 200 жылдығы да – 2020 жыл күнтізбесіндегі айтулы мерей­той­лардың бірі.  Күй өнеріндегі лири­ка­лық бағыттың негізін салған Дәулеткерей Шығайұлы  1820 жылы бұрынғы Орал облысының Орда ауданында дүниеге келген. Күй­шінің Ақбала деген сұлу әрі өнерлі қызға арнаған «Ақжелең» күйі, тұрмыс-тірші­лік­тегі көріністерді бейнелейтін «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ыс­қыр­ма», «Қосішек» атты күйлері, орыс му­зы­ка­сының әсерімен «Ващенко», «Топан» күй­лері, қазақ күйшілері тегіс жатқа біле­тін «Бұлбұлы» – қазақ өнерінің алтын қорына енген туындылар.

 Ғасыр бұрын  туған саңлақтар

Елдің дамуына, халқымыздың мә­дени-рухани түлеуіне өлшеусіз үлес қос­қан заңғар тұлғалардың ғасырлық ме­рейтойын өткізу де 2020 жылдың ен­шісіне бұйырыпты. Солардың бірі – қа­зақ­тың біртуар ақыны, Қазақстанның ха­лық жазушысы Жұбан Молдағалиев. Қа­ламгердің 100 жылдығын тойлауға туған өңірі – Ақжайық қана емес, Аты­рау­дан Алтайға дейінгі байтақ ел тегіс үн қосары анық. Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан со­ғысында ерлікпен қаза тапқан қазақ­тың ержүрек ұлы Төлеген Тоқтаров та осы­дан дәл бір ғасыр бұрын дүниеге кел­ген. Жеңісті жақындату жолында аян­бай тер төккен батырдың майдандағы ерлігін бүгінгі ұрпақ аңыз қылып айтып жүр. Жаумен алысып жүріп мерт болған ердің ғасырлық мерейтойы ел жылнамасынан елеулі орын алуы тиіс. Сондай-ақ биыл Кеңес Одағының ба­тырлары, Екінші дүниежүзілік соғыста  өш­пес  ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ­тың жаужүрек ұлдары Ағаділ Сухамбаев,  Әбу Досмұхам­бе­тов, Жәлел Қизатұлы, Нағи Ілиясов, Сұл­тан Баймағамбетов пен Қожабай Жа­зы­қовтың да 100 жылдығы аталып өтпек. 2020 жылы ғасырлық мерейтойы той­ланатындар қатарында қазақтың ай­тулы опера әншісі, театр режиссері Бай­ғали Досымжанов, белгілі қоғам қай­раткері, профессор  Жұмахан Балапанов, белгілі жазушы, ұстаз Кәмен Оразалин, Қазақстанның халық әртістері Күләш Сәкиева мен Сәлима Саттарова бар.

Дүние дидарындағы Қазақстан

2020 жыл Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін жарқын сәттерге толы болмақ. Өйткені халықаралық деңгейдегі ірі саяси және маңызды спорттық шаралар дәл осы жылға жоспарланған. Атап айтқанда, биыл Жапония астанасында төртжылдықтың айтулы додасы – XXXII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Спорттық шараны ұйымдас­тыру­шы­лар­дың айтуынша, дүбірлі дода жоғары дең­гейде ұйымдастырылады, онда соңғы үлгідегі инновациялық технологиялар пайдаланылмақ. Сондай-ақ Токио Олимпиадасының бағ­дарламасына жаңа 5 спорт түрі енеді. Олар – бейсбол/софтбол, карате, серфинг, құзға шығу және скейтбординг. Жал­пы, жазғы XXXII Олимпиадасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы са­рапқа салынады. Бүгінде Қазақстан құрамасының ен­ш­ісінде 13 спорт түрінен 28 лицензия бар. Дүбірлі додаға жолдама алған спорт­шылар ел намысын абыроймен қорғап, қоржынымызды медальға толтырады деп сенеміз. 2020 жылдың 20 қазаны мен 10 сәуірі аралығында Дубай қаласында халы­қара­лық Expo-2020 көрмесі өтеді. Бұл – Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия өңірінде ұйымдастырылатын алғашқы халықаралық көрме. Маңызды шараның тақырыбы – «Ақыл адамдарын біріктіріп, болашаққа қадам басу». Көрмеге 25 миллион адам келеді деп жос­парланып отыр. Оның 70 пайызы шет­елдіктер. Бұл – 168 жылдық тарихы бар Expo көрмесіндегі рекордтық көр­сеткіш. Әлемге өз жетістігін паш ететін 200 мемлекеттің арасында Қазақстан да бар. Қазақ елі дүниежүзілік шараға қа­тысу үшін 9 миллиард теңгеге жуық қара­жат жұмсағалы отыр. Осы орайда Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. «Біз 10 миллиард доллар инвестиция тарт­қымыз келеді. Бұл үшін бізге Дубай­дағы Expo көрмесіне қатысу қажет. «Мүм­кіндіктер» технологиялық кластері аясында Қазақстанның ұлттық павильоны болады. Оны әлемнің түкпір-түк­пірінен жиналған көптеген инвестор аралайды. Уақытша құрылыстар тұрғызу үшін 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлініп отыр», – деген еді Смайылов. Халықаралық аренадағы тағы бір айтулы шара – биыл Қазақстан аста­насын­да өтетін  Дүниежүзілік сауда ұйы­­­мының (ДСҰ) 12-ші министрлік кон­ференциясы. Халықаралық сауда та­қырыбына арналған маңызды шара 8-11 маусым аралығында ұйымдастыры­ла­ды. Конференцияға ұйымға мүше елдің 164 сауда министрі мен ДСҰ-дағы ба­қылаушы мемлекеттердің 20 сауда ми­нистрі қатыспақ. Одан бөлек, халық­аралық шараға беделді сарапшылар шақырылады. Жалпы, конференцияға 5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Маңызды жиында Дүниежүзілік сау­да ұйымының жұмысына реформа жасау, қызмет көрсету саласындағы жаңа ға­ламдық ережелерді реттеу, инвестиция тар­туға көмектесу, электронды сауда әрі ба­лық аулау кәсібіне субсидия тарту сынды мәселелер талқыға салынады. Биыл елордамызда өтетін тағы бір маңыз­ды шара – XIII Астана экономи­ка­лық форумы. Форум аясында түрлі тақырыптағы панельдік сессиялар, дөң­гелек үстелдер, конференциялар, бизнес-диалогтар ұйымдастырылады. Онда әлемдік көшбасшылар және беделді ха­лықаралық сарапшылар ғаламдағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасады. Ал Көкшетауда Қазақстан мен Ре­сейдің XVIІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Форумға қатысушылар экология және жасыл даму мәселелерін талқыға салады. Жиынның орны мен оның тақырыбын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Бұл ұсынысты Ресейдің мемлекет басшысы Владимир Путин қолдаған. Алғаш рет екі елдің өңіраралық ын­тымақтастық форумы 2003 жылы Омбы қаласында өткен еді. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Осы уақыттан бері форум Ресеймен шекаралас аудандарда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл мемлекеттер бұл дәстүрді бұзып, Ақмола облысында бас қосуға келісті. 2020       жыл жылнамасындағы ендігі бір елеулі оқиға – ЕАЭО-ға мүше елдердегі халық санағы. 2015 жылдың жел­тоқ­санында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 2020 жылы ЕАЭО-ға мүше елдерде халық санағын өткізу туралы шешімді мақұлдаған. Ал сол жыл­дың 2 желтоқсанында Жоғары Еура­зия­лық экономикалық кеңес отырысында «2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде халық санағын жүргізу» туралы жобаны жүзеге асыру ту­ралы шешім қабылданды. ЕАЭО-ға мүше елдерде халық санағы 10 жылда бір жүргізіледі. Мамандардың пікірінше, халық санағы одаққа мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық индикатор көрсеткіштерін түзетуге мүм­кіндік береді. Қазақстан Үкіметінің 2019 жылдың 19 маусымындағы «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық сана­ғын өткізу туралы» қаулысына сай, елі­мізде халық санағы осы жылдың қазан айында өтеді. Ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерді шешу Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген.   P.S. Маңызды шаралар мен торқалы тойларға толы жыл бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыра түсеріне сенім мол. Әрбір нәтижелі істің артында үлкен жауапкершілік, еселі еңбек, айрандай ұйыған ауызбіршілік тұратынын ескерсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын шақ, міне – осы. 2020 жылдың Еріктілер жылы деп жариялануы да бекер болмаса керек. Ендеше, елдігімізді айшықтай түсетін жауапты белестен абыроймен асайық.    

Серіктес жаңалықтары