232
Мұзды ойыққа батып кеткен: Жайықтан 15 жастағы баланың денесі табылды
Мұзды ойыққа батып кеткен: Жайықтан 15 жастағы баланың денесі табылды
Жайық өзенінен 15 жастағы баланың денесі табылды. Бұл туралы Атырау облыстық ТЖД басқармасы хабарлады.
Мұз үстімен жүрмек болған төрт жеткіншек жарылған ойыққа батып кеткен. Жедел жеткен полицейлер мен құтқарушылар 12 және 15 жас аралығындағы үш жасөспірімді ажалдан алып қалды. Соңғысын іздеу шаралары бір күнге созылды. Өкінішке қарай кәмелетке толмаған ауыл тұрғынының мәйіті кешкі уақытта мұз астынан табылды. Ал құтқарылған балалардың біреуі үйіне жіберіліп, екеуі дәрігерлердің бақылауында. Мамандардың айтуынша, науқастардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
- Сағат 17:35-те Жайықтың жағалауында сол батқан жерінен табылды. Құтқарушылардан тоғыз адам жұмылдырылды. Бір арнайы дайындықтан өткен ит пен кинолог мамандармен іздестіру жұмыстары кеше 5 қаңтар күні жүргізіліп, кешкі сағат 18.00-де тоқтатылды,- дейді облыстық ТЖД басқарма басшысы Қайрат Темірболат.