295
Ядролық алпауыттар жанжалы: АҚШ шабуылынан көз жұмған Касем Сүлеймани кім болған?
Ядролық алпауыттар жанжалы: АҚШ шабуылынан көз жұмған Касем Сүлеймани кім болған?
Америкалықтардың шабуылынан көз жұмған ирандық генерал Касем Сүлейманидің қазасынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай ушығып кетті.
Иран жұрты кек қайтару туралы айтуда. Ресми Тегеран ядролық келісімнен шығатынын жария етті. Ал АҚШ болса, Иракқа санкциялар салып, Иранға соққы жасаймыз деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Касем Сүлейманиге Бағдат халықаралық әуежайы аумағында шабуыл жасалған. Артынша АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі оның Дональд Трамптың бұйрығымен ұйымдастырылғанын айтып, тиісті мәлімдеме жасады. Онда «Сүлейманидің көзін жою – шетелде жүрген америкалық қызметкерлерді қорғау үшін жасалған батыл қадам» делінген. Өйткені айтуларынша, генерал Ирактағы және бүкіл өңірдегі АҚШ дипломаттарына шабуыл жасау жоспарларын құрып келген.
Жалпы көпшіліктің көкейінде «Касем Сүлеймани кім болған?» деген сауал жүргені анық. 62 жастағы генерал беделі бойынша Иранда аятолла Хаменеиден кейін екінші адам саналатын. Ол «Ислам революциясы сақшыларының корпусы» құрамындағы «әл-Кудс» арнайы жасағының басшысы болған. Бұл жасақ Таяу Шығыстағы әскери және барлау қызметімен айналысады. Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, генералдың жемқорлық былығына қатысы болмаған. Қарапайым өмір сүрген. Басты жетістіктерінің біріне Сириядағы лаңкестермен жүргізген күресін жатқызуға болады. Көбі Иранның Ислам әлемінде, соның ішінде шейіттер әлемінде ықпалының артуына да Сүлейманидің қосқан үлесі зор дейді. Иран халқына марқұммен қоштасуға мүмкіндік беру үшін бүгін елде демалыс жариялаған. Тегеран орталығында көлік қозғалысы тоқтатылған. Мектептер жұмыс істемейді. Соңғы мәлімет бойынша, генералмен қоштасуға 3 миллионға жуық адам жиылған.