Қар тазаламаған кәсіпкерге – 50 мың теңге айыппұл

Қар тазаламаған кәсіпкерге – 50 мың теңге айыппұл

Қар тазаламаған кәсіпкерге – 50 мың теңге айыппұл
ашық дереккөзі
266
Петропавлда тәртіп сақшылары 133 дүкен мен сауда орындарын аралап, өзіне тиісті аумақты қардан тазартпаған 27 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырды. Бұл туралы СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.  Қаңтардың алғашқы күндері жергілікті полиция қызметі басқармасының мамандары облыс орталығындағы сауда орындарын аралаған. Тәртіп сақшылары кәсіпкерлерге «СҚО елді мекендер мен қалалардың аумақтарын көркейту ережелерін» еске салды. Бұл ережені осыдан үш жыл бұрын облыстық мәслихат бекіткен еді. Оған сай жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі аумақты таза ұстауға міндетті. Бұған дейінгі ескертуге құлақ аспаған 27 кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша айыппұл салынды. Жаңа жылдан бастап АЕК мөлшері 2651 теңге болғандықтан, айыппұл сомасы да автоматты түрде артты. Мәселен Петропавлдағы орталық көшелердің бірінде орналасқан ғимарат иесі маңайдағы қарды шығармағаны үшін енді 50 мың теңге айыппұл төлейді. «Бірнеше рет ескертіп барып қана айыппұл саламыз. Біз қолданатын негізгі шара – ескерту. Былтыр ҚР ӘҚК 505-бабы бойынша 7699 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, соның тек 206-сына ғана айыппұл салынды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. Тәртіп сақшылары шығарылмаған қар тұрғындардың еркін қозғалуына кедергі келтіретіндігін, ал көктемде ол еріп, ыңғайсыздық тудыратынын еске салады. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың да уақытында қардан тазаланбауы – қауіпті. Тасжолдарда кезекшілік атқаратын патрульді полиция батальонының қызметкерлері қар алған аумақтар мен мұз басқан жол учаскелерін байқаған жағдайда бірден хабарлайды. Бұл ақпарат тиісті мекемелерге беріліп, жолдарға арнайы техникалар шығарылады.  

Серіктес жаңалықтары