297
22 операция жасалды: Дәрігерлер ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын айтты
22 операция жасалды: Дәрігерлер ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын айтты
Алматы дәрігерлері әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді.
Мамандардың айтуынша, Алматы стационарларында 27 пациент жатыр. Олардың жетеуі бала. Алматы көпбейіндік клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде 1 адам жатыр. Барлық зардап шеккендер мен жансақтау бөлімінде жатқан адамның жағдайы тұрақты, бір қалыпты жақсарып келеді, деп хабарлайды Қазақпарат.
Апаттан зардап шеккен үш жолаушы одан әрі емделу үшін санавиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласының Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілген.
Жалпы алғанда, дәрігерлер 22 операция жасады. Барлық ота сәтті өтті. Оның ішінде екі балаға Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологтары жоғары технологиялық заманауи емдеу әдісін қолдана отырып, кесусіз, атап айтқанда «Оң сан сүйегінің иілгіш өзекшелерімен остеосинтезі» операциясын жасады. Мұндай операциядан соң бірнеше күннен кейін сынған аяқ-қолдың қалпына келу мүмкіндігі жоғары болмақ.
Айта кетейік, әуе апатының нәтижесінде 69 жолаушы зардап шеккен, оның ішінде 9-ы бала. Қазір Алматы, Нұр-Сұлтан стационарларында және Алматы қалалық көпбейінді клиникалық ауруханасында 30 адам жатыр.