Сандар жасырған сыр

2020 жыл  жайлы нумерология не дейді?

 Антика дәуірінің атақты философы және математигі Пифагор «әлем сандардан тұрады» деп тұжырым жасаған. Пифагордың айтуынша, әлемді сандар билейді. Ол сандардың қатарын, негізгі тоғыз санының құрамын, қалғандарының құрамдас сандар екенін де алғаш дәлелдеген болатын. Осылайша, математик­тің сандарға деген қызығушылығы олар жайлы ғы­лым­ның құрылуына себепші болған. Пифагор негіз­гі тоғыз санды қолдана отырып құрылымы өте қара­пайым шаршы құрайды. Сол заманның өзінде халық бұл шаршыға аса зор қызығушылық танытады. Қазы­на молайсын деген ниетпен шаршы кестесін алтын, күміс, бидай қоймаларына іліп қойған. Гректер қаржы кодын пайдалану арқылы байлыққа қол жеткізген. Атақты Генри Форд нумерологияға қызығып, форд шаршысын ойлап тауып, оны ылғи әмиянына салып жүреді екен. Ол өзінің кәсібінің алға басатынына сенген және автомобильдері де жоғары жыл­дам­дықпен дами түскен деседі.

Адамзат өміріндегі сандар жасырған құпияны нумерология ғылымы зерттейді. Бұл күнде нумерология үлкен сұранысқа ие болып отыр. Кей адамдар мұны ақымақтық, жоқ нәрсеге сену деп бағаласа, енді бірі  анықталған сан­дар жинағы өзіне жақсылық әке­ле­ті­нін нақты біледі және сырлы сан­дармен байланысының көп болу жолдарын іздейді.

Сандардың белгілі бір дәрежеде өзінің тілі бар екенін және көптеген алғашқы тайпалар мен ұлыстар бір-бірін түсіну үшін сандар арқы­лы байланыс жасағанын тарих­тан білеміз. Ал көне еврей әліп­биінде сандық мағыналар әріптермен жазыл­ған. Ғасырлар бойы нумеро­ло­гияның өзіндік дамуы сандар мағынасы мен оның адам өміріне әсері туралы көптеген ақпарат жи­нақ­тады. Өйткені адам баласы қ­а­зіргі біз білетін сандарды үй­ре­ну­ге талай ғасыр уақыт жұмсады.

Бүгінде нумерология адамдарды қызықтырып отырған салаға ай­налды. Ол адамның мінезін, та­би­ғи дарынын, тұлғаның мықты және әлсіз тұстарын анықтап, бо­ла­шағына бағдар жасап, сәтті ше­шім­дер мен қадамдар жасауына қолайлы уақытты анықтап бере алады. Ол бизнесте және отбасында серіктес таңдауға көмектеседі және баланың өмір жолын таңда­уы­на жәрдемдеседі. Нумерология­ның арқасында адам өзінің бойын­дағы құпия қабілетті анықтап, оны дамыта алады.

Мысалы, біздің мінезіміз, болмысымыз, табиғи ерекшелігімізді қандай планета билеп және әсер етіп отырғанын біле аламыз. Ол үшін өз тағдырыңыздың санын анық­тау қажет. Тоғызға дейінгі әр сан­ның мәнінде 9 планета тұр. Мы­салы, «19 ақпан 1965 жыл» де­йік. Енді осы сандарды бір-біріне қо­са­мыз. Шыққан екі таңбалы қо­сын­дыны тағы бір-біріне қосамыз. Кейде қосынды екі саннан тұрса, жалғыз таңбалы сан шыққанша бір-біріне қосу керек. Нәтижесінде, шыққан жалғыз сан – сіздің тағдыр саныңыз.

1+9+0+2+1+9+6+5=33. 3+3=6. «6» – тағдыр саны.

Кейде қосынды екі саннан тұра­ды. Ондайда оларды қашан жалғыз таңбалы сан қалғанша бір-біріне қосу керек.

Егер сіздің тағдыр саныңыз 1 болса – онда сіз Күн планетасының ық­палындасыз. Осы санның ас­тын­да туған кісінің өмірі қайшы­лық­тар мен қиыншылыққа толы келеді деседі. Атақ-даңқ пен табыс маңдай термен, табандылықпен келеді. Оның жолында көп нәрсені құрбан етеді. Тіпті, бас пайдасы үшін достарын пайдаланып кетеді. Менмендік пен өзімшілдік, бірбеткейлік пен тәкаппарлықтың кесірінен көп ортада жақтырмайды. «1» санына орайлас туғандардың басты қасиеті – қандай жағдайда да жеңіп шығу, бірбеткейлік, менмендік, үстемдік. Күн ықпалындағылар­дың ойлары іске аспай қалса, төңі­ре­гіндегілер­дің мазасын ала бастайды.

«2»  санының планетасы – Ай. Бұл планетаның ықпалындағылар әрдайым жайдары, көңілді жүреді. Адамдарға тек достық шыраймен қарайды. Кез келген жағдайдан оңай жол тауып шығатын қасиеті көпшілікті сүйсінтеді. Адамдар оған үйірсектеп, араласқысы келіп тұра­ды. Жолы болғыш, бәрінің өз уақы­тында келетінін біледі, асық­пай­ды.

Тағдыр саныңыз «3» болса, онда Юпитер планетасының ықпа­лын­да­сыз. Кісіге үйірсек, адамдарға зия­ны жоқ, ешкімге жамандық тіле­м­ейді. Өзінен гөрі өзгені ойлап тұрады. Сөзге шешен әрі зерделі. Өмірде кездескен қиындықтарды тайсалмай қарсы алады, еңсесі түспейді. Қиын мәселелерді шешемін деп бас қатырмайды, ал өз жұмы­сына келгенде бар ынтасын салып істейді. Юпитер ықпалында туған­дар қатарында артистер көп кездеседі.

Егер сіз «4» санына орайлас ту­са­­ңыз, сіздің планетаңыз – Сатурн. Өз маңдай терімен еңбекте жетіс­тік­ке тез жетеді. Оған ел қа­шан­да сенім артады. «Төрттік­тер» – ырым­шыл жандар. Отбасында жұм­сақ, жақын адамдарынсыз өзін ешкім­ге керексіз сезінеді. Бірақ өмір­ге реалистік көзқараспен қарай­ды.

«5» санының планетасы – Меркурий. Бұл планета ықпалындағы адамдардың мінезі айрықша, қа­жыр-қайраты, күш-жігері мол болып келеді. Олардың өмірі қайнап жатқан тіршілік. Жайбарақат өмір іш пыстырады, тек қана қозға­лыс­ты, алға жылжуды қалайды. Сезімтал, интеллектісі бай, қиын мәселе­ні шешуге құлшына кіріседі. Бірақ мойнына көп жауапкершілікті ала бермейді. Жеке өзі ғана жауап беретін шаруа болса, жалтарып кетуге дайын. Қызметте менменсіп, шіренгенді қаламайды.

«6» саны Венера планетасының әсерінде. Өмірінің мәні сұлулық пен үйлесімділікте. Сондықтан өнерге, музыкаға, әдемілікке ұмты­лады. Асқақ арманы мен биік мақ­са­тына қол жеткізуге талпынады. Өзін сынағанды ұнатпайды, өзі сын айтқысы келсе тігісін жатқы­зып, жұмсартып  жеткізеді.

«7» санына орайлас тусаңыз, сіз­ді қолдаушы планета – Уран. Өз-өзімен оңашаланып қалатын сәттері көп. Жалғыздыққа бейім келеді. Олардың арасында танымал тұлғалар, философтар, өнер мен сахна шеберлері, қайраткер­лер жиі кездеседі.

Егер тағдыр саныңыз «8» болса, қолдаушыңыз – Меркурий планетасы. Планетаның ықпалы арқа­сын­да қалтаңыз қалың болады, үлкен табыстарға жетіп, өмірде жолыңыз болады. Бай бола тұра, дүние­­қоңыз болмайсыз. Жақын­дары­ңыздың басына бұлт үйірілсе, ең алғашқы болып көмек қолын созатын да өзіңіз.

«9» санының жебеушісі – Нептун. Ондай адамдардың мінезі аумалы-төкпелі, құбылмалы. Кейде аспандағы айға қолын созады, онысы нәтижелі бола бермейді. Әсершілдік, сезімталдық – басты қасиеті. Әдемі дүниені көргенде қызығып қарап қалатын әсемпаз­ды­ғы да бар. Қорыта айтқанда, жұм­бақ, табиғаты ала­бө­тен ерекше жан.

 

Маржан МҰҚАТАЙ, нумеролог:

Тышқан жылы табысты болады

Алдағы 2020 жыл бірдей екі санның қосындысынан тұрады және нөлмен аяқталады. Мұны біз металл жылы деп атаймыз. Осы жылы адамдар металл түстес киімдер киіп, металдан әшекей бұйымдар таққаны дұрыс. Бұл – алтын мангуст жылы деп аталады. Қазақша айтқанда тышқан жылы. Халқымыз тышқан жылын молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы деп санаған. Тышқан өте шыдамды, төзімді, ақылды. Адамдардан кез келген жағдайда тез шешім қабылдауды, адалдық пен шыншылдықты талап ететін жыл болмақ. Достарыңыздың қандай екенін бағалайтын, қандай адаммен дос болу керектігін таңдайтын кезең. Тышқан жылы бизнестің және интернеттегі сауда-саттық түрінің дамитын жылы. Бұл кезеңде ақша көп және табысты жыл болады.

Келер жылдың саны «4» болмақ. «4» саны адамдардан еңбекқорлықты, өзінің арман-мақсатына адал болуды, төзімділік пен сабырлылықты талап етеді. Еш нәрсенің өмірге тегін келмейтінін, барлық нәрсенің өтеуі бар екенін адамдарға жақсы түсіндіретін кезең. Кез келген адамға белсенділік танытып, өзінің нақты арман-мақсатына жету жолында бар күш-жігерін салуға өте қолайлы кезең. 2020 жыл қол қусырып қарап отыратын адамдарға бос өтеді. Ал еңбектенген адамға зор жемісін бермек.

Тышқан жылы бойдақтарға өте қолайлы жыл болмақ. Отбасын құрған жандарда көп балалы болу мүмкіндігі жоғары. Десе де, алдағы жылы отбасылық өмірде адамдардан ең маңызды қасиеттер – шыдамдылықты, төзімділікті талап ететін жыл.

Тышқан жылы адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсарады, ақша көп болады. Бірақ бұл жылда жер мен су көп болғандықтан, ақша да құмға сіңген су секілді болуы мүмкін. Ақша көзге көрінбейді, тез жұмсалып кетеді, сапасы болмайды. Ал саяси жағдайда биліктегілер өз орындарын жиі ауыстыратын болады.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Back to top button