224
Ұлттық қор қаржысы «желінбейді»
Ұлттық қор қаржысы «желінбейді»
Қазақстан Үкіметі 2016 жылы 225 млрд. теңгеге арнайы қор жасақтамақ
Биыл ел үкіметі 225 млрд. теңгеге арнайы қор жасақтамақ. Бұл туралы өткен апта соңында Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет және бірқатар министрліктердің басшыларымен өткен брифингте айтылды. БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде алғаш сөз алған Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев 2015 жылы ел экономикасында айтарлықтай құлдырау болғандығын, 2016 жыл күтпеген жағдайлармен басталғанын сөз етті. Оның айтуынша, әлемдік сауда нарығында мұнай бағасы арзандап, теңгенің құны түскендіктен Үкімет шұғыл шараларды қаржыландыру үшін арнайы қор құруды ұйғарған. Аталған қаржы жұмыспен қамту шараларын қолдауға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржыландыруға және басқа да шараларға жұмсалмақ. Бірінші вице-премьер өз сөзінде Индустриаландыру картасы аясында жалпы сомасы 800 млрд. теңгені құрайтын 120 жобаның жүзеге асырылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын атап өтті. «Аталған жобалардың ішінен Павлодар облысындағы Бозшакөл тау-кен комбинатын, Атырау облысындағы полимер өнімдері өндірісін, Алматы облысындағы алюминий профилдері өндірісін, сонымен қатар Алматы мен Қарағанды облыстарындағы фармацевтикалық зауыттарды атап өтуге болады», ̶ деді Б.Сағынтаев. «Агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар құрылымдық реформалар жүзеге асырылды. Шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді біріктіруге кедергі келтіретін тосқауылдар жойылды, органика өндірісін дамыту үшін жағдай жасалды, аграршыларға алдыңғы қатарлы селекциялық жетістіктерді пайдалануға құқық берілді. «ҚазАгро» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың барлық бағыттары бойынша шамамен 317 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде 56 млрд. теңге кәсіпорындарды қаржылай сауықтыруға бөлінді. Бұл 2015 жылы 29 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 203 млрд. теңгенің шамамен 15,5 мың несиесі берілді», ̶ деді Бірінші вице-премьер. Б. Сағынтаевтың мәлімдеуінше, «ҚазАгро» арқылы қаржыландырылатын жобалар 121 ауданда, 25 қалада жүзеге асырылу үстінде. Жалпы құны 41,5 млрд. теңгені құрайтын 92 жоба іске қосылған. Сонымен қатар Қазақстандағы экономикалық ілгерілеушілікті әлем елдері де назардан тыс қалдырмай отыр. Яғни Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингі бойынша әлемнің экономикасы қарқынды дамыған 189 мемлекеттің ішінде Қазақстанның 41 орынға тұрақтағандығын Бірінші вице-премьер мақтанышпен жеткізді. Аталған банк Қазақстанды 10 бағыттың 7-еуінде 19 реформа жүргізген мемлекет ретінде атап өткен. Бұған қоса Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның 50 орыннан 42 орынға көтерілгенін еске салды. Осыған қарамастан ел Үкіметі мұнайдың барреліне 20 доллар бағамы кезінде экономиканы дамытудың сценарийін әзірледі. Жиында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет барлық мәселені назарда ұстап отырғандығын тілге тиек етті. «Мұнай бағамы барреліне 30 доллар, 20 доллар және одан төмен болған жағдайда сценарийлерді жүзеге асыруды қарастыру кезеңіндеміз. Сондықтан бізде қаржыландыру бойынша ешқандай қауіп жоқ», – деді ол. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде бюджеттің шығысы екшеліп, үнемдеуге көшу арқылы біршама мәселенің басын қайыруға мүмкіндік туған. «Шығыстардың негізгі бөлігі – әлеуметтік төлемдер. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы оның үлесі 39 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Әрине, мемлекеттік аппаратқа қатысты бөлікті оңтайландыру бойынша белгілі бір резервтер бар, алайда ешқандай да әлеуметтік міндеттемелер қысқартуға жатпайды. Сонымен қатар, 1 млрд. доллар көлеміндегі қаржы 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында игеріледі. Бізде қарызға алу аясында зейнетақы қорының ресурстары бар, кепілдендірілген трансферттер мен ағымдағы түсімдер қамтылған. Сондықтан да қаңтарда 700 млрд. теңгеге тарта жоспар тұрғысында осы шығыстардың жартысын еш проблемасыз қаржыландырдық», ̶ деді Б. Сұлтанов. Ал Ұлттық қор қаржысының тиімді жұмсалуы қатаң қадағаланбақ. «Ұлттық қордың қаржысын «жеп қою» қаупі жоқ. Атап айтқанда, Ұлттық қордың қаржысын басқарудың нақты жұмыс істеп тұрған тұжырымдамасы бар, сонымен қатар біз ұстанып отырған белгілі бір шектеулер мен лимиттер ескерілген», – деді министр. Мұнымен қоса, Ұлттық қор жұмысының тетігіне тоқталған ол, оған мұнай-газ секторынан түскен барлық табыстар бағытталатынын және белгілі бір көлемде одан қаржы алынатынын жеткізді. «Биыл біз плюс 15 пайыз ережесінен бас тарттық, яғни Ұлттық қордың қолданыстағы тұжырымдамасы бойынша тек 8 млрд. доллар көлеміндегі қаржыны кепілдендірілген трансферт қаражаты түрінде аламыз. Өткен жылы бізге 1,8 трлн. теңге түсті, 1,7 трлн. теңге кепілдендірілген трансферт түрінде пайдаланылды. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға мақсатты трансферт қаржысы жұмсалды. Яғни, бұлар дағдарысқа қарсы шаралар болып табылады. Егер де Ұлттық қорға келетін түсім нөлге тең болса да, біз онда шоғырланған қаржыны тез арада шығындамаймыз, себебі бізге Ұлттық қор қаржысын пайдалану бойынша қадамдарды қайта қарастыру мақсаты жүктелді және осы жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Б. Сұлтанов. Айта кетерлігі, былтыр елімізде экономикалық өсім 1,2 пайызды құраған болатын. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш көрші Ресейде 1,2 пайызды құраса, Қытай экономикасында өсім 7 пайызды көрсетеді.Еліміз шетелдік инвесторларға арқа сүйемек
Экономикада қалыптасқан жаңа жүйе бойынша инвесторлар дамушы елдерден бас тартып, пайданы басқа салалардан іздейтін жағдайға жеткен. Былтыр Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 40 пайызға төмендеп, оның ішінде мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі 70 пайызға, құрылыс саласындағы инвестиция 50 пайызға, өңдеуші өнеркәсіпте 10 пайызға азайғандығын көруге болады. Бұл төмен көрсеткіш 2016 жылы да жалғасуы мүмкін. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ә.Исекешев: «Әлемдік экономикада болып жатқан жаһандық экономикалық қысым әлемдегі инвестицияларға да әсер етеді. Тікелей инвестициялар қауіпсіз нарықтарға ойысып жатыр. Дамыған елдерге ағылуда. Сондықтан дамушы елдерде инвестициялар көлемі кеміп отыр», – деді. Оның сөзіне қарағанда, бұл үдеріс Қазақстанға да кері әсерін тигізді. Десе де, индустрияландыру аясында мемлекет тарапынан жасалған жұмыстар оң нәтиже көрсетпек. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан инвестицияларды тарту бағытында қыруар жұмыстар атқарып келеді. «Бізде барлық деңгейлерде жұмыс жолға қойылған. Бізде ұлттық инвесторлардың көмегімен 150 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, олар Қазақстан үшін жаңа салалар болып табылады», – деді Ә.Исекешев. Мұнай бағасындағы өзгерістер кен орнын пайдалану құқығын алу мен геологиялық барлауға қаржы салу бағытына инвесторлар тартуда белгілі бір деңгейде кедергі туғызғандығын айтқан ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды алға тартты. Мысал ретінде ол Теңіз кен орнын кеңейтудің екінші кезегі бойынша құрылыс жұмыстарына тоқталды. «Қазіргі кезде осы жобаны бекіту туралы мәселені шешіп жатырмыз. ТШО-ны кеңейтуде алдағы бес жылда 38 млрд. доллар инвестиция салынады», – деді министр. Ал Б.Сағынтаев шетелдік инвесторлар үшін еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатындығын мәлімдеді. «Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Инвесторларға тиімді қолдау көрсету үшін сыртқы деңгей, орталық, өңірлер атты үш деңгейлі вертикалды интеграцияланған жүйе қалыптастырылды», – дейді ол. Оның атап өтуінше, шетелдік компаниялармен өңдеу өнеркәсібінің басымдықты секторларында бірлескен өндіріс ошақтарын құру үшін де жұмыстар жүргізілуде. Айта кетерлігі, ҚР ИДМ келтірген мәлімет бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істесе, оның 2-еуі Астанада, Алматыда – 3, ал әр облыс орталығында бір қызмет көрсету секторы бар. Аталған қызмет көрсету бөлімдерінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға барлық қажетті мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы алуға мүмкіндік бар.Қашаған жобасы іске асса...
Ал 12 млрд. доллар инвестиция салынған Қарашығанақтың екінші кезеңі 2017 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы жиында ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник кеңінен тоқталды. «Каспий Құбыр желісі концорциумы бойынша мұнай тасымалдауды 67 млн. тоннаға дейін шығарудамыз. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының аяқталуы күтілуде. 2017 жылы 10 млрд. текше метрге дейін газ тасымалдау жоспарланып отыр», – деді министр. Оның сөзіне сенсек, 2018 жылға дейін 430 мыңнан астам қазақстандық газбен қамтылмақ. «Қазіргі уақытта 14 аймақтың – 10-ы газбен қамтамасыз етілген. Яғни халықтың 42 пайызы газ игілігін көріп отыр», –деді В.Школьник. Энергетика министрінің хабарлауынша, 2016-2018 жылдары бюджеттен 66 елді мекенді газдандыруға қаражаттар қарастырылып отыр. Ең бірінші кезекте Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары газбен қамтамасыз етілмек. Ал 2013 жылдың күзінде басталып, бір жылдан кейін тоқтап қалған Қашағанның жұмысы биығы жылы іске қосылатын болды. Владимир Школьник: «Биыл Қашаған жобасын іске асырамыз. Келесі жылдан бастап, ол мұнай өндіру көлеміне өз үлесін қоса бастайды», – деді В.Школьник. Оның айтуынша, Қашағанда алғашқы жылы 7 млн. тонна мұнай өндіріле бастайды, келесі жылы – 11 млн. тонна, ал одан кейінгі кезеңдерде 13 млн. тонна мұнай шығарылмақ. Сонымен қатар министрдің атап өткеніндей, биыл Қазақстан 77 миллион тонна мұнай шығаруды жоспарлауда.Теңгенің бағамын болжау абырой әкелмейді
Экономикалық өсу қарқынын тоқтатпауға қамданған елдер түрлі қадамдарға барып жатыр. Соның бірі – жаппай жекешелендіру. Ресей бұл бастаманы биыл қолға алып отыр. Дамыған Сауд Арабиясы әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші компания «Сауд Арамконы» IPO арқылы саудаға шығаруға мүдделі. Ал Қазақстан бұл бағдарламаны былтыр іске қосқан болатын. Қазіргі таңда жеке қолға өтетін мемлекеттік нысандардың тізімі де нақтыланып қойылды. Орталық алаңның жиынында бұл тақырыпқа қатысты сұрақтар ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа жиі қойылды. Әсіресе көпшілікті жекешелендіруден кейін кәсіпорындарда жұмыс орындарын қысқарту мәселесі алаңдатқан еді. Бұл сұраққа министр: «Жекешелендірудің әрбір нысаны бойынша ерекше шарттар қабылданады, яғни әр кәсіпорынның ерекшеліктері қарастырылады. Бірінші кезекте кәсіпорын қызметінің бағытын, сондай-ақ әрине, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесі қарастырылады. Атап айтқанда, кәсіпорынның жаңа серіктесі немесе жаңа иесі айқындалғанда жоғарыда айтылған ұстанымдар ең бастылардың бірі болып табылады», – деді ол. Сондай-ақ Е. Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ТұрғынүйЖинақБанкінің салымшыларына өтемақы төлеу жүйесін есептеп болғандығын жеткізген болатын. Оның айтуынша, өтемақы көлемі 60,9 млрд. теңгені құрамақ. «2016-2017 жылдары оның 24 млрд. теңгесі банктің жеке табыстары есебінен өтеледі. 36,9 млрд. теңге биыл және келесі жылдары Үкімет резервтерінен бөлінеді. Тиісті шешім Экономикалық саясат кеңесінде қабылданды. «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Тұрғын үй Жинақ Банкімен бірлесіп, Үкімет аясында тиісті шешімдер жасақталуда. Өтемақы төлеу екі траншпен: 2016 жылдың шілде айында және 2017 жылдың қазан айында жасалады», – деді Е. Досаев. ҚР Ұлттық экономика министрінің жиында теңге бағамына қатысты жасаған мәлімдемесі де көпті елең еткізді. Көк қағаздың құны аспандап, теңгенің бағамына бағдар жасау күн санап қиындай түскен уақытта жағдайды жақсылыққа болжау қисынсыз екендігін емеурінмен түсіндіріп, әлемдік экономикада бір аптадан кейін немесе бір айдан соң не болатындығын нақты айтатын бірде бір экономист жоқ екендігін ескерткен ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев әліптің артын бағуға кеңес берді. Осы орайда министр бүгінде теңге бағамына байланысты барлық үдерістер нарықтық жағдайға байланысты екенін жеткізді. «Бюджетті қайта қарастыру кезінде қандай бағамды белгілейсіз?» деген сауал қойылды маған. Алайда біз сол кездегі жағдай бойынша қарастырамыз. Сондықтан да бүгінде болжам жасау абыройсыз іс болып отыр», – деп сөзін түйіндеді Е. Досаев. Абырой әкелмейтін істен аулақ болудан «дұрысы» жоқ екендігін еске салған министрдің пайымын БАҚ өкілдері де ұғынған сынды. Сөйтіп, бұл тақырыпқа келгенде үнсіз қалатын Ұлттық банк басшылығы мен осы салаға тікелей қатысты министрліктер сыртқа елеңдеуден аса алмай отырғандарын тағы да байқатты.Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы