Ән құдіреті немесе Димаштың пікірі

Ән құдіреті немесе Димаштың пікірі

Ән құдіреті немесе Димаштың пікірі
ашық дереккөзі
3866
Тарих қойнауына тағы бір жылды сырғытып салып, еліміз тағы бір жылдың табалдырығын аттады. Жылдар жылжып, айлар ағып, апталар алқынып, күндер түнге ауысқан сайын адам баласының да сана-сезімінде толқулар жиі болатынын, ол толқу сонау өткен жылдарға деген, сол бір қимас жылдардың әдемі бір сәттеріне деген ұлы сағыныш екенін де мойындай түседі екенсің. Әсіресе, әдемі бір сазды тыңдаған сәттеріңде еріксіз жана­рыңа жас толады. Әдетте жылды шығарып саларда өткен шақ­­тағы қоғамдағы елеулі өзгерістер, еліміздің жағымды жаңа­лықтары ойға оралатыны бар. Әдебиетте, мәдениетте, өнерде елді елең еткізер дүниелер көз алдыңнан өтіп, олардың жыл қорытындысында еленіп жатуы да көңіл қуантарлық жағдай болса керек. Бірақ көбіне сапасына емес, санына қарап бәйгеден келіп жататыны да баршылық. Бүгінгі күн мен үшін ойландырар, толқытар оқиға болды десем, артық емес. Жігіт жасы жиырма беске толып отырған, сол жылдардың жиырма үш жылын бірге өткізген, туған үйім-төркініме айналған газетіме деген сағынышымды одан сайын еселеп, қолыма қалам алдырған осы бір әңгімені сіздермен де бөліскім келіп отырғаны сондықтан. ӘН! Әннің, әрине «құлақтан кіріп бойды алар» есті әннің құдіреті шексіздігін осы бір қарапайым ғана қазақи болмысы тұнық, ет-жүрегіңді елжірететін сазды тыңдап отырып, көңілімнің алай-дүлей бұзылғаны-ай... Көз жасыма ерік беріп, жанарымнан домалап жатқан мөлдір моншақты да сүртпестен, алаңсыз бір сезімге тап болдым. Сағыныш тербегені сонша жаныма келіп қалған немеремді де байқамаппын. Ол да жантая қалып, теледидар­дағы ән-бейнебаяннан көзін алар емес. Екеуміз де үнсізбіз. Экрандағы босағасынан, қара шаңырағынан бала болып аттанып, азамат болып оралған ұл – актер  отбасымен айнала отыра қалып ас-су ішетін ұзын үстелді құшағына ала ағыл-тегіл жылайды... Қара шаңырақ, Өзіңде өстім бір кезде балаша жылап Қақпаңнан сенің арманмен шығып кетіп ем, Қалтаға жол-пұл, қиялға қала салып ап...   Қара шаңырақ, Тағы да келіп тұрмын алдыңа балаша жылап Атамның үйі жүретін кетпенін қайрап, Әжемнің үйі жататын алаша құрап...    Қара шаңырақ, Бұл үйдің қазір атасы, әжесі аруақ Күнгей беттегі солардың бейіті құсап, Аласаруын қалыпсың аласарып-ақ Қара шаңырақ... Ән бітті. Сөзі мен сазы келіскен әннен ажырай алмай отырып қалдым. Сөзін жазған Аян Сейітов, әні Ерғали Көшербаев, ал орындаған Динара Кемелхан. Толқып әлі отырмын. Осы сәтте немерем Димаш: – Әже, бұл сіздердің жас кезіңіздегі ән бе? – деп тіл қатты.  Селт ете қалдым. Немеремнің сұрағы менің ішкі жан сарайым­да бұғып жатқан  ескі әуендерге деген сағынышымды дөп басқандай, бүгінде адам баласының жан-жүйесін дәл осылай босататын әуен бар ма еді дегендей әсер етті. – Жоқ, – дедім Димашқа елжірей қарап. Қарадым да оның жүзі­нен «Бүгінде сіздің болмысыңызды тербейтін, осындай әлем-жәлем күйге түсіретіндей әуен бар ма» дегенді тағы ұқтым. Төртінші сыныпта ғана оқитын немеремнің түйсігі осы сұраққа жетіп отырғаны, сұрақ қана қоймай менен жауап күткендей сыңай танытқаны бір жағынан жүрегімді одан сайын елжіретті. Санасының соған жетіп, әнді менімен бірге тыңдап, ойлана отырып сұрақ қойғаны қасиетті өнерге деген бала құштарлығынан хабар бергендей жаным жадырады. – Біздің кезіміздегідей әндер де баршылық екен, құлыным. Ән қалай екен, ұнады ма? – дедім. Димаш басын изеді. – Онда екеуміз тағы бір ән тыңдайық, – дедім де қалтателефонымнан арагідік тыңдап жүретін әнді қойдым. Ән « Ауылға барам», сөзі қазақтың біртуар ақыны Ибрагим Иса, ал әнін жазған Құралай Сәтмұхамбетова. Немереміз екеуміз кілемнің үстіне жантая кеттік. Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем, Ел жаққа барам, жүрегім ел деп елжіреп Ауылдың суы, ауылдың нуы аңсатты, Күйбең тірліктің дүрбең шулары шаршатты.   Ауылға барам, бәрі де туыс, ел жақта Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам, Сүйеніп тұрып Анам сүйенген шарбаққа... Көңіл қайта босасын?! Әр тыңдаған сайын Ән емес, қысқа ғана фильм көріп отырғандай боламын, қайран асыл анам есі­ме түседі. Көз алдыма келеді. Ауылдан алысқа да емес, күнде­лік­ті кешкі кинотеатрға немесе биге, не болмаса қыдырып кетсең де шарбаққа сүйеніп күтіп тұратын сол бір асыл бейне ән тыңдағандардың бәрінің көз алдына келетіні анық? Ата-анаға деген, туған бауырға деген сағыныш қана емес, бұл екі әуенде де туған жерге, адамзат баласына деген ыстық ықылас, қимастық, бауырмалдық жатыр емес пе?! Бүгінгідей атыс-шабыс, бесіктен белі шықпай жатып қатыгездікпен уланған, бауырмалдықтың, мейірімділіктің иісі танауына бармайтын санасыздар үшін осындай әуендердің көбірек шыққаны, шығып қана қоймай қазақ радио-теледидарынан үздіксіз беріліп отыруы қажет-ақ.  Немерем Димаштың: «Әже, сіздің жас кезіңіздегі ән бе?» деген сұрағына қарап, бүгінгі даңғаза музы­каға деген үлкендердің көзқарасынан, бір кездері әлемді сазға бөлеген Нұрғисадай, Шәмші мен Әбілахаттай аталары­ның мұраларынан да хабардар екенін ұғып, ішім жылып қалды. Ата-анаға, бауырларына ғана емес, еліміздің ертеңіне, оның ұлы шығармаларына да жаны ашитын ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуандым. Лайым, солай болғай! Есіме сонау тоқсаныншы жылдардың басында, қазақтың дарынды, талғамы-толғамы бөлек жазушысы Орағаң, Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» кітабына жазып берген мына бір қолтаңбасы түсті. «Мынау асығыстау, ұятсыздау ғасырға Сіз секілді қазақтың ұяңдығы мен қарапайымдылығын сақта­ған қараторы қыздары керек-ақ. Ағаң Оралхан» деп еді-ау. Сонда сұңғыла қаламгер мына қоғамды бір кездері жауыздық пен қатыгездік билейтінін сол кезде-ақ сезгені ғой... Ал сол сұрқия жауыздық пен қатыгездік бүгінде шектен шығып кеткенін күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жүрміз емес пе?! Сондықтан да бізді толқытқан екі Ән: «Қара шаңы­рақ» пен «Ауылға барам» сынды шығармалар көп берілсе, тәлім-тәрбие көзіне, құралына айналса, нұр үстіне нұр бол­май ма?! Мен үшін, менің немерем Димашым үшін он тоғызыншы жылдың ең үздік әндері осылар деп шештік. Есті, естияр әндер тыңдай, таңдай білейік!    

Серіктес жаңалықтары