БҰҰ миссиясы құрамында қызмет ететін бөлінуді бақылау жөніндегі Қазақстан контингентінің инженерлік-саперлік тобы аумақты қауіпті заттардан тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы жылдың сегіз айында бітімгерлер 32 жедел тапсырманы орындап, мыңнан астам қауіпті затты, оның ішінде 23 қолдан жасалған құрылғыны тауып, жойды. Бұл көрсеткіш алдыңғы ротация жұмысына қарағанда екі есе артық.
Бұған дейін 14 жедел тапсырманы орындау барысында саперлер 500-ден астам қауіпті затты және 6 қолдан жасалған құрылғыны жойған болатын. Бұл қазақстандық бітімгерлер жұмысы тиімділігінің артқанын айқын көрсетеді.
Инженерлік-саперлік топ командирі майор Ернар Амантайұлының айтуынша, жарылмаған оқ-дәрілердің көпшілігі елді мекендерге жақын жерде табылған және олар бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндірген.
– Қауіпті заттардың орналасқан жері туралы ақпарат БҰҰ қызметкерлерінен, патруль құрамынан және кейде жергілікті тұрғындардан келіп түседі.
Хабар түскен соң оқиға орнына шығып, бақылау жасап, заттарды жою кезінде туындайтын ықтимал қауіптерді бағалаймыз. Барлық іс-қимыл инфрақұрылымға зиян келтірмеу мақсатында жүргізіледі, – деді ол.
Саперлерге көбінесе артиллериялық және танк снарядтарымен, танкіге және жаяу әскерге қарсы миналармен, дрондардың оқтұмсықтарымен, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл заттардың барлығы Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың салдары, және миссияның жауапкершілік аймағында олардың саны әлі де жетіп артылады.
Дегенмен, қазақстандық контингенттің кәсіби жұмысы бейбіт тұрғындарға төнетін қауіп деңгейін айтарлықтай төмендетіп, БҰҰ жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп келеді.