1387
Ұлы дала мұрасы Түркияда ұлықталды
Ұлы дала мұрасы Түркияда ұлықталды
Жақында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Еуразия Жазушылар Одағы және Кавказ аймағы университеттері қауымдастығының тікелей қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, белгілі қобызшы, музыка зерттеушісі Әлқуат Қазақбаевтың «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» атты кітабы Түркияда түрік тілінде жарық көрді.
Еңбектің түрік тіліндегі аудармасының тұсаукесері Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Стамбұл қаласының мэриясы бірлесе ұйымдастырған «Ататүріктен Назарбаевқа дейінгі кезең: Түркі әлемінің ынтымақтастығы» атты ғылыми конференция аясында өткізілді. Аталған туынды қазақ тілінде 2018 жылдың күзінде «Ғылым» баспасынан жарық көрген болатын.
Қорқыт түркі халықтары арасында халықтың мұңын жырлаған жырау, қиыннан жол тапқан жолбасшы, ел басшыларына ақыл-кеңес берген дана, болашақты болжаған сәуегей абыз, қобызды алғаш ойлап тапқан сазгер күйші ретінде кең танылған тұлға. Қорқыттың тарихи тұлғасы мен әдеби мұрасы жөнінде талай ғасырдан бері аңыздарда, тарихи жылнамаларда, жазба деректерде баяндалып, көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болып келеді. Ал 2018 жылы «Қорқыт ата кітабы» ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне» енді. Бұл айтулы оқиға Қорқыт ата мұрасын зерттеу саласына жаңа серпін берді десек те болады. Сол жылдың желтоқсан айында Иранның Түркіменсахра аймағында ирандық қазақ Уәли Мұхаммед Қожа «Қорқыт ата кітабының» жаңа нұсқасын тапты. Бұл нұсқа «Қорқыт ата кітабының» бұрын ғылымға беймәлім болып келген 13-ші жырын әлемге паш етті.
Алайда қорқыттану саласындағы көңіл қуантарлық жетістіктерге қарамастан, ұлы бабамыздың ерекше бір саланы құрайтын музыкалық мұрасы осы кезеңге дейін терең зерттеліп, зерделене қоймаған еді. Әлқуат Қазақбаевтың аталған еңбегі осы олқылықтың орнын толтырған ерекше туынды болды.
Негізінен Қорқыт атаға қатысты аңыздар мен оның күйлерінің дені қазақ халқында сақталған. Зерттеуші Ә.Қазақбаев осы еңбегінде Қорқыт Атаға қатысты аңыздарды жинақтап, бір жүйеге келтірген. Әсіресе, шетелдік саяхатшылар мен зерттеушілердің жазып алған аңыздарының түпнұсқалардан аударылып берілуі, сондай-ақ Түркия, Әзірбайжан, Ресей Федерациясының Қарашай-Шеркеш Республикасынан жинақталған бірқатар аңыздар мен деректердің де берілуі еңбектің құнын арттыра түскен. Мәселен, еңбекте америкалық зерттеуші, саяхатшы, дипломат Юджин Скайлердің 1873 жылы Сыр бойында жергілікті қазақтардан жазып алған аңызы берілген. Орыс географиялық қоғамымен тығыз байланыс орнатқан
Ю.Скайлер шетелдіктер арасында патшалық Ресейдің Орта Азияда жаулап алған аймақтарын аралап көруге алғашқылардың бірі болып арнайы шақырту алған саяхатшы-дипломат болатын. Оның осы саяхатқа қатысты жазған «Түркістан: Ресей Түркістаны, Қоқанд, Бұхара және Құлжаға саяхат жазбалары» (Eugene Schuyler. Turkestan: Notes of a Journey in Russian Turkestan, Khokand, Bukhara and Kuldja) атты еңбегіндегі Қорқытқа қатысты аңыз елімізде тұңғыш рет жарияланып отыр.
Еңбектің тағы бір назар аударарлық ерекшелігі Қорқыт ата күйлерінің жинақталып берілуі. Әлқуат Қазақбаев кезінде қобызшы-күйшілер тарапынан орындалып, үнтаспаға жазылып алынған Қорқыт атаның күйлерін үлкен ізденістер нәтижесінде қайта нотаға түсіріп шыққан. Кітапқа тек қобыз аспабында ғана емес, сыбызғы және домбырамен орындалатын күйлері де енген. Сонымен қатар еңбекте «Ақсақ қыз» аңызына қатысты Ә.Қазақбаевтың симфониялық оркестр мен қазақтың халық аспаптары қобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай және скрипкаға сәйкестендіріп өзі шығарған күй нотасы да берілген. Ә.Қазақбаев өзінің бұл шығармасы туралы: «Бұл дастанды кеңес үкіметі тұсында Қорқыт ата кесенесін жаңғыртып, тағдырдың талай тауқыметін көрген, бабамыздың артынан өшпес із қалсын деп қуғынға түскен, Қармақшы ауданының бірінші басшысы қызметінде болған, қазақтың біртуар азаматы Елеу Көшербаевтың рухына арнадым. Болашақ ұрпақ, әсіресе, қолына қобыз ұстаған қобызшылар үнемі есте сақтап жүрсін деп, бабамыздың ескерткішін кім тұрғызғанын біліп жүрсін деген ниетпен Қорқыт атамыздың Ақсақ қыз туралы аңызының желісімен жазылған шығарма. Бабамыздың қобызының үніне тәнті болып, іздеп шыққан қырық қыздың біреуі ғана аман жетеді. Ол – Ақсақ қыз. Қорқыт атамыздың қобызының қоңыр үні мен құдіретіне тамсанған Ақсақ қыздың сезімі мен жүрек қылынан туған нәзік сыры бой алдырған туынды. Қазіргі таңда Ақсақ қыздың моласы Сыр бойында бой көтеріп тұр. Ақсақ қыздың тағдыры, көрген қиыншылығы мен үзілмеген үміті қазақ халқының музыка тарихы мен адамзаттың әдеби мұраларынан ерекше орын алған қобызшы, жырау Қорқыт атамыздың мазарын жаңғыртуда тер төгіп, аянбай еңбек еткен, бабамыздың басы көтерілгенше ыстығы мен суығына төзген, күллі Түрік әлеміне Қорқыт атамыздың ескерткішін мирас етіп қалдырған Елеу ағамыздың ішкі дүниесімен сабақтасып жатқандай. Бабамыздың мазарын әлемге сыйлаған Елеу Көшербаевтың есімі қобызшылардың жадында мәңгі сақталады. «Ақсақ қыз» туындысы Елеу Көшербаевқа арналған музыкалық ескерткіш», деп тебірене баяндайды.
Зерттеуші бұл еңбегінде Қорқыт бабамызға қатысты аңыздар мен оның күйлері туралы түсініктемелер берумен қатар, аталған күйлерді орындаушылар мен жеткізушілер туралы қосымша деректерді де енгізген.
Еңбектің тағы бір ерекше тұсы Филипп Иоган Табберт фон Страленберг (1676‒1947) сызған Сібір мен Орта Азия картасының берілуі. Осы тұста айта кеткен жөн, Ф.Страленберг 1709 жылы Полтава шайқасында орыстарға тұтқынға түскен швед офицері болатын. Өзі секілді тұтқынға түскен мың шақты швед әскерилерімен бірге Ресейдің Тобольск қаласына айдауға жіберілген ол Ресей мен Сібірде өмір сүріп жатқан халықтардың тілі мен мәдениеті туралы мол материал жинақтайды. 1721 жылы арнайы рұқсатпен неміс ғалымы Д.Мессершмидтің экспедициясына қатысуы оның бұл жұмыстарына оң ықпалын тигізеді. Осы кезеңде аталған географиялық картаны да дайындайды. Швед королі ХІІ-Карлмен жақын достық байланыста болған Ф.Страленберг 1722 жылы тұтқыннан босап, 1723 жылы Швецияға оралысымен аталған карта мен басқа да еңбектерін жариялауға тырысады. Алайда ұзаққа созылған соғыстан титықтаған елінде бұған қажетті қаржыны табу қиынға соғады. Ол қаржы табу мақсатында 1728 жылдың наурыз айында Осман сұлтанының Швециядағы арнайы елшісі Мұстафа Ағаның қабылдауында да болады. Аталған карта ақыр соңында Страленбергтің 1730 жылы үлкен қиындықтармен Стокгольмде жарық көрген, кейіннен бірнеше тілге аударылған «Еуропа мен Азияның солтүстік-шығыс бөлігі» (Das Nord und Ostliche Theil von Europa und Asia) атты танымал еңбегінің қосымшасында беріледі. Бұл картаның ерекшелігі – мұнда Қорқыт ата мазары да көрсетілген. Зерттеуші Ә.Қазақбаевтың еңбегінде қалың көпшілікке көп таныс емес карта да беріліп отыр.
Еңбектің қазақ тіліндегі нұсқасына алғысөз жазған танымал түрколог-ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Қорқыт ата аңыздарынан оның күйлерін бөліп қарауға болмайды. Қорқыт атаның күйлері қазаққа ғана бұйырған асыл мұра. Данышпанның күйлерін өзге халықтардан жолықтырмайсыз. Кітаптың аса бір жаңалығы Қорқыт атаның осы күнге дейін беймәлім болған жаңа күйлерінің табылуы. Ғасырдан-ғасырға ауызша жеткен өнер жауһарларының қайта түлеуі Ә.Қазақбаевтың зерттеу жұмыстары мен үлкен еңбегінің нәтижесі... Сонымен, Қазақстанда Қорқыт ата мұрасын зерттеудің жаңа дәуірі басталды. Соның ең алғашқы қарлығашы «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» атты еңбегі», ‒ деп ерекше атап көрсетеді.
Ал осы еңбектің түрік тіліне аударылып, Түркияда жарық көруіне тікелей сеп болған, еліміздің мерейін үстем етер талай игі іске ұйытқы болып жүрген Қазақстанның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы түркі әлемінің мыңдаған жылдық терең тарихы мен бай мәдени мұрасына, ұлы дала тудырған түркі өркениетінің құнды жәдігерлеріне кеңінен тоқтала келе: «Әлқуат Қазақбаев күллі түркі әлеміне тарту етіп отырған осы тамаша туындысы арқылы түркі халықтары мен ғылымының жүрегін жаулап алды», деп жазады.
Кітаптың түрік тіліндегі нұсқасына алғысөз жазған Кавказ аймағы университеттері қауымдастығының төрағасы, танымал ғалым, профессор Рамазан Коркмаз: «...Қорқыт ата аңыздары қазіргі таңда түркі әлемін бірлестіруші негізгі күштердің бірі. Ежелгі грек мифологиясында алып Антейге күші сарқылғанда жаңадан қуат беретін қасиетті Жер-Ана секілді Орхон жазба ескерткіштері мен Қорқыт ата жырлары да түркі халықтарына нәр беріп, қайта түлетіп, жаңғыртатын киелі құндылықтарымыз, баға жетпес байлығымыз. Сол себепті Қорқыт ата туралы жасалатын әрбір зерттеу түркі тілдерінің терең қойнауында бұйығып жатқан қасиетті рухты оятып, қайта жандандырады, болашақтағы болмысымызды айқындайды. Қазақ зерттеушісі қымбатты Әлқуат Қазақбаевтың аса зор ыждағатпен дайындаған «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» атты еңбегінде Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы Қорқыт атаға қатысты аңыздар жинақталып, оның күйлері нотаға түсіріліп, оқырманға ұсынылған. Бұл еңбек қазақ халқының ортақ құндылығымыз Қорқыт ата мұрасын қаншалықты қастерлеп, көздің қарашығындай сақтап жеткізгенін көрсетуімен қатар, Қазақстандағы Қорқыт ата аңыздары мен күйлерін бүкіл әлемге паш етуі тұрғысынан да айрықша маңызды», дей келе, еңбектің мән-маңызына жан-жақты тоқталып өтеді.
Еңбекке тағы бір алғысөз жазған Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы: «Қолыңыздағы туынды қазақ халқында сақталған Қорқыт ата аңыздары мен күйлерін толық жинақтап, оқырман қауымға ұсынып отыр. Бүкіл саналы ғұмырын түркі мәдениеті мен түркі әлеміне арнаған профессор Мырзатай Жолдасбековтің алғысөзімен танытылған еңбектің авторы – Әлқуат Қазақбаев. Бұл кітап Түркияда Қорқыт ата туралы аңыздар мен оның күйлерін оқырман қауымға жеткізіп, танытқан алғашқы еңбек ретінде ерекше мәнге ие... Қазақтар арасында сақталған Қорқыт ата аңыздары өзіндік баяндау мәнері тұрғысынан құнды мұраларымыздың бірі. Қазақ халқы сақтап жеткізген Қорқыт мұрасының теңдесі жоқ тағы бір шоқтығы Қорқыт ата күйлері. Түркі аймақтарында Қорқыттың қобызы туралы жиі айтылғанмен, қазақ даласынан басқа ешбір жерде оның күйін не болмаса қандай да бір музыкалық шығармасын кездестірмейсіз. Қазақ халқы Қорқыттың күйлері деп қабылдайтын осынау музыкалық шығармаларды ғасырлар бойы сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, осы күнге жеткізген... Еңбекте ноталарымен бірге жарияланып отырған Қорқыт ата күйлері түрік музыканттардың да назарын аударып, түркі музыка тарихында өзіндік орны бар осынау абстракті шығармалардың музыка сүйер қауымның көңіл перделерін тербейтініне сенімдіміз», деп баса көрсетеді.
Осылайша, Қорқыт бабамыздың музыкалық мұрасы мен оған қатысты аңыздар туралы жазылып, белді ғалымдардан оң бағасын алған тамаша туынды Түркияда ұлықталып, төрткүл дүниеге жол тартты. Бұл еңбектің мәңгілік өмірді жырлап, өліммен күрескен ұлы бабамыздың мол мұрасын зерттеу саласындағы талай ғылыми еңбекке арқау болары анық.
Гүлім ШАДИЕВА,
PhD докторы
Руслан ӘЛІМБЕКОВ,
ЕҰУ докторанты