ҰЛЫЛАР АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ

(Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Кемал Ататүріктің азаттық жайлы ойлары)

Алаш қозғалысының жетекшісі, ұлт көсемі, журналист, тарихшы, зияткер Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдағы қазақ тарихында үлкен рөл атқарды. Модернизация мен білім беруді басты орынға қой­ған ол бар саналы ғұмы­рын ұлт азат­тығы үшін күреске арнады, қазақ хал­қының орыс үстем­дігінен арылу арқылы ұлттық автономияға ие болуы үшін аянбай қызмет етті.

Оның өмірлік басты принципі «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын» деген ұстанымға негізделді. Бұл ойдың түпкі мәні тереңде жатыр. Қазақ даласына Шыңғыс хан үстемдік еткелі олардың сан ғасырлық билік жүйесі соңғы хан Кенесарыны опат қылғанға дейін жүрді. Хан тұқымдары ақсүйек деп саналып, қатты дәріптелді. Қазақ халқын басқару мәңгілік пешенесіне жазғандай көрген Шыңғыс ұрпақтарының жақсысы бар, жаманы бар әр дәуірде әр­қалай сипат алды. Ұлттық негіздегі мемлекет болып қалыптасқан Қазақ ханды­ғынан бергі кезеңде Керей мен Жәнібектің ізін басып Қасым мен Есім хандар, Тәуекел мен Тәуке хандар, Әбілқайыр мен Абылай хандар дәуірлеп өтті. Ал Кенесарыдан соң Қазақ хандығы біржола күйреп тынғаны тарихтан белгілі. Бұдан кейінгі жағдай мүлде басқа сипат алды, қазақ даласы тұтастай Ресей құрамына өтті. ХІХ-ХХ ғасырда орыс үстемдігінің қол астындағы қазақ халқына хан лауазымы болмаса да, сұлтан мансабымен де Шыңғыс ұрпақтары дәстүрлі билеу жүйесін сақтап қалды. Халық жағына қарайласқан бірен-саранынан бөлек көптеген сұлтандар мен аға сұл­тандар елдің тағдырына араша бола алмады. Олар өз қамынан аспай, күйттегені маңайынан ұзамай, тек билікті өз ұрпа­ғына табыстаумен, отаршыл Ресейдің асқын­ған саясатын қолдап-қолпаштаумен күн өткізді. Өз атасы Шыңғыс ханмен тіке­лей байланысатын Әлихан қазақ үшін хан тұқымдарының істемегені жоқ, мойын­дарында қақы бар еді деп әділдікпен батыл айтып отыр. Демек, мұндай кесек сөз, анық ой айтқан Әлихан атаның баласы емес, адамның баласы, ұлттың перзенті еке­нін білдірді. Мұнда «Атаның баласы – адамның дұшпаны» дегендей жалпыадам­затт­ық гуманизмді дәріптеген Абай өнегесі жатыр.

Ал біз білетін Ататүрікте бұған са­бақ­­­­тасатын бір сөз бар: «Ұлтқа қо­­­­жалық жасауға болмайды. Оған тек қыз­мет етуге ғана болады. Ұлтқа қыз­мет жа­сай алған адам ғана оның қо­жасы бола алады». Бұл біз басында келтірген Әлихан Бөкейхан сөзінің жалғасы іспетті. Ататүрік өмірінен хабардар адам­дар жақсы біледі: ол ұлт қожасына айнал­ғанға дейін өмір мен өлімнің арпалысын кешті, жұмақ пен тозақтың арасында өмір сүрді, бейнет пен зейнеттің ащы да тәтті дәмін бірдей татты.

Мұстафа Кемал Ататүрік жыл­нама­сындағы ең маңызды дата – 1919 жылғы 19 мамыр. Туған халқын, көркем жерін шетелдік басқыншылардан тазартуда бастаған оның қайраткерлік тұлғасы бұдан кейін тіпті асқақтай түсті. Ол сөзсіз ұлт-азаттық күрестің көсемі ретінде мойын­­далды. Тарихшы Гүлжанат Ержуласин «Ататүріктің ұлт-азаттық көтерілісінің тарихта жеңіске жетуінде өзі ұйымдастыр­ған екі конгрестің маңызы өте үлкен. Ерзұрұм және Сивас қалаларында өткізіл­ген және бұл қалалардың атымен аталған конгрестер – тәуелсіздік жолында маңызды белестер» деп есептейді.

Ұлт қайраткері үшін ең маңызды, ең қа­жетті дүние – оның ұлттық тең­дік­ке, халық бостандығы үшін күреске шы­ғып, жанын да беруге даяр бола алатыны.

Әлихан Бөкейхан 1905 жылғы Қар­қаралы петициясына қол қоятын ең ауқымды жиында бүкіл «дала қазақтары­ның діни жетекшісі, саяси серкесі» ретінде танылған. Бұл уақытқа дейін қазақ жерінің үштен екісін түгел аралап, түрлі экспеди­ция­ға қатыса жүріп, туған халқының жан саны, ұлттық ерекшелігі және олардың тұрмыс қалпы мен шаруашылығы, эко­номикалық айырмашылығы жайлы баға жетпес құнды материалдармен байытқан ғалымның потенциалы ұлтқа қызмет етуімен бірге анық қожасы болуға әбден лайық еді. Міне, осындай халық үшін аса қажетті жолдан өтіп, сеніміне ие болған Әлихан Бөкейхан бүкіл қазақтардың екінші құрылтай жиналысында (Орынбор, 1917 жылғы 12 желтоқсан) ең көп дауысты алып, демократиялық жолмен алты Алаштың көсемі болып сайланды.

«Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдас­тық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында те­зек теріп қалады» деген Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекетіне автономия құруды көз­дейді. Орыс патша­лығының отары болған елі үшін, алғашқы этапта автономияға қол жеткізсе, кейіннен тәуелсіздіктің ақ таңы да алыс емес екеніне сенімді еді. Бұл жа­ғы­нан Ататүріктің жолы болды: шебер стратег, асқан дарынды қолбасшы бол­ғанының арқасында елде әскери жетістіктерге қол жеткізіп, респуб­лика құра алды. Тәж бен тақтан тұратын, өркениет ағысынан кеш қалған ескі жүйедегі империяны күйретіп, жаңаша жасау, өзгеше ел ету – оның ең зор бақыты! «Ұлттық егемендік – шынжырларды бал­қытып, тәж бен тақты күйрететін күшті нұр. Ұлттың құлдығына негізделген құры­лымдар қайда болса да құлайтыны анық» дейді түрік көсемі. Өмірде қапысыз аңда­лып, сәтті орын­далған, сөйтіп, тарих­тың өзі талай мәрте дәлелдеген бұл тұжы­рым Әлиханда «Алыс­паған, жұлыспаған бос­тандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шық­пай­ды, малына да, басына да ие болмайды» деген оймен ай­шықталады.

«Бостандық атына мінбейді» демекші, азаттыққа ие болудан оны қорғау – аса қиын іс. Ең алдымен Мұстафа Кемал – әс­ке­ри тұлға. Әскери мектептерді бітірген кәсіби маман. Осман империясының күйреуі мен оның қалай құлағанын, оған жасалған қастандықтарды өз көзімен көрді. Өмірінің 12-13 жылын үздіксіз майдан даласында жауған оқтың астында өткізген ол әскери қолбасшылықта әрі тео­риялық, әрі практикалық жақтан өз құр­дастарының ғана емес, қарсылас дұш­пандарының да арасында ерекшеленді. «Қандай бір түрде болсын ұлтқа қыз­мет көр­сетіп, бұл үшін ұлттан үлкен сый күт­кен­дер дұрыс ниетте болған емес. Ұлттан көп нәрсе тілей алмаймыз. Оған қызмет жасағандар өз бо­ры­шын өтегеннен басқа еш нәрсе істеген жоқ» дейді Ататүрік.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тари­хи қызметі басқаша қалып­тасты. 1916 жылғы патша жарлығына бай­ланысты қазақ жастарының қолына қару алып, соғысып өлгенінен гөрі күрек алып, майдан шебіне баруға үгіттеді. Әли­хан үшін майдан даласы көз қанықтырып, таным кеңейтетін, сөйтіп, ауыл арасынан ұзап шығып көрмеген қазақ балаларының Еуропа елдерін көріп, танысатын аумақ. Ал Алаш автономиясын жариялауда ұлттық әскерді жасақтап, армия құруды ойластырды, әрі осы іске жедел кірісуді ұйымдас­ты­рып, қазақтың буржуазия өкілдерін тарт­ты. «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау ісіне білгендер білімін, малдылары малын, азаматтар жанын аяп қалмаса керек… Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұр­мыз. Сол мақсаты­мыз­ға жетуімізге де, жет­кеннен кейін бекуімізге де милиция керек». Мұрағатта сақталған бір құжатта Алаш көсемі Семей уездік земство бастығы Ахметжан Қозыбағаровқа жедел телеграмма жолдап: «Семей уезінен болыс басына 30 милиционер алуға қаулы қылынды. Осы жігіттерді тоқтаусыз жиясыз. Жиыл­ған азамат, ат Семейге келеді. Алашорда басты­ғы Ғали хан» нұсқауына орай А.Қозыб­ағаров сәйкесінше тез қимылдауды болыс­тарға қатаң тапсырады.

Әлихан Бөкейхан әскер жинап, армия жасақтауды жеке-дара қарас­тыр­майды, ол сонымен бірге білім алу, оқу жайын да естен шығармайды. «Менің ойым­­ша, қазір бар күшті жұмсап қауырт кірі­сетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция – әскер жасау; екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеле жатар, олар тоқта­л­сын демеймін. Бірақ бұл екеуі өзге­лері­не негіз: бірі кейін қала тұруға болмайды» деп жазады Әлекең.

Түрік әлемінің екі тұлғасы да мұндай ты­ғырықтан шығар жолдың жал­ғыз кепілі – білім, оқу-ағарту екенін сөзсіз ұғынды. Екеуінің бойынан да оқуға деген құштарлық, кітап оқығанды, жазғанды, әсіресе тарихты ұнататын қасиеттер болғаны айқын. Сталиндік репрессияның салдарынан туған халқы танысып білмеген эрудит Әлихан Бөкейханның шығарма­шылық мұрасы қазіргі кезеңде 15 томдық ең­бекті қамтиды. «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені – ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу» дейді Алаш арысы. Сондай-ақ ол білімді өткір қаруға, қанжарға теңеп: «Бі­лім­ге жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса – со­ның қолы, салып қалса, жақсы-жа­ман­ды айырмай, басты алып түседі» деп біледі. Демек, оқу-білімді жақсы да тура жолға пайдаланған жағдайда ұлт кәдесіне жаратып, нәтижеге жетуге боларын аң­датады.

Ататүрік жазған еңбектері мен сөй­леген сөздерінен басқа, төрт мың­ға жуық (нақтырақ айтқанда, 3 997) кітап оқып, білімге-ғылымға, оқуға құштар­лы­ғымен таңдай қаққызады. Ол өзі көп біліп, көп оқып қана қоймай, адам үшін өмірдегі ең басты кұндылықты білім деп таныған. «Өмірдегі ең шынайы кемелділік – ғылым» деген тұжырымды ой Ататүрікке тән. Түр­кия мемлекетіндегі оқу-ағарту ісіне шынайы назар аударып, өте үлкен көңіл бөл­ген ол өркениет көшінде әлдеқайда ұзап кеткен басқа елдердің хал-ахуалын білім мен ғылымның, техника мен прог­рестің дамуынан көреді. Елдің сауаты артып, жастарының білімге құштар болуына, әсіресе қоғамда орны айқын­далмаған, үй тұт­қынына айналған қыз балалардың оқып білім алуына, сөйтіп, тең құқықты дауыс беруіне жол ашты. Бұл – оның ең үлкен реформасының бірі. «Жолда кетіп бара жатқан жолаушының көк­жиекті ғана көруі жеткіліксіз. Ол міндетті түрде көк­жиек­тің арғы жағын көруі және білуі қа­жет». Ол үшін білім өте маңызды екені дау­сыз.

Білімнің негізгі өзегі – тіл. Тілінен айырылған елдің болашағы болмайтыны дәлелденген аксиома. Алаш ардақ­тысы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жо­ғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейтіні сон­­­дықтан. Тіл хақында Ататүріктің ойлары ұлттық болмысқа негізделеді. «Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы, – дейді ол. – Өйткені түрік ұлты өткен­дегі шексіз бақытсыздықтың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктері­нің, мүдделерінің, қысқа­сы, бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастыр­ған барлық тетіктер қа­сиетті тілінің ар­қ­асында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақыл-oйы».

Отаршыл Ресей құрамында ұзақ жыл­дар тепкіні көріп, жойылып тына жаздаған туысқан түрік тілдердің арасында қазақ тілі де бар. Оны татар ті­лінің көлеңкесі деп білетіндерге қарсы тойтарыс берді, байырғы негізі бар, көне тіл, жаңа заманға ілесе алатын тірі тіл екенін айтып, ескертіп отырды. «Әли­хан­ның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды… Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп жазады Қошке Кемеңгерұлы. Қошкенің бұл айтып отырған сөзінің тарихи негізі мынада: 1914 жылы мұсылман съезiнде бірер адам «қазақта әдеби тiл жоқ, татар тілін пайдаланайық» деп тіл қатысқан. Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы: «Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне арнайы мақала жазып, Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжан өлеңдерiнен үзiндi келтiрiп, «бәйге алатын тiл осындай болады» деп қарсы пікір білдіргенінен оның әдебиетшілдігінің деңгейі көрінеді» деген ой тұжырымдай-ды.

Алаш көсемі қазақ тілінің ертеңіне сенеді, тұғырына шығатынына үмітпен қарайды. «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!» деп шабыттана жазады.

Түрік әлемінің екі бірдей ұлы тұл­ға­сы өз ұлтының жүрек төрінен ғана емес, әлемдік тарих көшінен де мықтап тұрып орын алды.

«Бостандық және тәуелсіздік – ме­нің мінез-құлқым. Ұлтымның және ұлы бабаларымнын ең құнды мұрасы – тәуелсіздікке деген құштарлық сезімі кеудесін кернеген адаммын…». Бұл – ұлы тұлға, мәңгілік көсем Ататүріктің жүрекжарды сөзі болатын.

Ал өмір бойы большевизмге қарсы күре­сіп, халқын да осы азаттық күресіне бағыттаған Әлихан Бөкейхан социализм, коммунизмдердің соңы бұлдыр елес, құр ертегі екенін айқын ұқты, нақты сезіне алды. Ол өзін қазақ даласына аттап басуға рұқсат етпеген, сөйтіп, аядай бөл­меге ондаған жылдар бойы қамап ұстап, кәдімгідей сескеніп үрейленген жүйеге барынша қарсылық танытты. Тіпті, тар қапаста жатқан күнде де қатарлас серіктеріне күрес жолын басқаша көрсетті, ақын-жазушыларға, өнерпаз жандарға оқулық, оқу құралдары аса маңызды екенін білдіріп, жас ұрпақтың кәдесіне жарайтын жаңа кітаптар жазуды мұқият тапсырып орындатты. «…Совет өкіметін ешқашан сүй­ген емеспін, бірақ мойындауға мәж­бүр­мін». Алаш арысының ең соңғы сөзі – осы.

Ататүрік өмірін зерттеген тарихшылар оның ел мүддесі жолында жанын да аямаған тұлға деп көрсетеді.
Расында да, Ғазы Мұстафа Кемал Ататүрік – өз бақытынан гөрі халқының бақытын биік қойған ұлы қайраткер, мәңгілік көсем. Қазақ тарихшысы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің тұжырымдауынша, «егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейхан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға».

Ататүрік өзі құрған, қалыптастырған жаңа да жасампаз Түркия елінде шексіз құрметтеледі. Біздің Әлиханның алтын басын алты алаштың мұқым баласы ардақтайтын күн туар. Ғұмыр жүзінде ұлт көсемі Әлиханға деген шынайы құрмет өз бәйгесін алар! Біз бұған кәміл сенеміз және сол күнді көре алатынымызға қуанамыз.

 

Заңғар КӘРІМХАН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің докторанты

Back to top button