Арыстан баб

Арыстан баб

Арыстан баб
ашық дереккөзі
 Арыстан бабтың есімі де­реккөздерде және қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік елдерінде әртүрлі (Арыстанбап, Арстанбап, Арслан-Баб, Арсланбоб, Арслонбоб т.т.) жазылған,  біз Арыстан баб нұс­қасын қолдандық. Ал ен­ді арабша емледегі Салман Аль-Фарисидің есімін, негізінен мақаладағы оқи­ға­ларға орай, қазақша ай­тыл­ған нұсқа бойынша Сәл­мен парсы деп те алдық.

Шәуілдірдегі Арыстан баб. Отырарбәнд

1970 жылдары мектепте оқып жүрге­німізде, бір күні әкеміз: «Ертең Шәуілдірдегі (қазіргі Отырар ауданы) Арыстан баб әулиеге, одан ары  Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы мешітіне зиярат етуге барамын, сені де алып барайын», –  деді.  Ауылымыз – Арыс өзенінің сол жағалауында. Ертеңіне әкем бесін намазын оқыған соң, қашыр будандас үлкен жүрдек есегімізге мінгесіп алып, жолға шықтық. Өзеннің арғы жағына өткен соң, әкем жолшыбай әңгіме айтып отырды.  «Бүгін – бейсенбі, бүгін Арыстан баб әулиесіне түнеп, ертең жұма намазға дейін Түркістанға жетеміз. Арыстан баб мазарына дейін қырық шақырым, ар жағы елу шақырым»  –деді. Күн еңкейген жаққа бет түзеп, өзенді жағалап, жыңғылдардың арасындағы соқпақ жолмен жүріп, Арыс қаласынан солтүстікке қарай бет алған теміржолға жеттік. Оны бойлап бір стансаға келіп ат басын тіредік, сусындық іштік. Ғимараттың маңдайына «Тимур» деп жазып қойыпты. «Тимуры несі?» деп сұрадым әкемнен. «Тура жазылмай қалған ғой. Бұл аумақты ертеректе Әмір Темір Көреген деген кісі билеген. Ордасы осы төңіректе болған. Қыстақ,  кейін станса  соның атынан аталып қалған» деді әкем. Одан ары  жүріп отырып, «Утрабад» деген разъезге келдік. Мұны да әкем түсіндіріп берді: «Мұның дұрысы –  Отырар­бәнд, «Отырарда байланған» дегенді білдіреді. Әмір Темір Көреген Қытайға жорыққа бара жатып, осы жерде жаралы болған. Сонда оның жарасын дәкемен таңып байлаған. «Бәнд» деген – «дәке», дәкемен байлау («Бәнд, банд» дегеннің «бинт» екенін кейін білдім). Әмір Темір сол күні, жолда бара жатып, бір қыстаққа жеткенде қайтыс болады. Ол жер қазір Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданының орталығы – Темірлан ауылы. «Лан» дегені парсы тіліндегі «ленг» болса керек. «Ақсақ» деген сөз. Әмір Темірдің «Ақсақ Темір» деген лақап аты бар» деп, әкем Отырарбәндтен үш-төрт шақырым жерде ежелгі Отырар қаласының орны барын айтып, шығыс тарапта көрініп тұрған үлкен жалпақ төбені нұсқап қолын меңзеді. Сосын бұл ескі шаһар бұрын Фараб деп аталғанын, осы қалада Фараби деген атақты ғалымның туғанын айтып берді.  width= Содан соң теміржолдың шығыс жағына өтіп, біраз жүріп, Шәуілдірдегі Арыстан бабтың шырақшысының үйіне жеттік. Әкем екеуі бір-бірін жақсы таниды екен, қауқылдасып амандасты. Намаздыгер, намазшам оқылған соң, шырақшы жаяу түнделетіп, әудем жердегі Арыстан баб әулиеге алып барды. Күздің күні еді. Жерін сор, маңайын шөп, шоғайна басып кетіпті. Күмбездің дәлізінің сол қапталындағы бөлмедегі мүрделерге көк кілемдерді жауып тастаған. Арыстан бабтың, Лашын бабтың, Қарға бабтың... мәйіттері деп жазып қойыпты. Дәліздің оң бүйірінде мешіті бар екен. Шырақшы мен әкем әруақтарға арнап құран оқып, мешітте түнеп шықтық. Олар сөйлесіп отырғанда, түннің бір уағы болып, ұйқым келді. Әкем: «Түс көрсең, азанда тұрғаныңда ұмытып қалма.  Маған айтып бересің», – деді. Ертеңіне әкемнің бірінші сұрағаны: «Түс көрдің бе?», – болды. «Көрмедім», – дедім. «Апыр-ай, мен де көрмедім?!» – деді әкем. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахмет Ясауиден тіле» деген мақалды сонда естідім. Зияратшылар Арыстан бабта жақсы түс көрсе, Қожа Ахмет мазарына барып, соның орындалуын, жаман түс көрсе оның болмауын тілейді екен. Арыстан баб сахаба – бала Қожа Ахметке Мұхаммед пайғамбардың аманаты, құрманы тапсырғанда, құрманың еті Арыстан бабтың ұртында (тісінің арасындағы ойықта) еріп, сүйегі Қожа Ахметке тиген деп айтылады. Мақал осыны меңзейді екен. Маңызын Арыс­тан баб сіңіріп, сүйегі Қожа Ахметке тиген.

Ясауи кешені – арыстар мекені

Бесін намазы жақындағанда Түркістанға келдік. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне бардық, оның сыртында да, ішіне кіргеніміз­де де әкем құран оқыды. Әкеміз барлық пай­ғамбардың – Адам Атадан бастап Мұхам­мед пайғамбарға дейінгі барлық әулие-әнбилердің (пайғамбарлардың) атын атап, одан соң Абылай хан, оған дейінгі және одан кейінгі ел басқарған адамдардың, бұл мазарда жерленген кісілердің ұзын-ырға есімдерін айтып және әулие-әнбиелерге, жалпы әруақтарға арнап бата қайырды. Сосын: «Ата-бабаларымызға да арнап  құран оқып жіберейік, біздің арғы бабаларымыздың бірі Татыбай батыр осы қорымда жатыр. Піріміз Қожа Ахметтің жанына халқымызға тұғыр болған, атақты тұлғалар, арыстай азаматтар, ырысты адамдар жерленген ғой. Олардың сүйегін қойып, жанына араб жазуымен аты жазылған балбал тас қойған», – деп әкем тағы да құран оқыды. Әкемнің айтуында, мазарды, қорымды күтіп ұстау (бұл жерде монша да болған, мавзолейге кірерде сол моншаға түсіп алғанбыз), қызметшілерге айлық беру, кедейлерге қайырымдылық қаражат тарату, балаларды оқыту, зияратшыларға  ас беру үшін бұрынырақ заманда мәйітті қойдырғандар демеуші ретінде өз  ықтиярларымен семіз 80 қойдың бағасындай, не соған теңгерілген жылқы, не ақшалай салық төлейтін болыпты. Татыбай батырдың елі осы рәсімді орындаған. Татыбай батыр ұзақ жасаған кісі. Түркістанды кезең-кезеңдерде жау шапқын­шылығынан қорғасқан батырлардың бірегейі. Бұл туралы 1970 жылдары тарихшы-ғалымдардың жазғанын оқығанбыз. Сондай-ақ  жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімізде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы жарық көріп, оқысақ, бір абзацында Кенесары хан қырғызға жорыққа бара жатқанда, Қаратаудағы Билікөлдің жағасында қоңырат­тардың шекарасына тоқтап, оларға елші жібергені жазылыпты.  Кітапта Кенесарымен келіссөз жүргізген кісілердің аттары айтылмапты. Әкеме көрсеттім. Ол бұл оқиғаны жақсы білетін болып шықты. Сонда делегацияны Күлен шешен, Татыбай батыр және Шәуілдірдің бақуатты мырзасы (жорықтарда әскерді ат-көлікпен, тамақ-аспен қамтамасыз етіп жүрген, атын әкем айтқан еді, мен ұмытып қалыппын) бастап барыпты. Күлен шешен мен Татыбай батыр Кенесары ханның қырғызбен соғысқанын жөн көрмесе керек, қоңыраттардың бұл жорыққа қосылмай­тынын білдірген. Күленді таныстыра кетсек, ол туралы кейін атақты Шал ақынның (Тілеуке Құле­ке­ұлы) жазғаны бар: «Төрт ауылдың бір биі Күлен қозған, Қызыл тілде Қоңыратта Күлен озған. Төрелікпен біреуден пара жесең, Қияметте жоқ дейді биден азған».

Арыстан бабтың алты табыты. Сәлмен парсы

Ауылға келген соң, ертеңіне әкем ауылдағы қарияларды шақырып шай берді. Көрген-білгендерін баяндады. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерінен («Диуани Хикмет» кітабы) үзінділерді айтып берді. Түркістаннан алып келген Ахмет Ясауидің мөрі басылған қағаздың көшірмесін жұртқа көрсетті. Олар қағазды сүйіп, маңдайларына тәуеп етіп басып отырысты. Арыстан баб туралы да сөз қозғалды. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыс­тан баб қайтыс болғанда: «Бұл кісі біздің елдің адамы, сондықтан сүйегі біздің жерімізге қойылуы керек»  – деп қазақ елінен басқа бес мемлекеттен өкілдер келіп, қатты талас болады. Сонда бір кісі ақыл айтып, оларды ымыраға келтірген. Оның кеңесі бойынша, алты табыт әзірленіп, біреуіне Арыстан бабты, қалғандарына оның салмағындай затты салып, бәрінің салмақтарын теңестіріп, пішіндерін ұқсастырып, қатар-қатар тізіп қояды. Сосын, жиналғандар оқшауырақ шетке шығып, жігіттерден бес-алты топты құрап, әрбір топқа табыттардың орнын ауыс­тыртады. Ол топтарды бөлек-бөлек ұстап, бір-біріне жақындаттырмайды. Арыстан бабтың қайсы табытта жатқаны ешкімге белгісіз болып қалады. Өкілдердің әрбірі бір-бір табыттан алады, табыттың біреуі Шәуілдірде қалып, бесеуі бес елге кетеді. Барлығы табыттың бетін ашпауға серттеседі. Арыстан бабтың діни есімі Сәлмен парсы екен. Бұл қасиетті адам Мұхаммед пайғам­бардың арқасындағы пайғамбарлық мөрді көрген кісі болыпты. Сөйтіп, Арыстан бабтың сүйегі алты өлкеге жерленіпті.

Базар-Қорғандағы Арыстан баб

Қырғызстанға келгенімде көрші болып, бірінші танысқан кісілеріміз Жалалабад об­лы­сының Базар-Қорған ауданындағы Арыс­тан баб ауылының түлектері болып шықты. – Біздің өңірде ерте замандарда Арыстан баб деген  мұсылман дінін елге жайған кісі өткен, оның Салман парсы деген лақап аты да бар. Сол жердегі тауды Арыстан баб тауы деп те атайды, оның атында таудың бауырынан оршып шыққан екі биік сарқырама бар. Бөктерінде мазары тұр. Онда зиярат етушілер еш толастамайды. Ол атса оқ өтпейтін батыр да болған. Біздің ауылымыз сол жерде,  –  деген еді базарқорғандықтар. Мен таңғалдым. Бала кезімде естіген әңгімелер еске түсті. Бұл мәселеге қызығуым күшейді. Арыстан баб өреніне де барудың сәті түсті. Орман-тоғайлы, көк шыршалармен көм­керілген, ауасы саф таза  керемет өңір. «Арыс­тан баб» санаторийі де осында.  Маңай­да қырғыздар, өзбектер, аздаған тәжік­тер (парсы тектес) тұрады.  width= Базар-Қорғанның Арыстан баб ауылында туып-өскен ғалым, Жалалабад универси­теті­нің ардақты профессоры Ұлығбек Абдусәля­мов Арыстан бабты  XII ғасырда осы ауыл-қыстақта қайтыс болған деп есептейді. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындардың шежіре кітабында жазылыпты. Ауыл бұрын Ұлұш, Құз-Ұлұш деп аталған. Арыстан бабтың мазарына зиярат етушілер көп келетін болып, қыстақ Арыстан баб деп аталып қалған. «Қайтыс болған» деп мазары тұрған соң айтылса керек. Арыстан баб есімінің бірнеше нысандарға қойылғаны, бұл өңірде Арыстан бабтың өмір сүргенін дәлелдейді.

Даниил пайғамбар және Арыстан баб

Өткен ғасырдың басында Қырғыз­стан­ның Базарқорған аумағына келген Ресей оқымыстысы, өлкетанушы, саяхатшы, поляк князі В.Масальскийдің қырғыз ақсақалдары­нан жазып алған аңызы Арыстан баб туралы жұмбақ сырды одан сайын қоюлата түседі: «Бұл жердегі орман алып батыр Арыстан бабтың қолымен отырғызылған, оның тәжірибелі бағбандық атақ-даңқы  әлемге жайылыпты. Арыстан баб жөнінде естіген Даниил пайғамбар елдің айтқан сөздерінің шындығын білейін деп, Дашман орманына келгенде, бұл маңның ғажайыптығына, батырдың баптап өсірген бау-бақшаларына таңырқайды. Даниил пайғамбар Арыстан бабтың Мұхаммед пайғамбарға бағбаншылық өнерін үйретуі үшін, ол туылғанға дейін Жаратқаннан  өмірін ұзартуды сұрайды. Тілегі қабыл болып, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың дәуіріне дейін өмір сүріпті» (Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Туркестанский край. Санкт-Петербург, 1913 жыл, 19 том, 710 бет). Мұнда князь Масальский діни аңызды өз діні­не қиыстырып, асыра шауып жібергенге бе деп топшылаймыз. Библияда Даниил пайғамбардың Новухудоносор, Кир (Персия) патшалардың заманында өмір сүргендігі жазылған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі VI ға­сыр.  Даниил пайғамбар мен Мұхаммед пай­ғамбардың  арасы мың жылдан асып ке­теді. Бірақ  Даниил пайғамбардың Орта Азия­да болғаны жөнінде деректі де ұшыраттық. Оның  Самарқан қаласының төңірегінде ма­зары болыпты. Әйгілі  Әмір Темір Самар­қанның жанындағы бір ауылды соғысып ала алмай қойған. Сосын не кереметі бар деп, тыңшыларын жіберіп біліпті. Ауылдың іргесінде Даниил пайғамбардың моласы бар екен. Оның сүйегі жатқан жер қасиеттілігінен ауыл бәле-жаладан, біреулердің зорлық көрсетуінен дәйім тыс болып тұрған. Әмір Темір Даниил пайғамбардың сүйегін түнде қаздыртып алып, өзі жаулап алған жерге қайта жерлеп, сосын ауылды басып алыпты.

Әмір Темір және Сәлмен парсы

Қырғызстанда Арыстан бабтың зираты бар екенін білген соң, аңыздың шындық екеніне сендім және қалған төртеуі қайда екен деп кей-кейде ойлап қоятынмын. 1980-жылдардың ортасында «Әмір Темірдің аманаты» деген кітаптың өзбекше нұсқасы қолыма тиіп, ежелеп оқып шықтым (кейін кітаптың қазақша нұсқасы да қолға тиді). Кітапта Әмір Темірдің имам Мұса Қазымның, имам Мұхаммед Накидің және Салман парсының мазарларын күтіп ұстауға өзінің қол астындағы Жазаирдан және Мадаин қалаларынан түскен салықтардан қаражат бөліп тұруға жарлық шығарғаны жазылыпты. Әрине, мұнда  қазіргі Қырғызстандағы немесе Қазақстандағы мазарлар емес, Сәлмен парсы бір кездері мұсылман дінін орнатуға күш салған Ирак жеріндегі Мадаин қаласы туралы сөз болуда.

Салман аль-Фариси. Мадаиндегі мазар

Арабтың ортағасырлық Аббас Малики деген ғалымының (бұл кісі Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас болуы мүмкін) «Парсының Сәл­мені» («Салман аль-Фариси») деген шағын кітабында Сәлменнің шын аты – Рүзбе екенін жазады. Ол Иранның Исфаһан қаласының жанындағы Жей деген қыстақта туыпты. Мәрзбан деген ауқатты да  білімді адамның жалғыз перзенті. Әкесінің жолын қуып, зәрдөшт дінін тұтынады. Жасөспірім кезінде Салман (тыныштық орнатушы) деген атты өзі таңдап алып, осылай аталып кетеді. Бір күні ол әкесінің тапсырмасымен егістікке бара жатып, христиандардың әндетіп, Құдайға жалынып жатқанын естиді, олардың әуені қатты ұнап, сол жерде бөгеліп қалады. Сол сәттен бастап баланың есіл-дерті осы дінге ауады. Сәлмен әкесімен ақылдасып, христиан дініне өту ниетін білдіреді. Әкесі қатты ашуланып, кетіп қалмасын деп баласын қамап қояды. Не керек, бала үйінен қашып шығып, Шам қаласына барып, мәсиһ шіркеуіне (Иса пайғамбардың дініндегі) қызметші болып, дінін де қабылдайды. Сәлмен одан ары Мосул, Нәссибейн, Әмурийе қалаларындағы шіркеулерде қызмет істейді, бұл дінді терең меңгереді. Әмурийе қала­сының дін басшысы өлер кезінде Сәлменге:  «Мен саған керемет бір игі хабар айтамын. Талай қиыншылықты кешесің, бірақ  келешекте ақырғы пайғамбармен кездесесің. Пайғамбардың келуі туралы біздің Қасиетті кітабымызда айтылған. Ол Арабстаннан шығады, оның арманы адамзатқа лайықты жақсы өмір орнату» – деп болашақ пайғам­бардың үш белгісін айтады. «Екі жауырыны­ның ортасында пайғамбарлық таңбасы бар. Сол кісіге жетуге тырыс», –  деп христиан попы өсиет қалдырады. Поп қайтыс болған соң Сәлмен Әмудария өзенінің жағасындағы Әмурийе қаласына келген саудагерлерге ілесіп араб жеріне барып, Мұхаммед пайғам­барды іздеп табады, оның арқасындағы пайғамбарлық мөрді көріп, мұсылман дініне кіреді. Ол Мұхаммед пайғамбардың ең жақын, сенімді адамдарының, сахабаларының бірі болды. Мұхаммед пайғамбар оған «Салман – менің отбасымның мүшесі» деп мәртебе берген. Сәлмен Иранда мұсылман дінін таратқан. Мұхаммед пайғамбардың ирандықтардың мұсылман дінін арабтардан да қатты ұстайтыны жөнінде айтып кеткен сөзі бар. Бұл Сәлменнің ықпалымен болғанға ұқсайды.  width= Сәлмен парсы қайтыс болғанда оның басы-қасында Әзірет Әлі алейһиссаламның болғанын да Аббас Малики жазған. Бұл мезгіл – хижраның 35-жылы, яғни біздің жыл са­науымызда, VII ғасырдың орта тұсы. «Дежле (Тигр) өзенінің шығыс жаға­лауын­да, Тисфун сарайының шетінде «Пәк Сәлмен» деп аталатын кішкентай қабір жатыр. Аспанмен тілдескен зәулім сарайдың қа­сында бұл қабір титімдей ғана. Бір ғажабы – ол Сәлменнің екі моласының біреуі екенді­гінде», – деп айтылған Аббас Маликидің рауаятында. Бұл Мадаиндағы зират. Екеуінің біреуі қайда екені жазылмаған.  Осы «Екі моласы» деген сөз «Арыстан бабтың алты мазары бар» дегеннің шындығына жол ашады.

Сәлмен парсының ұлы – Қазірет Аллоуддин

Сәлмен парсының Орта Азияға келгенін мына бір дерек те айқындайды. Сәлмен парсының  ұрпақтары Иран мен Иракта және Египетте мұсылман дінін таратуға атсалыс­қаны белгілі. Сондай-ақ  олар Орта Азияға да келген. Тәжікстанның Лянгар деген қыста­ғында Қазірет Аллоуддин деген кісінің мазары бар. Жергілікті халық мазарға Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Сәлмен парсының   ұлы  Қазірет Аллоуддин осында жатыр деп осы күнге дейін зиярат етеді екен.

Сәлмен парсының Башқұртстандағы ұрпақтары

Башқұртстанның Бавлы (қазақшасы – Балды, араның балы) ауданында бүгінгі күн­дері Шайық Дирбеш деген кісінің ұрпақтары  өмір сүріп жатыр. Отбасы шежіресі бойынша, олардың он бесінші буындағы атасы – Шайық Дирбеш, отызыншы буындағы атасы –  Сәлмен парсы. Башқұртқа сіңісіп кеткен Сәлмен парсының ұрпақтары өздері бір буынды 28 жыл деп өлшеп, бабалары  Шайық Дирбешті қазіргі кезден 430 жыл бұрын өмір сүрген кісі деп есептейді. Қалған он бес буынды сол мөлшермен қосып есептесек, Сәлмен парсы осыдан 860 жыл бұрын, яғни  XII ғасырда өмір сүрген болып шығады. Демек, Қожа Ахмет Ясауиге замандас болып отыр. Шайық Дирбеш ұрпақтары жерлестерінің бірі «Лар»  есімді адам ғаламторда осыдан он үш жыл бұрын: «Мен Салман фарсының мазарларын іздеген кезде оның біреу емес, кем дегенде  үшеу екенін таптым: Бағдадта (Мадаинда) , Иерусалимде және Мединеде. Соңғысында Мұхаммед өмір сүрген»  деп жазған болатын. Оны сайты  жабылып қалғандықтан, қайта қарай алмадық.

Израильдегі  Салман фарсы сағанасы

Израиль мемлекетіндегі Салман фар­сының мавзолейіне бару Иерусалимнің туристік агенттіктерінің «Мұсылман Иерусалимі» деген экскурсиялық ақпар-кітап­шалардың бәрінде белгіленген. Кейбіреулерінде мавзолей, қорық, сағана, мешіт, мазар, мақам (біраз уақыт өмір сүрген жеріндегі ескерткіш табыты) деп көрсетілсе, тағы біреуінде ежелгі Израил патшалығының астанасы Себастияның Ицхар қаласындағы Салман фарсы қорығы, мазары деп екі атауы қатар жазылған. Ицхар қаласы – Тель Авивтен 42 шақырым, Иерусалимнен 43 шақырым қашықтықта орналасқан, өз діндерін берік тұтқан 110 жанұя мекендеген, кез келген уақытта кіре беруге болмайтын, мемлекет тарапынан өзгеше мәртебе алған діни қалашық. Израильде Салман парсының нысандары бір жерде емес, бірнеше жерде.

Иерусалимдегі Әл-Фараби мешіті

Бәсе, «Мұсылман Иерусалимі» бағдар­ла­масына әл-Фарабидің мешітіне бару да кір­гізіл­ген. Онда «Бұл мешітке ат Шығыстың атақ­ты ойшыл ғалымы әл-Фарабиге құрмет көр­сетіліп берілген. Аристотельдің ілімін орта ғасырдағы Шығысқа таратқан ағартушы. Артында көп кітаптары қалды. Бұл еңбектері араб өлкелерінің дамуына  қатты әсер еткендіктен, оның есімін мәңгілік қалдыру мақ­са­тында осы мешіт салынған» деп жазылған. Қазіргі кезде Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәй­кес ендігі жылы Абай Құнанбаевтың 175 жыл­дық, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей­той­ларын өткеруге әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Іс-шараларды өткеру бойынша құрылған мемлекеттік комиссия Израильде  әл-Фарабиге арналған нысан бар екенін еске алса дейміз. Ол жай ғана мешіт емес, мұражай сияқты.

Арыстан баб және Қожа Ахмет Ясауи

Көзі қарақтыларға мәлім, Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Диуани хикметінде»: «Жеті жаста Арыстан бабқа еттім сәлем, Мұс­­тафаның аманатын бер деп маған.                                                                Сол сәтте мың бір зікір етіп тәмәм,                                                        Нәп­­­­­­­сім тыйып, Аллаға бет бұрдым, содан. Құрма беріп, басым сипап, назар салды,                                                             Сол сәтте ол о дүниеге сапар алды. Қош­­­­­­та­сып, бұл әлемнен кете барды, Мек­­­­теп көріп, толып, тастым, одан әрі», – деп жаз­ған. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи Арыстан бабпен кездесіп, оның дүниеден қайтқанына куә болып отыр. Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болған уақыты мен Қожа Ахметтің бала кезін төрт жарым ғасыр уақыт бөліп тұр. Тіпті, бұл туралы  Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде өзі де жазған емес пе? «Төрт жүз жылдан кейін шығып, болғай үмбет, Неше жылдар жүріп, халыққа жолды көрсет. Он төрт мың ықыласты адам етсін қызмет. Сол себептен алпыс үште кіргем қылует» Арыстан бабамның: «Балам, маған ұсыныс жасамадың, Құрманы бес жүз жыл саған арнап ұртымда сақтадым. Дәнін сіз алдыңыз, еті менде қалған», Деген тәбәрік сөзін алғам». Кейбір зерттеушілер Сәлмен парсы мен Арыстан баб екеуі екі басқа адам деген пікірді айтып қалуда. Егер  біз Сәлмен парсының  Мұхаммед пайғамбардың мөрін көргеніне, Қожа Ахметтің Арыстан бабтан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.а.) аманаты – құрманы алғанына, сенетін болсақ, онда Сәлмен парсы мен Арыстан бабтың бір адам екеніне сенуімізге тура келеді. Егер сенбесек, Хикметтегі сөздер жоққа шығарылады. Мұның үстіне, жоғарыда айтылғандай, Шайық Дирбеш шежіресі бойынша, ұрпақтарының отызыншы бабасы Сәлмен парсының өмір сүрген дәуірі Арыстан бабтың Түркістанда болған заманындағы XII ғасырға дәл сәйкес келіп тұр. Ясауитанушылар Ахмет Ясауиді шамамен 1103 жылы туылып, 1228 жылы дүниеден өткен деп санайды. Әрине, Сәлмен парсы мен Арыстан баб жөнінде шешімі табылуы қиын құпиялар көп. Арыстан бабтың ұзақ өмір сүргені Жаратқанның Мұхаммед пайғамбарға берген мұғжизаларының бірі ме деп пайымдаймыз. Кім біледі, әлде көпжылдық (летар­гиялық) ұйқыда болды ма?

Сәлменнің Арыслан (Арыстан) есімін алуы

Сөз соңында Сәлмен парсы Арыстан баб есімін Арысқа келгенде алса керек деген тұжырымды алға тартқымыз бар. Арыстан баб жерленген кесене тұрған Түркістан облысының Отырар аумағы ертеде  Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы суы мол, егін еккенге қолайлы жер болған. «Арыс» деген сөздің мағыналары көп. Соның бірі араб тілінде «Арс» ( أَرْسٌ ) – «егін егу», егінші (дихан)  деп аталады. Арыстан бабтың 33 өнерді игергенін, жоғарыда айтылғандай, бағбан болғанын және «Салман» деген атты өзіне өзі қойғанын еске алсақ, «жерге дән себумен» және онымен үндесіп тұрған «адамдардың ой-санасына білім себумен» айналысқанын қосымшаласақ, есімнің бірінші буынына арабшада да, қазақшада да айтылуы ұқсас «Арыс» сөзін өзі таңдап алуы бек мүмкін. Екінші буыны «лан» ( أِنَّ ) араб тілінде – «қанағатшыл, дүниеге қызықпаған, кедей, тахуа адам». «Баб» сөзінің де мағынасы көп, араб-парсы тілдерінде бір мағынасы – «қақпа, білімге жол ашатын қақпа», қазақша – «сөзін бабымен, баптап сөйлеген (мүмкін, уағыз айтқан) адам», т.т. Тақуалығы сол – Сәлмен дүние қумаған, осы қасиетімен бүкіл араб елдеріне және ирандықтарға әйгіленген, дүниеден қайтқанда жиырма дирхемге ғана бағаланған меншік дүниесі – көйлек-көншегі  болған. Белгілей кетсек, Темірлан есіміндегі «ланг» сөзінде «г» жұтылып «лан» болған. Қазақ тілінің үндестік заңының әсерімен «тан» сөзіне айналған «лан»  жоғарыдағыдай «ланг» емес.  Сондай-ақ  Арыстан бабтың есімін қазақтар да қоюы мүмкін. Арыстан шыққан баб – Арыстан баб. Сонымен, дереккөздері Арыстан бабтың бес жерде мазарлары мен мешіттерінің бар екенінен хабар беріп тұр. Біріншісі – Отырар ауданында, екіншісі – Қырғызстанның Базар-Қорған ауданында, үшіншісі – Бағдад қаласынан бірнеше шақырым қашықтықтағы Мадаинде, төртіншісі – Сауд Арабиясының Медине қаласында, бесіншісі – Израильде. Бір күндері Арыстан бабтың сүйегі қойылған алтыншы зират та табылып қалуы  ғажап емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» бойынша деректі фильмдер түсіріліп, кең айналысқа шықса, олар елді адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеудің бір тиімді құралы болар еді. Арыстан баб пәк, таза, өнегелі өмірі арқылы да, сөздері Қожа Ахмет Ясауиге тәбәрік болған ұстазы ретінде де ұрпақтарға үлгі боларлық тұлға.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,  «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі