Қолжетімді несие алу бір арман

Қолжетімді несие алу бір арман

Қолжетімді несие алу бір арман
ашық дереккөзі
776

Қазақстан банктеріне 4,5 триллион теңге қайтарылмаған. Неге?

Елімізде банктерден несие алып, шаруасын жеңілдетуге тырысатын жандардың қатары көп. Олардың басым бөлігі жылдар бойы банктен алған қарызын қайтара алмай әбігерге түседі. Сондықтан болар, Қазақстан қайтарымсыз несиелер саны бойынша әлем елдері арасынан бірінші орынға шығыпты. Бүгінде халықтың банктерге қайтармай отырған қарызы 4,5 триллион теңгеден асып кеткен.

Несие несібені арттырмайды

Қазір елімізде несие алмаған адам жоқтың қасы. Той жасаса да, көлік алса да, баласын оқытса да жұртшылық несиеге жүгінетін болды. «Несие» түсінігі біздің елімізге жаһанданумен бірге жетті десек қателесе қоймаспыз. Жалпы, несие – белгілі бір мерзім бойы пайдаланып, қайтарылу үшін әдетте, пайыз төлеу шартымен ақшалай немесе тауар түрінде берілетін қарыз. Несие негізінен, коммерциялық  және банк несиесі деп бөлінеді. Коммерциялық несие – сатушы тауарды сатып алушыға төлемін кейінге қалдыра отырып беретін несие. Ал банк несиесінің әмбебаптық сипаты бар. Бұл ретте банктер, ақша иелері және басқа несие мекемелері несиегерлер болып келеді. Несиенің берілуі мен өтелуіне, пайыздық мөлшерлемеге байланысты тараптардың міндеттемесі мен экономикалық жауапкершілігі несиелік келісімдер негізінде шешімін табады. Банктік несиені несиелеу мерзіміне қарай қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі мерзімге), орта мерзімді (1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге) және ұзақ мерзімді (3 жылдан астам мерзімге) болып келеді. Ол қарызгерге тиесілі жылжымайтын мүлік, тауарлар, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтар кепілімен қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстанда несиенің ұлттық банк несиелері (аукциондық, ломбардтық, бюджеттік есиелер), екінші деңгейдегі банктер несиелері (меншікті айналым қаражатының жетіспеушілігін уақытша толтыруға, күрделі салымдарды қаржыландыруға, тұтыну мақсатына арналған несиелер, импорттық, ипотекалық, консорциалдық, банкаралық несиелер) секілді түрлері пайдаланылады. Қазақстан егемен ел атанғаннан кейін халықтың басым бөлігі банктерден несие алуға бейім бола бастады. Ресми мәліметтер Қазақстан халқының 65 пайызы несие алуға құлықты екендігін дәлелдеп отыр. 2015 жылдың өзінде елімізде 2 миллионға жуық азамат несие алса, осы жылы қарапайым халыққа екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдар 3 триллион теңге шамасында несие үлестірген. Бұл несиелердің басым бөлігі кепілзатсыз алынған тұтынушылық несиелер. Жалпы, өткен жылдың 11 айында халыққа берілген несиелердің 16 пайызы ипотекалық, ал 14 пайызы кепілдендірілген тұтынушылық несиелер болыпты. Демек, Қазақстанда ипотекалық несие алуға ниеттілер де аз емес. Айта кетейік, біздің елімізде тұрғындар Еуропаға қарағанда ипотекалық несиеге 4-5 есе көп өсім төлейді екен. Еуроодақ елдерінің басым бөлігінде жылдық өсім 3,5 пайыздан басталады. Мәселен, испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5 пайыз жылдық өсіммен алады. Ал бізде ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі 14-15 пайыздан басталады. Статистикалық деректер бойынша, Қазақстандағы экономикалық белсенді халықтың 12 пайызының несие тарихы аса мәз емес. Демек, мұндай несие алушылардың 90 күннен асып кеткен қарызы бар. Банктен несие алып, оны дер кезінде төлей алмай жүргендердің саны статистикалық деректердегі көрсеткіштен де асып түсуі мүмкін. Банктерге берешегі бар жұртшылықтың көпшілігі ай сайынғы табыс көздерінің аздығынан және несие үстемесінің тым жоғарылығынан қарызын қайтара алмай жүргендер. Әрине, алмақтың да салмағы бар, сондықтан, несиені үстемесімен қайтаруға тура келеді. Ал қазақстандық банктер қазіргі уақытта қарапайым халыққа 15-16 пайыздық үстемеден кем несие бере алмайды. Қай банкке барсаңыз да, ең кем дегенде несие үстемесі 10 пайыздан асып жығылады. Мәселен, «Халық банкінде» несие беру бағдарламаларының ең төменгі пайыздық мөлшерлемесі 15 пайыздан басталады. Ал Еуразиялық банктің несие үстемесі 10-12 пайыздың көлемінде екен. Бүгінде елімізде 38 банк қызмет атқарады. Бұл банктердің өңірлердегі бөлімшелерінің де несие беруге құқылы екенін естен шығармаған абзал. Еліміздегі банктердің жылдық пайыздық мөлшерлемелері шетелдік банктермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Әлемнің көптеген мемлекеттеріне халыққа берілетін несиенің үстемесі 4-5 пайызды ғана құрайды. Қалай десек те, банктердегі несиенің пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығына қарамастан, елімізде несие рәсімдеуге ниеттілер қатары азаяр емес. Тіпті, пайыздың мөлшерлемесі жоғары саналатын «Каспий банктің» де тұтынушыларының қатары жыл санап артуда. Жоғарыда аталған 38 банктен өзге елімізде жылдам несие беретін ұйымдар да жеткілікті. Жылдам несие беретін жекелеген ұйымдардың пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыздан асып жығылады екен. Ал халық қолжетімді, үстеме пайызы төмен несие алуды армандайды. Сөйтіп, бір тірлік бастап, жұмысын жандандырып, тұрмысын түзеткісі келеді. Бірақ әзірге мемлекет қарапайым жұртшылыққа мұндай мүмкіндік бере алған жоқ. Қазақстанның банк жүйесі өзге мемлекеттерге қарағанда дамыды дегенімізбен, елдегі қарапайым жұртшылықтың жалақысы мен несиенің ара салмағы сәйкес болмай тұрған жайы бар.

Қайтарымсыз несие көлемі көп

Қарыз күліп кіргенімен, жылап қайтады. Халық банктен алған қарыз ақшасын еселеп қайтаратынын жиі естен шығарады. Осының салдарынан жыл сайын қайтару мерзімі өткен несиелердің үлесі артуда. Кей деректерге көз салсақ, банктердің несие қоржындарының 80 пайыздан астамын проблемалық несиелер құрайды екен. Бүгінде проблемалық несиелер 4,5 триллион теңгені құрап отыр. 2014 жылдың басында сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «Жағдай мәз емес. Біз жұмыс істемей жатқан несиелер көлемі бойынша әлемде бірінші орында тұрмыз. Осы жылдан бастап үкімет ақша-несие саясатының тиімділігін жоғарылатуға айрықша көңіл бөлмекші. Несиелеу жүйесін қайтадан іске қосу қаншалықты мүмкін екенін қарастыратын боламыз», – деген еді. Бірақ одан бері де қайтарымсыз несиелердің мәселесі шешімін тапқаны шамалы. Мамандар шамадан тыс несие алу қаржылық дағдарысқа әкелу қаупін күшейтетіндігін жиі тілге тиек етеді. Бүгінде берген несиесін қайтарып ала алмай жүрген банктердің қарасы қалың. Банктен алған несиенің 30 пайызы дер кезінде төленбейді екен. Міне, халыққа және өндіріс орындарына есепсіз берілген несие өз орнына қайтпай, соның салдарынан банктер қарызға белшеден батып отыр. Мұндай жағдайда көбіне несие алушыларды айыптап жатады. Бірақ банктердің де судан құрғақ шықпайтыны анық. Дәл осы қайтарымсыз несие турасында осыдан бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев былай деген болатын: «4-5 жыл бұрын мен Ұлттық банк біздегі екінші деңгейлі банктерге неліктен шетелден несие алуға рұқсат бергеніне таң қалатынмын. Олар шеттен 3-5 пайызға алып, бізге 15 пайызға тіреп қояды. Сөйтіп жоқ жерден 10-12 пайыз табыс табады. Жергілікті кәсіпкерлікті несиелендіріп бас қатырмайды, пайызы өте жоғары несиені барлығына бірдей таратып қойып, пайдаға кенеліп отыра береді. Бұл жерде мемлекет қандай да бір жауапкершілік алу керек. Қарыздың аты қарыз, мемлекеттің атына кір келеді. Мұны дер кезінде бақылауға алу керек». Бүгінде елімізде қайтарымсыз несиелермен жұмыс істейтін арнайы «Проблемалық несиелер қоры» бар. Қордың негізгі міндетіне коммерциялық банктердің балансындағы өндірістік активтермен қамтамасыз етілген проблемалық несиелерді сатып алу кіреді. Осы қор құрылғаннан кейін банктердің проблемалық несиелерден тазаруына мүмкіндіктер ашылатын болар деп үміттенгендер көп болған. Бірақ мұның соңы да сиырқұйымшақтанып кетті. Банктер өздерінің проблемалық активтерін қорға сатуға құлықсыз. Оның бір себебі – банктерде жылжымайтын мүліктердің кепілдікте тұрғандығы. Яғни, банк қызметкерлері мүліктер өз құнын жоймайды деп есептейді. Сондай-ақ, Ұлттық банк бұған дейін екінші деңгейлі банктердің мерзімі өтіп кеткен заемдарын төмендету үшін бірыңғай саясат бекіткен. Соның нәтижесінде проблемалық активтер көлемі 740 миллиард теңгеге жуық төмендеді. 2013 жылғы деректерге сүйенсек, «Нұрбанкте» 50 пайыз, «Темірбанкте» 46,76 пайыз, «Альянс банкте» 44,53 пайыз, «Казкоммерцбанкте» 40,43 пайыз жұмыс істемейтін несиелердің үлесінде. Мамандардың айтуынша, қазір еліміздегі бірінші толқынды девальвациядан кейін қаржы институттары несиелеу саясатын өзгертіп, шарт-талаптарын күшейткен. Қазіргі уақытта банктер несие алушының несие тарихын қатаң қарайды. Егер бұрын төленбей қалған күндері бар адамдарға банктер несие беретін болса, қазір мұндай несие алушыларды несиелендіру тоқтатылуда.

Несиеге жасалған той

Банктердің негізгі табыс көзі – несие. Сондықтан, халыққа несие алғызу үшін кез келген әрекетке барады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қала көшелерінде жарқырап тұрған жарнамалар да адамды несие алуға итермелейтіндей-ақ. Түрлі жеңілдіктер, бонустар, төменгі пайыздарды жарнамаларда жарқыратып көрсетіп, елдің санасына сіңдіріп жібереді. Себебі банктердің басым бөлігі коммерциялық пайда табуды ғана көздейтіні құпия емес. Ал қарапайым халық жоғары пайыздық үстемемен алған несиесін қайтара алмай, банк алдында берешек болып қалуда. Жұрт та алған қарызымды қайтармайын деп ойламайтын болар. Тек олардың да ай сайын банктегі қарызын төлеуге шамасы келе бермейді. «Төлей алмайтын болса, несие алып не керек?» деп жазғыратынымыз да жасырын емес. Бірақ несие алғанның бәрін бірдей айыптауымыз да орынсыз. Мұқтаждық пен мәжбүрлік адамға не істетпейді? Өйткені бүгінгі нарықта күн сайын өзгеріс, баға да бірқалыпты емес. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы өссе, базардағы баға да ырыққа бағынбай кетеді. Ал жаңа жыл басталысымен бағаның шарықтап кетуі тіпті, дәстүрге айналғандай-ақ. Осындай жағдайдан кейін қараша халық ақшасын неге жұмсағанын таба алмай дал болып, қолында қалған қаржысын қайда жеткізерін білмей қор болады. Бұлай қиналған жұртты несиесін төлемеді деп қалай жазғырмақпыз? Сонымен қатар, қазақтың басым бөлігі несиені той жасау үшін алады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Той жасау үшін жігіттер жағынан несие алады, қыздың ата-анасы өзі жағынан несие алады. Соңынан сол тойға алған несиені жастардың мойнына іліп қояды», – деген болатын. Расымен де, қазір несие – той өткізудің бірден бір қаржы құралына айналды. Банктен миллиондап несие алып, той жасап, содан кейін жылдап сол қарызынан құтыла алмай жүрген қаншама қазақ бар?! Әрине, қазақты тойдан айырмасын деп тілейміз. Алайда той жасаудың да өз есебі бар емес пе? Қарызданып той жасау тек қазаққа ғана тән қасиет шығар. Кез келген қазақ баласының мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін барын салады. Қалтасы тесік, табысы мардымсыз қараша да мұндай кезде ойланбастан банктің есігін қағады. Соңғы уақыттарда аста-төк той жасайтындар көбейіп кетті. Табысы жетіп, қалтасы қалыңдаған азаматтардың ағайын-туған, дос-жаранның басын қосып, үлкен той өткізуіне ешкім де қарсы емес. Бірақ шамасы жетпесе де, банктен алған қарызын тойға шашатындардың әрекетін қалай бағалауға болады? Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелдік банктер қазақстандықтардың үйлену тойына қанша қаржы жұмсайтындығын есептеп, арнайы зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде, қазақтандықтардың орташа есеппен бір тойға 2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсайтындығы анықталды. Қомақты қаржыны қарызға алып той жасаған отбасылар кейін алған несиесін қайтара алмай, жанұяда ұрыс-керіс туындап, шаңырақтарының шайқалуына әкеліп жатқан жайттар да жоқ емес. Жалпы, елімізде несие алатындардың жартысынан астамы келін аларда, қыз ұзатарда қарызданатындар екен. Сол себепті, экономистер қазақстандықтарға ең алдымен, той өткізуден бас тарту қажеттігін айтады. Басында баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де, балаларының тойларын, тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің туған күндерін де үлкен мейрамханаларда өткізетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді. Әсіресе, қарызданып той жасаушылар оңтүстік өңірлерде тіптен көп. Осы орайда, таяуда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев несиені дұрыс пайдаланбаушыларды жазалау керектігін айтқан болатын. «Несие алушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Ол үшін жауапсыз несие алушылардың нақты тізімі жасалып, несие бюроларына өткізілуі керек. Бұл арқылы біз кәсіпкерлік үшін 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несие алып, оны туысының тойына жұмсаған адам енді қайтіп ешқашан несие ала алмайтын жүйеге қол жеткіземіз», – деп қадап айтқан Сыр өңірінің басшысы. Бәлкім, бүгінгідей қайтарымсыз несиелер көлемі артып, жұрт банктен алған қарыз ақшасын қайда жұмсағанына есеп бере алмай отырғанда мұндай қатаң тәртіпке көшудің де еш әбестігі жоқ болар. Несиеге той жасап, темір тұлпар мініп, бір күндік қуаныш үшін жылдар бойы мемлекет алдында борышкер атанудан халықтың аулақ болғаны жөн. Оның үстіне, алған қарызды банктерге еселеп қайтару керектігі тағы бар. Ал көпшілік банктердің қайырымдылық қоры емес екендігін естен шығармағаны абзал.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары