Әскери базалар жабыла ма?

Түркия президенті Реджеп Ердоғанның жасаған соңғы мәлімдемесі АҚШ тарапын алаңдата бастады. Ердоған Түркия жеріндегі Американың әскери базасын жауып тастауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның мұндай шешім қабылдауына Ақ үй тарапынан енгізілуі мүмкін санкциялар себеп болып отыр.

Түркия аумағындағы Инджирлик және Кюреджик әскери базаларын НАТО мен түрік қарулы әс­кері бірлесіп пайдаланады. Дәл осы екі базаның жабылуы мүмкін деген хабар Түркия басшысының мәлімдемесіне дейін-ақ тараған. Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу шетелдік әс­керилерге арналған базаның жа­былу ықтималдығы туралы өткен аптада айтқан. Осы аптада Реджеп Ердоған Чавушоглуның сөзін қуаттап, қажеттілік туындаса Инджирлик пен Кюреджик базаларын еш қиындықсыз жауып тастайтынын жеткізді. Дегенмен Түркия басшысы тараптар қайта түзеуге келмейтін қадам жасаудан аулақ болғаны жөн екенін ескерте кетті.

Түркия батыстағы әріптес­тері­не алғаш рет мұндай сарындағы сес көрсетіп отырған жоқ. Дәл қа­зіргі мә­лімдемесі Түркия мен АҚШ ара­сындағы алауыздықтың артып, керісінше, Ресеймен жақындаса бастағаны салдарынан туындағаны түсінікті. Нақтырақ айтсақ, 2017 жы­лы Түркия Ресеймен С-400 кешенін сатып алу туралы келісімге келген. Бұл кешен Түркия мен АҚШ арақатынасының нашарлауына тікелей себепкер болды. Амери­ка­лықтар С-400 кешені Түркияның АҚШ және НАТО-мен серіктестігі шең­берінде қол жеткізіп жүрген қаруландыру жүйесіне сай келмейтінін айтады. С-400 кешенін сатып алғаны үшін Вашингтон Анкараға экономикалық санкция белгілейтінін ескертті. Соған қарамастан жазда Түркия ресейлік зымыран­тасығыш кешеніне қол жеткізді.

Вашингтон мен Анкара арасын суытқан тағы бір жағдай бар. Үсті­міз­дегі жылдың қазан айында Түр­кия Сирияға күрділер отрядына қарсы әскери операцияны бастады. Ал дәл осы отряд АҚШ-тың террористермен күрестегі бірден-бір одақ­­тасы еді. Алайда Түркияда күр­­ділер отряды да террорлық топ бо­лып есептеледі. Түркияның осы әрекетінен кейін, яғни 14 қазан күні АҚШ Түркияға қарсы санкция енгізді. Бірақ бұл санкцияның күші тек тоғыз күнге ғана жетті. Оған Түркияның Сирия жеріндегі операцияны тоқтатуы себеп. АҚШ пре­зиденті Дональд Трампты бұл жағ­дай қуантпай қоймады. Тіпті Трамп Түркия басшысына операцияны тоқтату туралы шешім қа­былдағаны үшін алғыс білдіріп, Ердоғанды «өте жақсы көшбасшы» деп танитынын айтты. Алайда Ердоғанның соңғы мәлімдемесінен кейін Ақ үй басшысы әзірге үн қатпады. Дегенмен Вашингтон бұл мәселені ресми жауапсыз қалдыр­ған жоқ. Пентагон басшысы Марк Эспер Анкараның мұндай жоспары жайлы газеттен оқып-білгенін, алдағы уақытта бұл мәселені түрік әріптестерімен бірге талқылайты­нын мәлімдеді. «Бұл мәселе (Инджирлик базасының жабылу ықти­малдығы) бұған дейін біздің алдымыздан шыққан жоқ. Мұндай жағдайдың орын алуы мүмкін еке­нін газеттен ғана білдім, сон­дық­тан әуелі Түркияның қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріммен тілдесіп, істің ақ-қарасына көз жет­кізуім керек», – деді Марк Эспер. Сондай-ақ Эспер бұл мәселені НАТО Анкарамен бірге талқылауы қа­жет екенін де тілге тиек ете кетті.

Халықаралық саяси сарап­шы­лардың айтуынша, аталған әскери базалар АҚШ үшін де, Түркия үшін де аса маңызды. Егер Инджирлик базасы жабылса, Түркия мен НАТО арасындағы байланыстың үзілуі бек мүмкін. Бұл байланыс қазірдің өзінде қыл үстінде тұр. Ал әскери сарапшылар Инджирлик сынды авиабаза Иранға қарсы әскери операция кезінде ғана ыңғайлы болуы мүмкін екенін айтады. Таяу Шығыстағы әскери әрекетті жүзеге асыру үшін Америкаға Парсы шығанағындағы авиабаза да жеткілікті. АҚШ Инджирлик базасынан қол үзсе Иранмен соғыс бол­ған жағдайда ғана мүмкіндік­тері шектеулі болмақ. Одан өзге АҚШ-қа келер залал жоқ. Ал егер Иран мен АҚШ арасында қарулы қақ­тығыс орын алса, Анкара Ва­шингтонға қолдау көрсетері сөзсіз. Ан­кара қолдау көрсетсе, АҚШ кет­кен ізімен қайта оралады. Инджирлик базасы жайында айта кететін тағы бір жайт бар. Бейресми дерек­көзіне сенсек, мұнда АҚШ-тың ядролық қаруы орнатылған.  Бірақ қазір қарудың сол базада қалған-қалмағаны жөнінде нақты дерек жоқ. Бұл қару Түркия жеріне НАТО-ның «Ядролық алмасу» (Nuclear sharing) бағдарламасы шеңберінде жеткізілген. Қазіргі уақытта бағдарлама аясындағы ядролық қару тек АҚШ-қа ғана тиесілі. Алайда олар Түркия, Бельгия, Германия, Италия және Нидерландтар аумағына орнатылған. Дегенмен бұл мемлекеттердің ядролық қаруды өз бетінше қол­дануға құқығы жоқ. Өйткені оны пайдалануға мүмкіндік беретін код АҚШ-тың қолында. Ядролық бом­баны америкалық әскери қыз­мет­керлер бақылайды және күзетеді.

Ал Кюреджиктегі радиолока­ция­лық станса НАТО үшін аса маңызды. Егер Түркия америкалық­тардың Кюреджиктен кетуін талап етсе, НАТО-ға мұндай стансаны ал­мастыратын база табу оңайға соқ­пайтынын айтады. Айта кетейік, бұл станса Түркия жеріне 2012 жылы орнатылған болатын. Мұн­дағы радар арқылы Иран тара­пының әуекеңістігін бақылап отыру­ға мүмкіндік жасалған.

Back to top button