13 Желтоқсан, 10:20 545 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

«Екібастұз-2» электр стансасын сатып алдық

Сурет дереккөзден алынды
Сурет дереккөзден алынды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ресейлік «Интер РАО» энергетикалық компаниясынан «Екібастұз-2» электр стансасының 50 пайыз акциясын са­тып алды.

Осылайша, маңызды электрэнергия активі толығымен Қазақстан Республикасының бақылауына өтті. Бұл туралы брифинг барысында «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев мәлім­де­ді.

– Ресей тарапы меншігіндегі акциясын 50 млн долларға бағалап, саудаға салды. Біз келіссөз нәтижесінде бір мәмілеге келіп, ресейліктер үлесін 25 млн долларға сатып алдық. Барлық құжатқа қол қойылды. Бұл активтердің арқасында «Екібастұз-2» стансасында үшінші энергоблогтың құрылысын аяқтауға мүмкіндік туды. Елбасының өзі тікелей тапсырған жобаны жүзеге асыруға Энергетика министрлігі де атсалысады, – деді Алмасадам Сатқалиев.

Жалпы, «Самұрық-Энерго» мен «Интер РАО» компанияларына қарасты Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорны 2005 жылы құрылған. Енді Қазақстан Үкіметі стансаны кеңейтуге кірісіп, қайта құру шеңберінде қуаттылығы 636 МВт-ты құрайтын үшін­ші энергоблокты орнатады. Бұл жоба Қазақ­станның электр энергиясына деген күннен-күнге өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.

2009 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы келісім аясында «Екібастұз МАСЭС-2 №3 энергоблогының құрылысы» жобасы іске қосылған еді. 2010 жылы тиісті сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Осының негізінде «Екі­­бастұз мемлекеттік аудандық электр стан­сасы» компаниясының 50 пайыз үлесін сатып алуға шешім қабылданды.

Стансаны толық бақылау еліміздің энер­гетикалық тәуелсіздігін күшейтуге әсер етеді. Қазіргі таңда Қазақстан қосым­ша электр қуатына мұқтаж. Ұлттық экономиканың дамуына энергетика саласының ықпалы зор.

Айта кетейік, «Екібастұз-2» стансасы­ның мұржасы – әлемдегі ең ұзын түтін шы­ғаратын құбыр. Оның биіктігі – 419,7 метр. Ал кешеннің бір өзі Байқоңыр сияқты ірі ғарыш айлағы мен өзге де стратегиялық ма­ңызды нысандарды қамтамасыз етуге қауқарлы. Мамандардың болжамына сен­сек, Екібастұздағы көмірдің жалпы гео­логиялық қоры – шамамен 10 млрд тонна.

aikyn.kz

Соңғы жаңалықтар