7 Желтоқсан, 10:35 378 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

«Дипломмен – ауылға» барып, қарызға батты

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауыл-аймаққа аттанған жас мамандар баспана сатып алу мен үй салу үшін берілген несиені қайтармай жүр. Бір ғана Жамбыл облысында бағдарлама шартына бағынбай, несиесін өтеу­ден жалтарып жүргендердің саны алты жүзден асып кеткен. Жүзден астам маман бағдарлама бойынша тиісті несиесін алғанымен, ауылдарда жұмыс істеп жүрген жоқ.

«Диплом­мен – ауылға» бағ­дарламасы қабылданған 2009 жыл­дан бері әлеуметтік жәр­дема­қыны айтпағанда, 5 мил­лиард 1 миллион теңге тек бас­пана алу үшін бөлініпті. Соның ар­қасында өңірдегі 1 586 жас маман тұрғын үймен қамтылған. Оларға мемле­кет тарапынан бағдарлама шарты бойынша 100 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде бір­жолғы көтерме жәрдемақы да бе­рілді. Сонымен қатар қажетті­лігіне қарай тұрғын үй сатып алу немесе салуға 0,01 пайызбен 15 жылға 1 500 АЕК көлемінде же­ңіл­де­тілген бюд­жеттік несие тү­рінде әлеуметтік қолдау шара­ла­рын көрсетті. Бірақ осы бағдарла­маның арқасында бір реттік көтерме жәрдемақы мен баспа­наға қол жеткізген жоғары білімді жас мамандардың дені бүгінде үй алуға берілген несие қаржыны шарт бойынша мемлекетке қайтару ниетін ұмытқандай. Оған аталған бағдарлама шартын орындамай, алған несиесін өтеу­ден жалтарып жүрген бір кездегі жас мамандардың саны бүгінде 627 адамды құрауы дәлел. Қай­тарылмаған қарыздың көлемі 106 миллион 385 мың 600 теңге болса, өсімпұл көлемі 44 мил­лион 17 мың 700 теңгеге жетіпті. Екін­шіден, мемлекет тарапынан жас­тарды ынталандыру мақ­сатында әлеуметтік қолдау шараларының қызығын көрген 1 786 маманның бүгінде 1 647-сі ғана нақты ауыл­дық жерде жұ­мыс істеп жатқан көрінеді. Ауыл­ды түлетеді деп сенім арт­қан жастарымыздың жайы – осы... Жастардың мем­лекетке құятын төлем қаржысы ай сайын 10-15 мың теңге көле­мінде ғана. Облыс әкімдігі эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының бас­шысы Гүл­дана Жауынбекованың айтуынша, ауылдық елді мекен­дерге жұмыс істеуге және тұруға ниеттенген денсаулық сақтау, білім беру, ­әлеу­меттік қамсыз­дандыру, мә­дениет, спорт және агроөнер­кәсіп кешені сала­сындағы ма­мандарға әлеуметтік қолдау шаралары әлі де көрсетіліп ке­ле­ді. Бұл үшін бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап ұлғаюда.

– Жастарға 2017 жылы 800 миллион теңгеден аса тұрғын үйге жеңілдетілген несие, 71,8 мил­лион теңге көтерме жәрдемақы бөлінсе, ағымдағы жылы несие көлемі 1 миллиард теңгеге жуық­тады және 104 миллион теңгеден аса көтерме жәрдемақы бөлінді. Аудандар бөлінісінде 2017-2019 жылдар аралығында республи­калық бюджеттен 2 686,2 миллион теңгеге 767 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілсе, жер­гілікті бюджет есебінен 1 390 ма­ман 245,1 миллион теңге көле­мін­де біржолғы көтерме жәрдемақы алды. Ағымдағы жылы 666 маман­ға 126,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы және 256 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беруге 969,6 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша мәселенің туындауына бөлінген қаржының толық қажеттілікті өтей алмауы себеп болуда. Ол үшін облыс әкімдігі тарапынан биылғы республикалық бюджетті нақтылауға Ұлттық экономика министрлігіне қосымша 227 маманға 859,8 миллион теңге бөлуге бюджеттік өтінім жолдан­ды. Алайда тиісті қаражат бөлін­бей, мәселе шешімін таппады. Екіншіден, жоба іске асырыл­ғаннан бастап ауылдық елді мекенге жолдама алып, баспа­намен қамтылған 1 786 маманның 640-ы осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін алған несиелерін мерзімінде өтемей, борышкер болып тір­келіп, берешек сомасы 116,5 мил­лион теңгені, өсімпұл сомасы 60,9 миллион теңгені құрап отыр. Жобаны іске асыру бойынша сенімгер агенті «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы болғанымен, облыстық экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқармасы және аудандық әкімдіктер тара­пынан осы берешек қарыздарды өндіру бойынша жұмыс жүр­гізуде. Қазір 109 борышкерден 11,4 мил­лион теңге өндірілді, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.

Ал қарызды өндіру мақса­тында соттың қарауына 122 ма­ман­нан жалпы 188,2 миллион теңге өндіру бойынша талап-арыз беріліпті. Борышкерлер санын азайту мақсатында «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» мен Алматы облысының тәжірибесінің негізінде негізгі борыш сомасы толық өтелген жағдайда өсімпұл сомасын есеп­тен шығару туралы акция өткізу ұсынылып отыр екен. Жергілікті атқарушы органдар борышын басқарудың тиімділігіне жүргі­зілген мемлекеттік аудиттің қо­рытындысы бойынша тексеру ко­миссиясының мүшесі Бауыр­жан Жолымбетов борышкерлердің бюджеттік несие бойынша негізгі қарызды да, өсімпұлды да уақы­тылы төлеуі жөнінде сенім біл­дірілген ұйым өкілі және аудан әкімдігі тарапынан жеткілікті деңгейде жұмыс атқарылма­ған­дықтан, мәселе осылай ушығып отырғанын айтады. Бағдарлама аясында баспана алып, оны өтеу­ден жалтарып жүргендер тізімінде Мойынұм, Сарысу, Шу, Талас аудандары көш бастап тұр. Мойынқұмда 206 адамның 112-сі, Сарысуда 216 маманның 102-сі, Шуда 217 маманнан 93 адам, Та­лас ауданында 122 маманның ішін­де 78 борышкер мемлекетке қарыз. Осылай оңай олжаға ке­нел­гісі келетіндер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы қолдауға ие болғандар арасында жоқ деп кім айта алады? Себебі осы бағдарлама арқылы ауылға барған жастар әке-шешесінің атындағы үйді өз атына «сатып алды» есебінен аударып алған, үйдің құнын жоғары бағада көрсеткен жайттар болған. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолда­уында негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадр­лардың тапшылығында болып тұрғанын атап көрсетіп, «Дип­ломмен – ауылға» бағдарла­ма­сының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржы­лан­ды­руды 20 миллиард теңгеге жеткі­зуді тапсырған болатын. Осы мақ­сатта облыс тарапынан Ұлт­тық эко­номика министрлігіне 2020 жыл­ға – 444 маманға 1,7 мил­лиард теңгеге, 2021 жылға – 472 маман­ға 1,9 миллиард теңгеге, 2022 жыл­­ға – 512 маманға 2,2 милиард тең­геге бюджеттік өтінім жолданып та қойды. Енді осы бағдарламаға қатысушы жастар үшін заңнама тұрғысынан қаталдық танытып, бақылануы керек-ау.

aikyn.kz

Соңғы жаңалықтар