«Түркі жазуы күнін» белгілеу ұсынылды

«Түркі жазуы күнін» белгілеу ұсынылды

«Түркі жазуы күнін» белгілеу ұсынылды
ашық дереккөзі
1893 жыл 25 қараша. Бұл – төрүк руника жазуының [піші­гінің] жұмбақ сыры ашылған тарихи маңызды дата. Осы мәдени оқиғаға байланысты Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына орайластырып Алматыда Шет тілдер және іскерлік карьерасы университеті, Күл­тегін ғылыми-зерттеу институтының ұйытқы болуымен ғылыми кон­ференция өтті. Жиынға «ҰЛЫ БОДУН» тарихы, мәдениеті мен дәстүрін зерттеу ұйымы өкілдері, тарихшылар мен тіл мамандары қатысты.  Бұдан 126 жыл бұрын дат ғалымы Виль­гельм Томсен (1842–1927) Дания Ғылым академиясының кезектен тыс мә­жілісінде Моңғолияның Орқұн өзені бойынан табылған тасбітікке бәдізделген жұмбақ жазудың сырын ашып, дешифровкасын жасады. Бір ғажабы, ғалымның мағынасын анықтап, алғашқы оқығаны  [Тәңірі], одан кейінгі  [Төрүк] сөзі екені таңғалдырады. Ғылыми ортада «фин-угор» герман жазуы деп сан-саққа жү­гіртіп, пікірталас туғызған даулы мә­селеге Вильгельм Томсен нүкте қойды. Осы ашқан жаңалығы арқылы ол бір кеште әлемге әйгілі ғалым, танымал тұлғаға ай­налды. Вильгельм Томсен Күлтегінге қойыл­ған тасбітік ұстынды тұңғыш оқу ар­қылы төрүк тілінің төлтума жазуы мен өркениетін мұқым адамзат қоғамына жария етті. Төрүктану ғылымының қалыптасуы Вильгельм Томсеннің төрүк руникасының сырын ашқан еңбегінен бастау алады. Адамзат мәдениетінде Вильгельм Томсен есімі атала қалса, төрүк жазуы мен өрке­ние­тін қайтадан жаңғыртқан ғылыми ер­лігі көпшіліктің көкейінде тұра қалуы заңдылық. Ендеше, біздің рухани мәдение­тімізде ерек орын алатын дат ғалымының есімін ұлықтап, оның еңбегін ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған іс-шаралар ұйым­дастырылуы тиіс. Әсіресе, «қазақтың төлтума жазу мәдениеті, тарихы жоқ» деп байбалам салып, жалған атаққұмарлықпен айналысып жүргендердің көзін ашып, көкірегін ояту үшін «Төрүк жазуы күнін» атап өтудің мән-маңызы зор. Ғылыми кон­ференцияда осындай ой айтқан ға­лымдар  25 қарашаны елімізде «Төрүк жазуы күні» ретінде ресми бекітуді ұсын­ды.